10.12.2019, 15:10
Оқылды: 67

Азаматтық  қорғаныс  – маңызды  мәселе

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде  халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының  (ХАҚҰ) бастамасымен өткен төрт күндік семинар қорытындыланды. «Табиғи ресурстарды өндіру және қайта өңдеу нысандарындағы  төтенше  жағдайлардың тәуекелін басқару және кешенді бағалау» тақырыбындағы  семинарға  ҚР ІІМ ТЖК «Өрт сөндіру» АҚ  БҚО филиалының қала мен аудандардағы мекемелерінің  115 қызметкері  қатысты.

azamattyq

Қазақстан 1994  жылдан бері Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының мүшесі болып келеді.  Штаб пәтері Швейцарияның Женева қаласында орналасқан ХАҚҰ-ға бүгінде 59 мемлекет мүше болса, сонымен қатар бақылаушы елдер және үлестес (аффилированный) құрылымдар  бар.

Семинарға келген азаматтық қорғау саласының мамандарына ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының қызметкерлері (ХАҚҰның үлестес мүшелері) А. Құсайынов пен С. Арифджанов дәріс оқыды. Екінші сарапшы ретінде ҚР өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметі ассоциациясының өкілі Жанұзақ Тоқышев қатысты. Оның сөзінше, қазір бұл ұйымның құрамында біздің елден ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институты, азаматтық қорғаныс колледжі және ҚР  Өртке қарсы апаттық құтқару қызметінің  ассоциациясы бар. Бұл семинардың мақсаты нысандар мен аймақтардың төтенше жағдайлардан қауіпсіз болуына жауапты лауазымды тұлғаларын, апаттық-құтқару және өртке қарсы қызметтің басшылық құрамын адам мен нысандарды қорғау бойынша тәуекелдерді талдауға, бағалауға және жедел шешім шығаруға дайындау болып табылады.

– Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы мүшелерінің бірі болып саналатын Қазақстанмен белсенді жұмыс істейміз. Қазір, әсіресе, білім беру жүйесі мен кадрлар даярлауға зор көңіл бөлудеміз. Қазақстандағы    алғашқы курсымыз  2011 жылы  Орал  қаласында  өткен еді. Жоғары дәрежеде  ұйымдастырылған  ол шараға ТМД елдерінің өкілдері қатысқан болатын. Ал бұл семинар-тренингтің бірінші бөлігі болып саналады. Алдағы жылы жазда осы қалада бүгінгі семинардың практикалық бөлімі өтеді. Бүгінде өндіріс орындарындағы қауіп-қатер тәуекелінің дәреже-сін  бағалау  өзекті  мәселе  болып отыр. Сондықтан да аталмыш  тақырыпты  тек ТМД елдеріне емес, Араб елдеріне, Латын Америкасына да таратқымыз келеді, – дейді  Женевадағы халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының өкілі Салтанат  Ташматова.

Семинар соңында өрт сөндірушілерге халықаралық үлгідегі сертификат  табысталды.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале