5.03.2024, 10:45
Оқылды: 67

«Ақсақалдар кеңесі тәуелсіз ұстанымда болуы керек»

Бүгіндері қоғамда түрлі өзекті әрі күрделі мәселелердің бар екені және кез келген уақытта туындайтыны белгілі. Кейбір түйіндерді тарқату кезінде көпті көрген көнекөз қарияларымыздың ақыл-кеңестері ауадай қажет болып жатады. Мұндайда БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің де атқарып жатқан істері мен қоғамдағы рөлін айтып, келешек ұрпаққа дәріптеген абзал.

совет аксакалов (1)

Жалпы ақсақалдар кеңесін түрлі мәселелердің алдымен себептеріне үңіліп, одан кейін шешімін іздеп, түсінісе алмаған тараптарды бір бәтуаға келтіретін қоғамдық ұйым деуге болады. Тарихы ертеден басталатын мұндай кеңес өңірлердегі, ауыл-аймақтағы адамдардың тұрмыстық, шаруашылық қажеттіліктеріне орай кез келген уақытта өткізілген деседі. Ертеректе ақсақалдар мәдени, тұрмыстық, сауда қарым-қатынасы және жер-су меншіктеріне қатысты дауларды өз деңгейінде шешуге мұрындық болған. Қазіргі кезде де әр аймақтағы ақсақалдар кеңесі өзінің жұмысын тоқтатпай, қоғамның игілігіне қызмет атқарып келеді.

Қазіргі таңда өңірде жалпы ақсақалдар кеңесінің 1052 мүшесі бар. Ал облыс орталы­ғында 154 ақсақал болса, олардың арасында 46-сы тіркелген. Жалпы 1 облыстық, 5 қалалық, 12 аудандық, 141 ауылдық ақсақалдар кеңесі құрылған. Оған қоса 15 этномәдени бірлестік жанынан да кеңестер ашылған. Осы ретте облыстық ассамблеяның жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ҚР Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, облыстық қоғамдық медиация төрағасы Қайредден Жақсығұлов алдағы жұмыс жоспары мен осы құрылымның мән-маңызы туралы айтты.

– Облыстық ақсақалдар кеңесі төрағасының лауазымы өңір басшысының қоғамдық орынбасары деңгейінде екенін тілге тиек ете кеткен жөн.

Басты мақсат – жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету және патриоттық тәрбие беру. Негізінен өңір бойынша түрлі салада әкімдік тарапынан атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Мұны бірі білсе, бірі бейхабар. Соның ішінде білім, спорт, мәдениет салаларына жергілікті билік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау-көмек жайын облыс тұрғындарына түсіндіріп, көзсіз кінәлаулардың да алдын алуға себепші боп жатамыз. Бірінші кезекте атқарылған елеулі істердің салмағы мен бағасын білуіміз қажет. Кеңестің негізгі мақсаты да сол – азаматтарды қоғамдық келісім мен бірлік, татулық құндылықтары төңірегіне ұйыстыру, яғни кез келген күрмеулі мәселеде «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» шешім тауып, қос тарапты бітімге шақыру. Бұл бағыттағы жұмыстарды ешқашан тоқтатпаймыз. Өйткені мұндай істердің қоғам үшін, сондай-ақ мемлекеттің дамуы жолында айтарлықтай ықпалы бар. Жалпы осындай мақсат-мүддені негізге алып 2024 жылға арналған ауқымды жоспар құрдық, – деді ол.

Қайредден Қадырғалиұлының айтуынша, кеңес мүшелері облыс тұрғындарының түйткілді жағдайларымен танысу мақсатында қоғамдық қабылдауларды да ұйымдастырады. Онда айтылған мәселелерді сараптап, жергілікті билікке ұсыныс-тілектерін жеткізіп отыруға қашанда бейілді. Бұл жұмыстардың барлығын арнайы бекітілген үлгілік ережесі аясында жүзеге асырады. Облыстағы аталған кеңес мүшелері кей кезде медиация тәртібімен де жұмыс істейді екен. Осы бағытта өңірдегі аналар кеңесі, билер алқасы және облыстық ардагерлер кеңесімен (бөлек қоғамдық ұйым) бірлесе жұмыстанады. Сонымен қатар ұрпақ тәрбиесіне де барынша ден қойып, жастардың рухын көтеру, оларға ұлттық тәрбиені дәріптеу мақсатында да түрлі дәрістер өткізеді.

– Ұлттың келешегі – ұрпақ. Ақсақалдар кеңесі тек қана бір бағытта қызмет атқармайды. Біз бүгінгі жас буынның да дұрыс тәрбиеленуіне мән береміз. Сондай-ақ қоршаған ортаның, елдегі түрлі жағдайлардың жастардың санасына қалай ықпал етіп жатқанына зер салып, оларды бәріне байыппен қарауға шақырамыз. Негізінде кез келген адам өзін тәрбиелеп, айналасына қандай жақсылық жасауға болатынын бір сәт ойласа, дүниеде мейірім деген ұғымның ұмытылмайтыны анық. Әр адам бала кезінде жас шыбықтай жұмсақ әрі әлсіздеу болады. Кейін есейе келе оның не қисық, не түзу қалыптасқанын күтімінен, яғни тәрбиесінен аңғарамыз. Сосын осындай өмірлік мысалдарды келтіре жүріп, өзім де кейінгіге дұрыс іс-әрекетім арқылы үлгі болуға тырысамын. Тәрбиелік тұрғыда өңірдегі бірнеше мекеме ұжымдарымен, студент-жастармен кездесулерге барып, бар білгенімізді жасырып қалмаймыз. Тек тыңдар құлақ және соны дұрыс сіңіретін сана болса дей­сің. Жалпы жастарға тарихи, ұлттық мән-мазмұны терең дәрістерді мейілінше көбірек оқу қажет. Ақсақалдар кеңе­сінің атқарған жұмысы кеше немесе бүгін басталып отырған жоқ. Бұл – сонау бағзыдан бабаларымыздан, даланың даналарынан бері қарай жалғасқан, тәлімі мол жиын. Осындай істердің басы-қасында жүрген ақсақалдар кеңесі тәуелсіз ұстанымда әрі ешкім­ге жалтақтамайтындай еркін болуы керек, – деді Қайредден Қадырғалиұлы.

Облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы алдағы уақытта қалалық, аудандық, ауылдық кеңестердің жұмысын бір ізге түсіруді көздейтінін айтты. Ол кеңестің өңірдегі рөлін арттыру үшін қызметті нақты әрі жүйелі атқару, сондай-ақ жоспар мен әр қадамның салмағы, яғни маңызы болу қажет екенін жеткізді. Кеңес төрағасы аталған бағыттағы жұмыстың жаңа қарқын алатынына сенеді.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале