Өмір жолында мидай араласып, тым етене болып кетпегеніңмен, әңгіме-дүкенің жарасып, өзара сыйласып, ерекше құрметтейтін жандар болады. Кейінгі жылдары өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуым, ат үстінде жүрген біраз азаматтармен жақынырақ таныс-біліс болуыма мүмкіндік берді.
Сондай игі-жақсылардың бірі – Марат Тоғжанов. Бәлкім, екеуара жақындығымызға ағамыздың негізгі мамандығының тарихшы болғаны да әсер еткен шығар. Қанша дегенмен адамның болмысына оның алғашқы кәсіби білімі әсер етпей қоймайтыны белгілі.
Осы жылдар ішінде менің байқағаным – саналы ғұмырын ел басқару ісіне арнаған, мемлекеттік қызметтің қазанында әбден қайнаған, биліктің биік баспалдақтарында жүрген азаматтың көп ешкімге жалтақтай бермейтін жүректілігі, не нәрсені де ірі турайтын мәрттігі, қандай мәселеде де тура айтатын тік мінезі, жұрттың көңіліне көп қарай бермейтін турашылдығы. Кей кездерде қызуқанды, өр, бірбеткей көрінетін ағамыздың өмірдің енді бір сәттерінде сондай сыпайы, жаймашуақ, кішіпейіл көрініп, әзіл-қалжыңымен айналасын баурап алатыны бар. Бұған неге ерекше мән беріп отырмын? Аздаған өмірлік тәжірибемнен байқағаным, шыр көбелек айнала ұшқан құсты ең мерген деген аңшының өзі бірден атып түсіре алмайтыны сияқты, осындай мінез-құлыққа ие тұлғалар да өзгелерге бірден сырын бермейтін нағыз сырттан тәрізді. Сондықтан болар ондай жандар көп жағдайда айналасына жұмбақ күйінде, түсініксіз болып қала береді. Бір назар аударарлығы – жұртшылықтың мұндай тұлғаларға назары еш кемімейді. Бұл – менің жеке пайымым.
Батыс Қазақстан облыстық ономастикалық комиссиясына ширек ғасырға жуық мүше болып, осы бір қоғамдық жұмысты биылғы оқу жылында өз ықтиярыммен тапсырған едім. Осы жылдар ішінде аталған мәселеде азды-көпті тәжірибе жинадық. Өңір ономастикасы хақында ірілі-ұсақты он шақты мақала жаздық.
Саясатты сыртынан емес ішінен көрдік. Бұл жерде көп мәселенің ашық айтыла бермейтінін ұққандай болдық. Әр нәрсеге мұқият болу керек екеніне үйрендік. Бірде кезекті отырысты Марат Лұқпанұлы жүргізіп отырды. Ол кездегі лауазымы – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары-тұғын.
Мен шығармашылық адамы ретінде қызды-қыздымен өңіріміздегі жер-су атаулары жөнінде көсіліңкіреп сөйлеп, қала іргесіндегі көптеген елді мекендердің атауын түгелімен, түбірімен өзгерту керек екеніне екпін бердім. Мені бастан-аяқ мұқият тыңдап отырған ағамыз әккі саясаткердің тәсіліне салып, «Жәке, бұл мәселе төңірегінде сен ғана тереңірек білесің де, басқамыз көп біліңкіремейді екенбіз» деп әңгіменің ауанын әзілге бұрды.
Иә, бәрі түсінікті болды. Осындайда атам қазақтың «Ымға түсінген, мыңға түсінеді» деген нақылы еске түседі. Ел ісі, мемлекет ісі деген оңай шаруа емес. Ол – майдан қыл суырғандай өте нәзік жұмыс. Оның тіні көзге көп көріне бермейді.
Қанша мықты болсаң да, саясаттың аты – саясат. Оның өз ережелері мен заңдары бар. Ол жерде ақкөздіктен көп пайда жоқ. Саяси тайыздық «Арыстан айға шауып, мерт болыпты» дегеннің кері.
Әңгіме төркіні ономастикаға ауысқанда мына нәрсе ойға оралады. Қазіргі кезде сол кісі басқарып отырған Бәйтерек ауданы – өлкеміздегі жер-су атаулары әбден алашұбарланған өңір. Бүгінгі таңда еліміз бойынша бұл мәселе әлі күнге өткір күйінде тұр. Осы ретте Марат ағамыздың өзіме ұнайтын тағы бір ерекше қасиеті – әрбір елді мекеннің атауының тарихи негізіне кәнігі кәсіби тарихшылардай оның мәнін әбден сараптайтыны. Қолда бар тарихи деректер мен көне карталарды алдына жайып қойып және соны қарауындағы ауыл әкімдерінен де талап етіп, қай мәселеге де өте жіті қарайтыны.
Туған жер тарихына алаңдаған азамат аталмыш мәселеде тарихшылармен өзі сағаттап сөйлессе, округ әкімдерінің арасында «бізде кішігірім тарихшыға айналдық» деп әзілдейтіндері бар. Бұдан шығатын түйін: ел ісі, мемлекет ісі деген еріккеннің ермегі емес. Бұл – өте үлкен жауапты дүние.
Иә, соңғы жылдары облысымыздағы әкімдер корпусының жасара бастағаны белгілі. Бұл – өмір заңы. Осы ретте өмірлік әрі қоғамдық-саяси бай тәжірибесі бар кесек тұлға – солардың арасындағы бейне бір абадан сияқты.
Өзінің «тарихшы» деген мамандығын саяси мансабымен шебер ұштастырып, ұлтқа қызмет етіп жүрген, өкшесін басқан інілеріне орайына қарай ілтипат көрсетуді әсте ұмытпайтын сыйлас ағамызды 60 жастық мерейтойымен шын көңілімнен құттықтаймын!
Алпысқа келсе де, аттан түспеген, салауатты өмір салтын өміріне серік еткен, сыптай һәм ер мінезді азаматқа Алла Тағала күш-қуат берсін! Отбасыңыз бен еңбегіңіздің қызығына кенеле беріңіз!
Жаңабек Жақсығалиев,
Орал қаласы