Теректі ауданының Ақжайық ауылында Сейфуллин көшесі бар. Сол көшенің 16 үйінде берекелі Джуршешевтер отбасы тұрады.
Отағасы Тоқсейіт – кезіндегі әмбебеп механизатор және құрылысшы. Қазіргі құтты мекені болып отырған үйді де ұлы Аянды ілестіре жүріп, өздері салып алған. Денсаулығы сыр беріп, үйде отырып қалғанымен, шеге-балғасы қолында.
«Әке көрген оқ жонар» деген. Әкесінің ісмерлігі ұлына үлгі. Аула қоршауына жел бағытын көрсететін ұшақ ілген әкесінің бастамасын әрі қарай іліп әкеткен Аян ауласына субұрқақ орнатып алды.
Әшейінде үйде керекті затты өз қолымен жасап жүрген ол субұрқақ салуға көп шығын да шығармаған. Оған негіз болған мүсін – ауылдасы қажетсіз деп шығарып тастаған, бір-екілі жырық-кетігі бар бұйым. Мүсінді желімдеп, сыртын әрлеп алған соң Аян іске кірісті. Жұмыстан бос уақытында қолда бармен жинастырған субұрқақ осыдан бір аптадай бұрын іске қосылды.
Жаздың күні Аянның анасы Айгүл айналдыра гүл егіп, әкесі Тоқсейіт баптаған жеміс ағаштары мәуелеген кезде, бұл жер жұмақтай болып шыға келері анық.
Ауланың сәні, ауылға таңсық субұрқақты көрші-көлем тамашалайды. Тап осындай құрылысты өз ауласына саламын деп қызығушылар да бар.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz