30.06.2022, 16:00
Оқылды: 358

Бағаны қалай тізгіндейміз?

Бүгін БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына қатысты жиналыс өтті. Жиналысқа мониторингтік топтың мүшелері, кәсіпкерлер, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

WhatsApp Image 2022-06-30 at 13.14.25

Жиын басында бүгінгі күнге дейін жүргізілген талдау нәтижесі ұсынылды. Белгілі болғандай бағада шектеу жоқ. Әркім өз еркімен құбылта берген.

«Апта сайын тауар бағасына талдау жүргізіліп келеді. Картоп, пияздың бағасында әжептәуір өзгерістер байқалады. Атап айтсақ, «Алтындар» сауда желісі картоп бағасын 320-ға дейін, ал пияз бағасын 328-339 теңгеге дейін өсірген.  Ал ең арзан картоп «Анварда». Бірақ олар пияз бағасын 325 теңгеге дейін көтерген. Сәбізге келсек, ең қымбат сәбіз «Анвар» сауда желісінде 369 теңге, «Лидерде» 345 теңгеден саудаланған.  Талдау нәтижесіне қарасақ, жергілікті өндірушілер өндірген тауар түрлеріне 15% үстеме қосылып отыр. Ал басқа жақтан тасымалданатын тауарларға 23%-ға дейін үстеме қосылғаны байқалады»,- деді БҚО кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а Жанна Беккалиева.

акимат

Ал осы өнімдердің бағасы көтерме саудада өте төмен. Мысалы картоп 160-170 теңгеден, пияз 220-230 теңгеден сатылған.

Халықтың ең негізі тұтынатын өнімі ұн бағасы да сөз болды. Жоғары сортты ұн бағасының 5 келісі көтерме саудада 1495 теңге болса, ол дүкендерде 1782 теңгеге дейінгі аралықта сатылып отыр.

Белгіленген межеге сәйкес дүкендер көтерме сауда орталығынан алынған тауарға тек 15 пайыз үстеме қосуға құқылы. Егер одан асып кетсе жауапқа тартылады. Соңғы бір айда Орал қаласы бойынша 6 өтініш тіркеліп, 3 дүкенге қатысты тергеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ғұмаров Асхат.

жарас

Өкінішке орай кәсіпкерлік нысандарынын бәрі бірдей ережеге бағына бермейді. 15 пайыз үстемені пысқырмай, 40-50 пайызға дейін бағаны өсірген жағдайлар да байқалады деді жиынға қатысушылар.

БҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында сауда желілеріне өндірушілер мен сатушылар арасында меморандумға қол қою ұсынылған.

Бүгінде «Лидер» сауда желісі келісімшартқа қол қойған. «Анвар» және «Дина» сауда желілері ұсынысты қарастырып жатыр. Ал «Алтындар» қарсылық танытқан.

БҚО әкімдігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында меморандумға қол қоюға шақырды.

Облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті түсініп жұмыс істеуі керектігін атап өтті.

«Атқарушы билік кәсіпкерлерді, жергілікті өндірушілерді қолдап отырмыз. Жыл сайын тиісті көмекті, субсидияны алып отыр. Соған қарамастан бағаны негізсіз өсірулері дұрыс емес. Сіздер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, жергілікті халыққа тиімді бағада өнім ұсыну керексіздер», - деді Арман Өтеғұлов.

Басқа, басқа картоп бағасының шарықтауына негіз жоқ. Себебі оның көп бөлігі өзімізде өсіріледі. Қала маңынан тасымалданады. Тасымал құны да аса қымбат емес.

Орал қаласында 15 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Жиында сөз алған «AMANAT» партиясының мүшесі Афиза Семғалиева әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік сапасының сын көтермейтінін айтты.

афИЗА

«Орал қаласында жұмыс істеп тұрған әлеуметтік дүкендерде баға төмен. Бірақ сапаға лайықты емес. Мысалы, картоп болсын, сәбіз болсын өзіңіз барып көріңізші. Өте нашар сападағы өнімді төмен бағамен ұсынып жатыр. Неге сапалы өнімді халыққа тиімді бағамен ұсынбасқа, мұны кім қадағалайды», - деді партия мүшесі.

Қоғамдық кеңес мүшесі Біржан Кухаев жергілікті билік баға саясатын тым сылбыр жүргізіп отыр деп сынады.

кухаев

«Мен қоғамдық кеңес мүшесі ретінде де, жергілікті азамат ретінде де жергілікті биліктің, нақты айтқанда тиісті басқармалардың баға саясатына қатысты жүргізіп отырған жұмысына көңілім қанағаттанады деп айта алмаймын. Жұмыс істеліп жатыр, бірақ ойдағыдай емес. Ширақ қимыл көріп отырғаным жоқ. Үкімет басшысы Facebook желісі арқылы бағаға қатысты жұмысты күшейту керек деп күнде айтады. Үкімет басшысы маған тапсырма беріп отырған жоқ, халыққа тапсырма беріп отырған жоқ,  осы жергілікті билікке тапсырма беріп отыр. Қарапайым мысал, халықтан түсетін арыз-шағыммен тек бір маман айналысып отыр. Білдей департамент бар, бірақ қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бір ғана маманы арыз-шағыммен жұмысқа жуапты. Ақылшы көп, ал нақты жұмыс істейтін адам біреу. Баға саясатында ширақтық керек. Шұғыл қимыл қажет», - деп түйіндеді сөзін Біржан Кухаев.

B6180651-65F1-4212-A164-5506AE9AEE60

БҚО әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов бүгінде меморандумға қол қоймай отырған «Анвар», «Алтындар», «Дина» дүкендер желісімен әлі де жұмыстар жүргізілуі керек екенін атап өтті. Бұдан бөлек 1, 2-саяжай маңына жеміс-жидектер сатуға арналған орын дайындауды тапсырды.

– Саяжайда өскен өз өнімдерін тиімді бағамен ұсынып отырғандарға жағдай жасалуы керек. Олар жолдың бойында, қауіпті жерде отыр. Күзде саяжай өнімдері арзан бағаға сатылады. Сол үшін жағдай жасалсын, - деді Арман Өтеғұлов.

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген: Гүлмира Сәрсенғалиева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале