14.12.2023, 11:15
Оқылды: 116

«Азу» – Желтоқсан, Жаңаөзен, Қыркүйек, Қаңтар оқиғаларын қамтитын ауқымды еңбек»

– Мұнайдар аға, адам өміріндегі кейбір жағдайлар санада өмір бойы сақталып қалады. Сол оқиғалар кейбір сөздерді естігенде, кейбіреумен тілдескенде ойға оралады. Мұндай құбылыстар шығармашыл тұлғаларға өте жақсы таныс. Сол секілді Желтоқсан оқиғасы жөнінде айтыла бастағаннан-ақ бір салқындық сезіледі. Ал  сіз желтоқсан туралы ойланғанда ең әуелі нені еске аласыз?

балмолда

Фото: Мұнайдар Балмолда, ақын, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі

– «Ерлік көрсеткенге оқ та дарымас» дейді біздің ұлт. Желтоқсан айы туғанда, «Желтоқсан» туралы ойлағанда «Мың өліп, мың тірілген» қазағымның жүріп өткен жолы жадымда жаңғырып шыға келеді. Өзім болмаған тарихи кезеңдер ой-санамды сілкіп, рухым дүр көтеріледі. Содан кесек-кесегімен тас шайнардай, құшаққұшағымен от жұтардай боламын. Рухтанамын, оным поэзия немесе прозалық дүние түрінде жүректе туып, жарыққа шығады. Әйтпесе, қиын, ауырып қаламын. Бұл бойымыздағы ата қанының қасиеті болса керек.

Желтоқсан қақында ой кешу үнемі ауыр. 1986 жылдың шындығын айтып-жазғандай болсақ та, нақ ақиқаты әлі айтылмай, жазылмай келеді. Өкінішті.

«Ұлтымның  жеңiсі – Желтоқсан,

Бастадың күресті  ел тосқан!

«Халықтар түрмесін» күйреттің,

Қаймықпай  қарудан, сен  соттан!

Қайтпадың  керзі  етік,  күректен,

Айналдым, айбарлы жүректен.

Қасірет-қайғыма   бер  тоқтам,

Қазақтың  намысы –Желтоқсан!»

Бұл «Желтоқсан» атты әніміздің қайырмасы. Композитор Кентау Назарбек екеуміздің еңбегіміз. Осында сенің сауалыңа түйін жауап бердім деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл тақырып аса ауқымды, жан дүниеңді жай ғана қозғамай, оны қопарып, қотарып кететін, астаң-кестеңін шығарып, дүлей дауыл тұрғызатын алапат қой! Бірауыз сөзбен жауап қату еш мүмкін емес. Сондықтан осы бір өлеңімнің бірер шумағына жүгіндім. Қысқа қайырсам осы.

Өз көзімізбен көрмегенмен, егемендікке қол жеткізудің қаншалықты қиын болғанын оқып, біліп жүрміз. Жалпы, еркіндікті әркім әртүрлі түсінеді. Сіздің ұғымыңызда тәуелсіздік деген не? Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін дүниеге келген ұрпақ үшін ең қымбат құндылық не болуы мүмкін?

– «Басынан бағы тайған адамды, түйе үстінен ит қабар» деген сөз бар. Біздің ұлтымыздың, жұртымыздың басынан бақ тайған замандар болды. Біз соның шет жағын көрдік. Бірақ бақ тайғанмен Хақтан үмітті халық екенбіз, пәленбай жыл уақыттан соң басымызға бақ қайта қонып, ел  болып, еңсе көтердік!

Тәуелсіздік деген аса қымбат бақ-береке! Біздің қазақ халқы осыдан 300 жыл бұрын болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атымен тарихқа енген Ұлы Отан соғысына дейін ешкімді күшті деп (біз қазақ-жоңғар соғысына «Ұлы Отан соғысы» деп баға беруіміз керек, өкінішке қарай екінші дүниежүзілік соғысты солай атаймыз, оның қазақ жеріне қатысы шамалы) мойындамаған, өзгеге мойынсұнбаған ел екен!

Орыс пен қытайдың жымысқы саясатымен жоңғар ерте көктемде, мал мен жан әлсіз уақытта жерімізге жеті бірдей тұстан бес қаруы сақадай сай әрі орыс пен қытай-дан алған отқұсар қаруларымен тұтқиылдан басып кіріп, сорлатты. Ел қырылды, босты, қайта бас біріктіріп, жаудан жерді азат еткенмен, орыс империясы дос болғансып, одақтас болғансып, арып-ашыған елдің басынан сипап отырып, мойнына бодандық қамытын кигізе қойды. Сол кезден бастап қазақ өзгенің күшін лажсыздан мойындай бастады. Өр рух сынды. Алаштың айбоз ұлы Ахаң, Әлихандардың «Кеңес өкіметін жаратпаймын, бірақ мойындаймын» дегені сияқты зілмауыр кеп қой бұл.

Бұл арада біреудің жағасынан алуға шақырып тұрған мен жоқ. Біз рухани жаңғырумен, өнер-біліммен, ғылыммен, ең бастысы жаппай қазақша сөйлеп, балаларымызды қазақ мектебіне беріп, қазақылануымызбен алға шықпақпыз. Біздің елде 1991 жылдан басталып кетуі керек отарсыздану жұмысы отыз жылдан соң ғана жаймен қолға алына бастады. Бұдан ілгеріде оның кей көріністері болмады емес, болды. Бірақ болымсыз, жалпылай елде бұл жұмыс мардымсыз, сылбыр жүрді. Соның кесірінен халықтың санасы дағдарды, бұған билік тікелей жауапты, елдің болашаққа деген сенімімен ойнап  отыр  деп  есептеймін.

Тіл туралы заңды күшейтіп, елде мемлекеттік тіліміздің көсегесін көгертуді шын мәнінде қолға алсақ, осыған шын күш салсақ, көп сала тіріліп, ең бастысы халықтың ынтымағы артып, бір тілдің аясына бірігіп, ұйысып, кәдімгідей күшті ел болар едік! Жер-су атауларын аз уақыттың ішінде Тәуелсіздіктің талаптарына сай қылып өзгерту де қарқын алар еді. Халықтың өсіміне келсек, негізі ендігі 140 млн болар халықедік, әреңдеп биыл 20 млн болыппыз. Бұған да шүкір, дейтұрғанмен демография мәселесін де баяулатып отырған сыртқы және ішкі күштер бар. Егер шындап кіріссек, қазақ жастарының саясатын дұрыс жолға қойсақ, сапалы білім алу жолында өз үйіндей жатақханаларда тұрып, білім алса, жұмысқа тұрса, ертең мемлекетке борышын артығымен қайтармас па? Тұрғын үймен қамту – бізде жемқорлықтың қайнар көзінің бірі. Бір байдың әр қалада 5-6-дан үйі бар. Құрылыс күшті жүруде, бірақ халыққа үй жетпейді. Оның себебі салынған үйлерді жемқорлар бөліп алып, пәтер жалдап, сауын сиыр қылып отыр. Бізде жемқорлық шырқау шегіне жеткені соншалық, қазір мектептерде жемқорлық жайлы шығарма жазғызып, тәрбие сағаттары өтетін болған. Сондай сабаққа шақырып, қатысқаным бар. Балаларға пара беру, ақша жеу секілді әңгімелер айтқызып қойыппыз. Біздің тарихшы ғалымдар оқулық жаза алмай ма, маған осы түсініксіз, шәкірттеріміздің қолында жүрген кейбір тарих оқулығын Ресей елінің оқымыстылары жазған. Мысалы, Джандосова – тарих оқулығының ауторы. Оның жазған оқулығында қазақтың емес, орыстың тарихынан мысал басым. Және осылар ҰБТ-да келеді, емтиханға  кіреді.

Тәуелсіз елдің ең асыл құндылығы – тәуелсіздікке сай өмір сүру! Сапалы білім, жақсы еңбек, бақуатты тұрмыс, өз тілің, ділің, дініңнің үстемдігі, осылар – баға жетпес ұлы құндылық! Ал біз жас ұрпаққа осындай жағдай жасай алдық па? Алаш ардақтылары тіл, діл, дін үшеуі ошақтың үш бұтындай тең әрі үстем болуы керек деп көрсетіп кетті. Ал бізде осы үшеуі жерге орнықсыз орналасқан үш бұт ошақтай шайқалақтап тұр. Бір аяғы қисайса, ошақтың оты өзін өртейді. Кешегі Қаңтар қасіреті осыған айқын мысал. Оттан киген көйлегі бар заманда өмір сүрудеміз, өз отымызға өзіміз жанып кетпей, одан тек жылу алсақ қалай? Ата тарихымыздың тағылымын ұмытпауымыз қажет! Әйтпесе, бұған дейін ата-бабалар жасаған  бүкіл  ерлік  бекер.

Мұнайдар аға, кейбір жайт кеудедегі бұрыннан қалған таңбаны өшірсе, кейбір жайт керісінше жаңа бір із салып кетеді. Желтоқсан оқиғасы сізге қалай әсер етті? Өміріңізде нендей өзгерістер орын алды?

– Желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүретін жігіттің бірі мен едім. Бірақ Алланың қалауы басқа болған. 1985 жылы Алматыға барып тұрып, оқуға түсе алмай Жайық бойына оралдым. Әйтсе де, өзім қатыса алмасам да, сол сұрапыл күндер менің жан-жүрегімде. Онда ерлікке барған жастардың дені – менің  құрдастарым. Сондықтан да болар, жан-тәніммен Желтоқсан күрескерлерін өте жақсы сезінемін. Әрі ол күрес менің өміріме көп өзгеріс әкелді, әлі де әкелуде. Біріншіден, желтоқсан маған рух берді. 1987-1989 жылдары Балтық теңізі жағалауында әскерде сержант болдым. Мақтанғаным емес, өзімнің взводымды «дедтардан» қорғап, бірнеше рет көк көздерге қарсы тұруыма тура келді. Бірде жиырма шақты «дедқа» жалғыз қарсы шыққаным бар. Құдай сақтады. Есесіне, менің бірде-бір жауынгерім олардың киімін жумады, жұмысын істемеді, түнде тыныш ұйықтады, үйінен поштамен келген сәлемдемесі өзіне тиді. Елге келген соң тек қазақша сөйлейтін болдым, қажеттілік тумаса, бірауыз орысша қоспаймын. 1 қаңтар, 23 ақпан, 7 қараша, 1 сәуір, пионер мен комсомол күні деген секілді СССР кезеңінен қалған бірде-бір мейрамда желпінбеймін, ешкімді құттықтамаймын, құттықтау қабылдамаймын. Маған өз мемлекетімнің мейрамдары қымбат. Оның ішінде жеке басқа табынуға негізделгендерін атамаймын. Назарбаевтың туған күні, президент күні сықылдыны айтамын. Желтоқсан – маған әркез қазақ екенімді, сарбаз екенімді еске салып тұратын қасіретті де қасиетті ай.

– Орал қаласындағы Қыркүйек оқиғасына қатыстыңыз. Аштық жарияладыңыз. Осы қыркүйек оқиғасы Желтоқсан оқиғасының жалғасы ма, қалай ойлайсыз?

– Әрине, жалғасы. Қыркүйек қазақ халқының тәуелсіздікке дейінгі 300-ден астам ұлт азаттық көтерілісінің ең ақыры, тізгін тартары, жұдырық жазары дер едім. Мен аштық жарияласам, ол – ұлтымның уызына жарып ержеткенімнің нышаны, Исатай мен Махамбет батырлардың ұрпағы екенімнің белгісі, қазағымның келешегі үшін ойланбастан жанын пида етіп кете алар арды ойлаған азаматтығымның бір сипаты. Өзге ештеңе де емес. Мен ешкімнен артық та, кем де емеспін. Ар-ұятты қазақтың, көп мұсылманның бірі ғанамын. Ол аштыққа баруым – елімнің тәуелсіздігі мен жерімнің жаттың қолында кетпеуі үшін болған жанқияр күрес! Құдай сақтасын, жамандықтың бетін әрмен етсін, бірақ сөз орайында айтсам, оны мен жүз қайтара  қайталауға  бармын!

– Қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтеуден жалтаратын жастар көбейіп барады. Оларға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– «Отанды қорғау – иманнан». Қасиетті хадис бізге осылай үйретті. Ал қазағым «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Дін мен діл арқылы қазағым Отанның оттан да ыстық екенін ұрпағына айтып тұр, соны бұрынғылар бізге өсиеттесе, біз кейінгіге өсиеттейміз және Отанымызды болашаққа аманат етіп тапсырамыз. Осы жолда жанкештілікпен өмір сүріп, құрбан бола білуге әр сәт дайын жүру – бақыт! Еркектің болмысы мен бақыты осында!

Әскерден жалтаратын жастарға тәлім-тәрбие дұрыс берілмеген, үйден және түзден жөнді тәрбие алмаған жас ез боп өседі. Ол төбелестен қорқады. Төбелес ештеңе емес, қарапайым қиындықтан қорқады, мысалға ыстық-суықтан, аш қалудан, шөлден, қараңғыдан да. Мені әкем әскерге бала жасымнан тәрбиеледі. Кішкентай кезімнен тас қараңғы түнде қораға жұмсайтын, малды қара, болмаса балға ма, шеге ме, бір нәрсені алып кел деп. Қараңғы иесіз тұрған үйлердің бір есігінен кіріп, екінші саңылауынан шығып жүре беретінмін. Сонда жасым небәрі онда болатын. Жақында кіші ұлым Елнамысымды әскерге аттандырдым. Мен де әкемнен көргенімді істеп, оны әскерге дайындап өсірдім. Алланы айта отырып, ұлтымыздың ерлік дәстүрінен көп әңгімені құлағына құйдым. Боксқа, ережесіз жекпе-жекке, тағы басқа спорт түрлерімен шынығуына жол аштым. Үйде өзім де спортпен шұғылданамын ғой, ол менен көргенін қайталады. Бүгіндері десанттық шабуылдаушы әскер құрамында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуде.

Жастар әскерден қашпау үшін ата-анасы, әсіресе, әкесі тікелей жауапты. Сосын мектеп, оқу орындарындағы тәрбие де бұған үлесті. Бізде ер-азаматтарды қалыптастыру жұмысы жүйелі жолға қойылмаған. Мектептер мен оқу орындарында оқытушылардың дені – әйел заты. Кіл әйел адамнан сабақ алып, ер-азаматтың ықпалын жеткілікті сезінбей өскен баладан сарбаз шығуы екіталай, сондықтан әке осы олқылықтың орнын толтыруға үйде күш салуы керек! Әзірге мұның басқа жолы жоқ. Иә, ұлттық кино өндірісінде ылғи «Келін» сияқты ыңырсыған, сүйреңдеп өсек айтқан және «Әзіл әлемі» сықылды адамға түк берері жоқ, еркегі әйелше киінген, көпіріп ұрысқан бос арамтер бағдарламаларды қаптатқанша жастың рухын өсіретін дүниелерді жақсы жолға қойса, жастар ез боп өспес еді. Бізде ерлік дәстүр-ді насихаттау өте кемшін. Егер қыл шылбыры үзілмеген ерлік дәстүрін дұрыстап тұрып насихаттасақ, ой-һой, сонда оның жемісі бірер жылда көрінер еді!

Бізде қазір кей әскери бөлімшеде зорлық-зомбылық орын алып, ата-аналар цинк табытты құшақтап, зар илеп қалып жатыр. Ол да сол әскери өлімдердегі тәлім-тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауынан. Үйде баланың бос уақытын қалай қадағалап, оны пайдалы нәрсеге жұмсауға бағытталғаны сияқты, әскерде сардарлар сарбаздарға солай қарауы керек. Сарбаздар зерікпесін, ерікпесін, ғибратты әңгіме тыңдап, рухтанып, Махамбеттей, Бауыржандай батыр бабаларға еліктесін.

– Кітаптарыңыз жарыққа шығып, кезекпен оқырманға жол тартуда. Бүгінде қандай тақырыптарға қалам  тербеп  жүрсіз?

– Иә, күні бүгінге дейін жиырма кітап жазыппын. Жазылып жатқандарын қоссам, жиырмадан асады. Менің сүйікті тақырыбым – ар-намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық рух! Осы орайда үш өлең кітап және бірнеше роман, тоғыз пьеса жаздым. Романдарымызды тарқатып айтсам, үшеуі тарихи дүние, өзгесі де одан аса алшақ емес, бірақ олар жылқы мен қасқыр тақырыбын арқау еткен шығармалар. Жылқы жайлы бір роман жазсам, қасқыр қақында тоғыз роман қаузадым деп айта аламын. Мұның барлығының көтерген жүгі – қазағымның ар-намысы, ел мен жер үшін күреске түсуі, отарсыздану саясаты дер едім. Менің шығармаларымдағы көкбөрілер жай түз тағылары емес, олар – қазақтың дала кезген рухы, қасиет киесі! Мендегі қасқырлардың аты мен заты бар. Олар қадау-қадау  шың, бір-бір кейіпкер!

Қазір «Азу» атты төрт томдықтың үшінші кітабына кірістім және онымен қабат «Ақжібек» атты тарихи романымды жазу үстіндемін. 2023 жылы екі роман жаздым. «Баянқара» мен «Жалқара» атты. Қазір де екі роман жазудамын. Иә, «Азу» өзімнің өмірім және бүгінгі сұхбатымызға негіз болған Желтоқсан, Жаңаөзен және Қыркүйек пен Қаңтар оқиғаларын қамтитын ауқымды еңбек. Ал «Ақжібек» романы қызылдардың қазаққа істеген қиянатын, қызыл қырғынын суреттейтін аманат шығарма. Романның желісін мен көнекөздерден естіген әңгімелерге құрдым. Сол себепті аманат шығарма деп отырмын. Маған романға арқау болған кей әңгімені айтып берген көнекөздер: «Балам, бұл нақты болған оқиға, осындай әжеміз айтып еді» деп отырды.

Иә, Жүсіпбек Аймауытов ардақтымыз ақтардан қорлық, зорлық көрген «Ақбілек» романын жазып қалдырса, біз қызылдардан сондай қаныпезерлік көрген «Ақжібек» романын бүтіндеу үстіндеміз. Сонау 1921-1937 жылдары қазақ елден неге босты, қазақтың байлары не себепті шетелге асты? Кітапта соның себебін айтамыз. Олар қызылдар салған сойқаннан, қыз-келіншектерін зорлап, ойларына келгенін істеген қиянатынан қашып, он екі де бір гүлі ашылмаған ұрпақ қамы үшін асу асқан, сол жолда талайы өлген. Романның жүгі осы жүк және қайтпас  қайсарлық, асқақ рух! 

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале