4.11.2026, 14:45
Оқылды: 12

«Атамекен» би керуені: Ақжайықтан – Астанаға!

Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» камералық залында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының «Атамекен» ерлер би ансамблінің «Би керуені» атты концерті өтті.

IMG_9214

Мекеме директоры Бауыржан Ергенұлының ұсынысымен Батыс аймақта тұңғыш рет ерлерден құралған би өнерін кәсіби деңгейде насихаттап жүрген «Атамекен» ерлер би ансамблі көрерменге мазмұнды да әсерлі кеш сыйлады.

IMG_9224

Ансамбль әр шығармаға қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, өр рухы мен дара мінезін би тілімен бейнелей отырып, әлем халықтарының би мәдениетін де шебер ұштастырды.

IMG_9217

Концертте мекеме басшысы Бауыржан Ергенұлы астаналық өнерсүйер ағайынға «қош келдіңіз!» айтты.

IMG_9225

Кештің көркемдік келбетін филармония әртістерінің өнері толықтыра түсті. Сахна төрінде әуелеген ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би бір арнаға тоғысып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

IMG_9216

Жетекшісі – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Сұлтан Даутов бастаған өнер ұжымы елорда жұртшылығына Ақжайықтың өнер өрісін танытып, ұлттық мәдениеттің мерейін асқақтатты.

IMG_9226

Ақ Жайықтың өнерпаздарына елорда төрінде қошемет көрсеткен көрерменнің ықыласы ерекше болды.

IMG_9227

Кеш соңында Роза Бағланова атындағы «QAZAQCONCERT» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Әбдуалиев Бауыржан Ергенұлы бастаған филармония ұжымына және бүгінгі кештің көркін келтірген «Атамекен» ерлер би ансамбліне ақжарма тілегін арнады.

IMG_9228

Сонымен қатар, өнер кешінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін ерекше атап өтті. «Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясы ұжымының Астанадағы концерттері – бір ғана өнер ұжымының гастрольдік сапары емес, тұтас Батыс өңірінің мәдениет күндері өтіп жатқандай әсер қалдырды», – деп жоғары бағасын беріп, өнерпаздарға шығармашылық шабыт, толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.

 

Айжан Бауыржанқызы,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

IMG_9230  IMG_9229

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале