29.03.2021, 9:23
Оқылды: 165

144 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Өткен аптада облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жағдайы және «Аqjaiyq «ӘКК» АҚ арқылы инвесторларға жер беру мәселесі жөнінде селекторлық кеңес өтті.

 Жер3

Қазіргі таңда ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша комиссия жұмысын бастады. Мемлекет басшысы "Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ, Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін толыққанды экономикалық айналымға енгізудің өзге әдіс-тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Аграрлық секторға инвестиция тарту ауадай қажет" деген болатын. Осы мақсатта өңірімізде бірқатар жұмыстар жүргізілуде, - деді кеңесті ашқан облыс басшысы.

Жер2

2021 жылдың 31 желтоқсанында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жоятыны белгілі.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді және ұтымды пайдалану бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі шекаралас аймақта ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған ҚР азаматтарына беруге тыйым салды. Елді мекендердегі тұрғындардың мал бағуға қажеттілігі мемлекеттік мұқтажы санатына жатқызылып, жерлерді мәжбүрлеп алуға негіз болды, пайдаланылмай жатқан жерлерге базалық салық мөлшерін 10 еседен 20 есеге көбейту қарастырылды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін қашықтықтан зондтау әдісі заңдастырылып, оны тексеру және алып қою мерзімдері 3 жылдан 1 жылға қысқартылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың бірыңғай үлгі шарты бекітілді. Аталған шартқа сәйкес жерлерді тиімді пайдалану мақсатында мониторинг жүргізу тәртібі заңмен бекітілді.

Жер

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өміралиевтің айтуынша, мораторий мерзімі аяқталуына байланысты мемлекет басшысы жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін саяси шешім қабылдап, заң жобасын Мәжіліске жолдады. ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін 19 наурызда жер реформасы бойынша комиссия қайта құрылып, 80 адамнан тұратын құрамы бекітілді. Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссия құрамына облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев және «Белес Агро» ЖШС директоры М.Жәкібаев енгізілген. 25 наурызда жер комиссиясының алғашқы отырысы өткізіліп, проблемалық мәселелер көтеріліп, талқыланған.

     – 2019-2021 жылдар аралығында пайдаланылмай жатқан 1 млн 96 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталды. Оның ішінде 2021 жылы - 174 мың га (26.02.21 ж салыстырғанда 54,3 мың га ұлғайды). Анықталған жерлердің ішінен пайдаланушылар өз еркімен мемлекет меншігіне 144 мың га қайтарды. Қайтарылған жерлердің 55 мың га құрайтын жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.

Сондай-ақ, көлемі 561 мың га құрайтын жер учаскелерінің пайдаланушылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде олар өз жерін мақсатына сай игеруге кірісті.

Қазіргі таңда 391 мың га құрайтын жер учаскесі пайдаланылмаған күйі  қалып отыр. Осы бағытта жер иелерімен оны мақсатына сай игеру, игермеген жағдайда мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару бағытында түсіндіру, хаттамалар толтыру және ресми сайттарда тізімдерін жариялау жұмыстарын жүргізіле бермек. Пайдаланылмай жатқан жерлерге салықтың базалық мөлшерлемесін он есеге дейін арттыру мақсатында салық органдарына 2019-2020 жылдары көлемі 171 мың га құрайтын 139 жер учаскесінің материалдары жолданып, мөлшері 14 млн 433 мың теңгені құрайтын сома есептелді. Оның 10 млн 503 мың теңгесі төленген. Бөрлі ауданы бойынша 2500 га құрайтын жылдық бірыңғай жер салығының мөлшері 72 459 теңгені құраса (1 га – 28,98 теңге), 10 есеге ұлғайтқанда 724 590 теңгені 20 есеге 1 млн 449 180 теңгені құрайды, - деп атап өтті Мұрат Амангелдіұлы.

Жер1

2020 жылы облыс көлемінде 51 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 545 мың га құрайтын 674 жер учаскесіне жалдау құқығы табысталды.

Биылғы жылы бес конкурс өткізіліп, нәтижесінде 6,7 мың га құрайтын 10 жер учаскесі табысталған. Сондай-ақ, 244 мың га құрайтын 324 жер учаскесін табыстау бойынша 19 конкурс өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы және бос жатқан жер қорына түгендеу жүргізіп, пайдаланылмай жатқан жерлерді нақтылау бойынша  іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық аудан бойынша жұмыс топтары құрылған.

Биылдан бастап заңды негізде космомониторинг жүзеге асырылмақ. Бұл бағытта Qoldau.kz веб-порталын пайдалану үшін аудандық жер қатынастары бөлімдері тарапынан «Ақпараттық-есептеу орталығы» акционерлік қоғамымен шартқа отыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта тиісті мамандар космомониторинг деректерін пайдалану үшін рұқсат алу сатысында.

ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық кеңестің екінші отырысында жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық деген болатын. Осы бағытта облысымызда жерін  тиімді пайдаланып, өңіріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экономикалық дамуға үлесін қосып отырған агроқұрылымдар жетерлік. Сала мамандары егіс егіп отырған агроқұрылымдарға талдау жасаған.

– Бәйтерек, Бөрлі, Тасқала, Теректі аудандарының 21 агроқұрылымының  жалпы егіс көлемі 119,9 мың га құрайды. Алайда шаруашылығын әрі қарай дамытуға жер учаскелерінің болмауы әсер етуде. Мысалы, Бәйтерек ауданы бойынша «Авангард» ЖШС (21792 га егістігі бар) көлемі 2071 га жер учаскесін алатын болсақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес күздік, жаздық, майлы, мал азығы дақылдарын егіп отыр. Шаруашылығын дамытуға мүмкіншілігі бар. Ол үшін  қосымша 10 мың га жер қажет. Ал аталған жер учаскесіне көршілес А.Недопекинге табысталған 1044 га, Н.Умбетовке табысталған 338 га пайдаланылмай жатқан жер учаскелері геопорталдан анықталып отыр. Тасқала ауданы бойынша «Луч» ЖШС (4198 га егістігі бар) көлемі 3792 га жер учаскесіне күздік, жаздық, майлы, мал азығы дақылдарын егіп отыр, ал көршілес жатқан «Алан Плюс» ЖШС-не  табысталған 660 га жері пайдаланылмай бос жатыр. Теректі ауданы бойынша «Тұлпар-LTD» ЖШС (7443 га егістігі бар) көлемі 2008 га жер учаскесіне күздік, майлы дақылдарын егіп, пайдалануда. Оған қосымша екі мың га жер қажет. Ал көршілес М.Мұхамбеткалиев 167 га, А.Баймұқанов 1168 га, А.Бекенов 600 га егістік алқаптарын пайдаланбай отырғаны геопортал арқылы анықталып отыр. Сол себепті, жергілікті атқарушы және уәкілетті құрылымдар осы бағытта жер пайдаланушылармен тиісті жұмыс жүргізіп, жерлерін игермеген жағдайда мемлекет меншігіне өз еркімен қайтару жөнінде түсіндіру қажет, - деді Мұрат Өміралиев.

«AQJAIYQ» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Әлімжан Тохтасуновтың сөзінше, 2019 жылдан бастап, Орал қаласында «Көше саудасына 100 орын» бағдарламасы жүзеге асуда. Содан бері бірнеше аукцион өткізілген. 2019 жылы 12, 2020 жылы 23 жер учаскесі сатылған. Биыл ақпан айында өткен аукционда 14 жер телімі жарияланып, 7 жер телімі 10 421,5 мың теңгеге сатылыпты.

– 50 жер учаскесі «Көше саудасына арналған 100 орын» бағдарламасын іске асыруға бағытталды. Оның ішінде 42 жер учаскесі аукцион арқылы сатылып, 34 сауда павильоны орнатылды. Тағы 8 павильон мамыр айына дейін орнатылатын болады. Қазіргі күнде аталмыш бағдарлама аясында 12 кәсіпорын ашылып, 70 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін қосымша 50 жер учаскесін іске асыру, 10 жаңа кәсіпорын және 100 жаңа жұмыс орын ашу жоспарлануда, - деді өз баяндамасында Әлімжан Имтахунұлы.

Жер4

Ауыл шаруашылығы жерлеріне сұраныс жоғары екенін атап өткен облыс басшысы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтарып, айналымға енгізу үшін конкурстар ұйымдасыру қажеттігін айтты. Селекторлық кеңесті қорытындылаған облыс әкімі  Ғали Нәжімеденұлы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді дер кезінде анықтау, соның ішінде Qoldau.kz веб-порталы арқылы космомониторинг жүргізу, жер пайдаланушыларға түсіндіру жұмыстарын өткізіп, шаралар қабылдауды қала және аудан әкімдеріне тапсырды.

 

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале