14.11.2022, 11:00
Оқылды: 112

Арнаулы кітапханадағы жобалар да айрықша

Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы қызметін бұдан 40 жыл бұрын бастады. Бүгінгі таңда бұл кітапхана аталған әлеуметтік топтағы жандардың қабілетін танытуға, ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін орталыққа айналып отыр.

9

Кітапханадағы 29 қызметкердің 14-і арнаулы жоғары білімді кітапханашы болса, соның ішінде екі кітапханашы – бірінші топтағы көз мүгедегі. Олардың арнайы аутоматтандырылған жұмыс орны дербес компьютер, дыбыстандырылған бағдарлама, Брайль дисплейі және принтерімен қамтылған. Кітапхананы қазіргі заман талабына сай жаңа техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, зағип жандарды жаңа технологиялар арқылы ақпараттандыру үнемі назарда. Оқырман залында Jaws дыбыстандырылған арнаулы бағдарламасымен қамтылған зағип пайдаланушының аутоматтандырылған жұмыс орны жасақталған. Осы залда зағип оқырмандар жайпақ баспа қаріп түріндегі әдебиеттерді оқуға SARA оқу машинасын пайдаланса, көру қабілеті нашар оқырмандарға жайпақ баспалы қаріптегі мәтіндерді оқуға мүмкіндік беретін 2 электронды лупа бар. Олардың сұранысына сәйкес кітаптарды флешкарталарына, смартфонды құрылғыларына аудиокітаптарды көшіру жұмыстары атқарылады. Оқырмандар қалаған уақытында тифлоплеер арқылы флешкартадағы кітаптарды тыңдай алады.

– Бүгінгі таңда кітапхана қорында 46 мыңнан астам кітап сақтаулы. Қорда барлық жанрдағы нүктелі-бедерлі, брайль қарпі түріндегі әдебиеттер, дыбыстандырылған кітаптар, сандық тасымалдағыштағы кітаптар, бедерліграфикалық құралдар, тактильді кітаптар, жайпақ баспалы қаріптегі әдебиеттер және үлкейтілген ірі қаріптегі кітаптар бар. Дыбыстандырылған кітаптарды өндіру бөлімінің жанынан дыбыс жазу студиясы ашылып, жұмысын жалғастыруда. Мұнда кәсіби дикторлар мен ерікті жастардың қатысуымен жылына 20-25 кітап оқылып, дыбыстандырылады, – дейді облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың директоры Марфуға Айтқалиева.

Аталған кітапханада биыл балалар жылына орай бірнеше жоба қолға алынған. Мәселен, «Қуырмаш» тифло-kidcs-студиясы» ақпараттық шығармашылық жобасы балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды көздейді.

– Бұл қуыршақ театры көз және өзге де санаттағы мүгедектігі бар балалармен жұмыс істейді. Оларға үстел үстінде қуыршақтарды ойнатып, шығармашылық қабілетін көрсетуге, қол, саусақ моторикасын дамытуға септігін тигізеді. Бұл жобаның шеңберінде көру мүм-кіндігі шектеулі немесе за-ғип балалар мультфильмді еш кедергісіз толықтай тамашалап шығу үшін кітапхананың дыбыс жазу студиясында тифлоаударма жасалып, аталған топтағы балалардың  назарына ұсынылады. Сол сияқты әлеуметтік желілерде баланы жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өсуге жетелейтін ертегілер желісімен аудиоподкасттар жасалып, инстаграм, фейсбук парақшаларымызда жарияланып келеді.  Сонымен қатар әлеуметтік желі қолданатын кішкентай оқырмандар үшін кітапханада  «Кітапkids» әдеби кеме» онлайн ақпараттық жобасы жұмыс істейді. Осы жоба арқылы кітапхана қорында балаларға арналған жайпақ баспалы, нүктелі-бедерлі қаріптегі түрлі жанрдағы әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды таныстырып, оқуға насихаттаймыз. Ал ересек оқырмандарға мүгедек жандардың өмірі, жетістігі, тыныс-тіршілігі туралы мерзімді баспасөз бетінде жарық көрген мақалаларды та-
ныстыру мақсатында «Жарқынlife» инва-пресса онлайн ақпараттық жобамыз бар. Сондай-ақ «Ақ Жайық өңірі-нің киелі жерлері» көпформатты басылымдары» ақпараттық жобасы бойынша өңірдің киелі, танымал жерлері жөніндегі ақпараттар үлкейтілген, нүктелі-бедерлі қаріп түрінде және электронды нұсқада шығарылып, оқырман назарына ұсынылуда, – дейді кітапхана әдіскері Гүлмайра Сәменова.

Қазіргі уақытта оқырмандардың ақпараттық сұранысын қанағаттандыруда кітапхана тифлоқұралдармен қамтамасыз етілген. Оқырмандар кітапханаға келіп,  қалалық жұмыспен қамту орталығынан берілген тифлофлеш-плеер құрылғыларының флешкарталарына аудио кітаптарды форматқа көшіріп алып, тыңдайды. Кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айжан Дәулетқалиева зағип жандардың ішінде тағдырдың ауыр жолынан тайсалмай, кітапты жақсы көрумен бірге, түрлі мәдени іс-шараларға белсене қатысатындардың қатары да мол екенін баян етті.

– Оқырмандар игілігіне арналған кітапханалық бағдарламалар мен жобаларымыз бар. «Тактильді кітап – зағип және нашар көретін балаларға», «Шекарасыз кино әлемі – тифлокино», «Өнерде өрге жүзгендер», «Туған жер – тұғырым» атты жобаларымыз сәтті жүзеге асырылып келеді. Мысалы, «Өнерде өрге жүзгендер» жобасында өңіріміздің, өлкеміздің өнер көгінде өзіндік орны бар тұлғалар-
мен сұхбат жүргізіліп, оқырмандарға мәдени-рухани демалыс ұйымдастыруда ерекше маңызға ие. Сұхбатты облысқа танымал өнерпаз, елімізге еңбегі сіңген  қайраткер Қатимолла Бердіғалиев жүргізеді, – деді Айжан Қайратқызы.

Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханада оқырмандардың қызығушылықтарына сай «Муза» поэзиялық, «Сырласу» қыз-келіншектер, «Ақжайық» зияткерлік, «Денсаулық» сауықтыру, «Нұршуақ» отбасылық және «Жалынды жастар» клубтары, сондай-ақ «Қадыр әлемі», «Брайлист» үйірмелері жұмыс істейді.

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале