27.03.2024, 10:15
Оқылды: 153

Абыройы асқақ Асқат

Aсқат Маемиров – бүгінде тек Ақ Жайықтың мақтанышы ғана емес, театр саласында күллі елімізге танымал тұлғалардың бірі. Біз 1991-1995 жылдары М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде біріміз тарих, екіншіміз қазақ филологиясы факультетінде бірге оқыған едік.

11b5ddaa-f786-45fd-9e7f-072177a557eb

Сұңғақ бойлы, жұқалтаңдау келген сидаң жігіттің бала махаббаты, өзі туыпөскен Абай ауылының сұлуы Нұргүл екеуінің (1-курстан кейін шет тілі факультетіне түскен ғашығы, қазіргі жұбайы, балаларының анасы) сол бір студенттік жылдарда бір-бірінен айырылмастай құшақтасып жүрген бейнесі әлі көз алдымда.

Сол жылдары студенттер арасында ақындар айтысы өзіміздің универдің акт залында дүркіреп өтіп жататын-ды. Бір топ пен бір курста оқыған өңкей мықтылар Асқат Маемиров, Жібек Бұлтанова, Назгүл Каримова, Ертай Бимұқанов, Қазбек Әлмұқанов, Нұрлан Қосымбаев және т. б. өнерлері біздің замандастардың есінен әлі шыға қоймаған болар.

Бір қызығы, сол уақыттағы студенттердің айтысқа деген  қызығушылығы орасан зор, тіпті ерекше төтен болатын. Кейін осы шоғырдың ішінен республикалық сахналарда өнер көрсеткен небір майталмандар шықты және қазірде олардың еш осалы жоқ.

Асақаңмен студенттік жылдарда сәлем-сауқатымыз түзу болғанымен, анабір тонның ішкі бауындай араласып кете қоймадық. Ол студенттік жылдарда отбасын ерте құрып, үлкен өмірге ерте араласты. Сәбилері дүниеге келді.

Менің  есімде жақсы сақталған жайттардың бірі төмендегідей. 1995 жылы университетті тәмамдап, сол жылы жазда Алтынай екеуміз шаңырақ көтеріп, ауылдан Оралға жұмысқа келе жатқанымызда (мен Қаратөбенің Саралжынынан, ол Сырым ауданының Абайынан (қазіргі Шағырлой) болатынбыз) жолдан Асқат пен Нұргүл біз келе жатқан автобусқа отырып, қалаға жеткенше арқа-жарқа әңгімелескен едік.

Біздің бір-бірімізбен аралас-құраластығымыз осыдан кейін тереңдей түсті. Кейін ол театр саласына ауысты. Соның оқуын оқып, сол салаға тереңдей енді. Сол жылдары негізгі жұмысынан бөлек, Орал қаласында толассыз өтіп жататын әртүрлі мәдени кештерді жүргізіп, облыстық һәм республикалық сахналарда көркемсөз оқуда көзге түскен жас талант – оралдық өнерпаздардың арасынан ойып тұрып орын алды. Мұның сыртында той-топырларда тамада болған жас жігіт өзінің алға қойған мақсатына жету жолында бір тыным таппады. Қым-қуыт шаруаларының арасынан уақыт тауып, ағылшын тілін үйренуге білек сыбана кірісті. Түн ұйқысын төрт бөліп, өзінің айтуы бойынша, түнгілік той басқарып келгеннен кейін сөздікпен тұрақты жұмыс жасап, күн сайын 5-10 сөзден жаттаған-ды.

Қияға көзін қадаған жігерлі жас «орда бұзар отыздың» жуан ортасында осылай Францияға «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсті. Кәрі Парижде білімін шыңдап жүріп, елге демалысқа бір келгенінде жан-жары Нұргүл тәржімашы болып, екі шәкіртімен бірге мұхит асып, «шаттық ордасы», «бақыт мекені» саналатын Америкаға жолы түсіп, қойылым қойып келгені санамнан әлі өше қойған жоқ. Сол сапардан келгеннен кейін Асқат шәкірттерін жұбайларымен бірге үйіне қонаққа шақырды. Сол дастарқанда оралдық жас сахна саңлақтары мен белгілі әнші Марат Сарбөпеев бәріміз дәмдес болған едік. Сол сияқты ортағасырлық Теке шаһарының төрінде 25, 30-ға толған алғашқы мерей жастарымызды тойлағанымыз –  ұмытылмас  күндеріміздің  бірі.

Қазақ «Атадан алтау туады, ішінде біреу Абадан туады» дейді. Асақаңдар бір қап, бір саптан 10 бала: 5 ұл, 5 қыз. Қазақтың «сан сапаға жеткізеді» деген қанатты сөзі бекерден-бекер айтылмаған. Қалай болғанда да, ол сол кішкентай Абай ауылынан қанат қағып, қазіргідей дәрежеге жетті. Осы орайда тағы бір есіме түсіп тұрған нәрсе – сол жылдардағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының директоры Ғалия Әбдешқызы облыстық мәслихатқа депутаттыққа түсіп, Қаратөбе – Сырым аудандарының кейбір елді мекендерінде халықпен емен-жарқын кездесулерде болғанымыз бар.

Білім саласына бір кісідей еңбегі сіңген Ғалия Сенғалиева апамызды қолдаушы топтың ішінде өңіріміздің мақтанышы Шолпан Қыдырниязова апамыз бастап, сол топтың ішінде Асқат екеуміз де жүріп, жеті ауылда жергілікті халықпен жүздескен едік. Оралда жүргенде жұртшылықтың назарын өзіне аударып, оның есімін батысқазақстандық өнерсүйер қауымға кеңінен танымал еткен туындысы «Қараторғай» туралы осыған дейін де аз жазылған жоқ.

Иә, айта берсек Асқаттың жалынды жастық шағы өткен Ақ Жайық топырағында қалған айшықты іздері мен тартымды естеліктері жетіп артылады.  Қалай болғанда да, ол табиғатынан көпшіл, халықшыл, қоғамшыл өнерпаз екенін қалың қарашаға ерте байқатты. Соның нәтижесінде қанатын кеңге жайған жас қыран биіктерге ұмтылып, еліміздің ірі мәдени орталықтары Алматы – Астанаға жол тартты.

Дарынды жасты арманы алдамаған еді. Көп ұзамай-ақ есімі елге кеңінен танымал болған азамат топ жарып, оның атақ-даңқы мен жеткен жетістіктері туралы әңгімелер желдей есіп жатты. Биікті бағындыруға ұмтылған жігерлі, ыждағатты, жаңашыл, кез келген ортаға тез сіңетін жан лауазым, мансап мәселесінде де сарылып, кезек күтіп ұзақ отырмады. Жолы жеңіл болды. Ол талай театрлар мен өнер институтының тізгінін ұстады. «Биікке қалықтап қыран да шығады, жорғалап жылан да шығады» деген тәмсіл бар. Ол қалықтап шықты. Қай қызметті де, қай саланы да ұршықша иіріп, тез игеріп әкетті. Халқымыз «елу – ердің жасы», «Елуде – ел ағасы» дейді.

Бұл – тектен-тек айтыла салған сөз емес. Бұл – ер жігіттің толысып, кемеліне келген жасы. Бұл – ер жігіттің өткен өмірінен сабақ алып, болашақты қиядан шолатын жасы. Түйіп айтқанда, осы жасқа Асақаң асқар таудай абыроймен жетті. Қандай жетістікке жетсе де, ол ешкімнен ештеңені тартып алған жоқ. Ол бүгінгі биігіне өзінің  табанақы,  маңдай терімен келді.

Жалпы табиғатынан мейірімді, қолынан келгенше адамға жақсылық жасауға асығып тұратын, аудиториясы кең, ақеділ азамат замандастарына, ағаларына, шәкірттеріне, өмір мен өнердегі достарына әлеуметтік желіде көл-көсір, ағыл-тегіл  тілектерін ағытып жатады.

Меніңше, бұл оның жан сарайының тазалығын, сұлулығын, кісілік қасиеттерін паш етеді. Шындыққа тура қарасақ, мұндай ізгілік көп адамдарда кездесе бермейді. Осындайда Әбіш Кекілбаевтың «Басына бақ қонған азаматтың мойын омыртқасын ішіне екі елі тығып жүргені дұрыс» деген даналық сөзі еске түседі. Осы орайда тағы бір назар аударарлық нәрсе, Астана мен Алматыда қандай қызметте жүрсе де, Оралға келген іссапарларында міндетті түрде қойылымдарына оралдық азаматтарды һәм достарын шақырып, отбасындағы әртүрлі жақсылықтарға  орай (қазақы дәстүрмен Құран оқытып, Құдай жолын беру, немересінің шілдеханасы, анасының мерейтойлары т. б.) дастарқан жайып, өзінің алыста жүргенін жерлестеріне байқатпайтын қырағылығы да бар.

Атам қазақ «Құдай берсе, құлай береді» дейді. Шығармашылық өмірінде хас тұлпарша қамшы салдырмай арындаған айбоз азамат жеке өмірінде де бақытты. Балаларына сүйікті әке. Үлгілі отағасы. Немерелеріне қадірлі ата.

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы аяулы арулардың бейнесін көз алдыңа әкелетін биязы, ибалы, инабатты һәм мінезге бай сүйген жары Нұргүл екеуінің «балдан тәтті ұлдары» мен «жаннан тәтті немерелері», Құдайға шүкір, өсіп-өніп жатыр! Қазақы қисынға салсақ, «Бала мен немере – иманың, абырой мен бедел – жиғаның». Тәубе! Бүгінгі мерейтойың құтты болсын, Асқат дос! Ердің жасы – екі елу! Ғұмырың ұзақ, туған халқыңа бергеніңнен берерің көп болғай!

 

Жаңабек Жақсығалиев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале