31.12.2019, 11:53
Оқылды: 418

БҚО әкімі Ғали Есқалиев батысқазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Құрметті батысқазақстандықтар!

гали искал

Жаңа 2020 жылдың босағамыздан аттап, төрімізге шығуына санаулы сағаттар ғана қалды.

Бұл тарих қойнауына енгелі тұрған жылда атқарған істерді тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, саралайтын және жаңа жоспарлар құратын аса маңызды уақыт.

2019 жыл Батыс Қазақстан облысы үшін маңызды мемлекеттік жобалар мен бастамалардың табысты жүзеге асуымен ерекшеленді.

Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 50%-ға артып, 553 млрд. теңгені құрады. Бұл өңірімізде жаңа жұмыс орындары құрылып, облыс бюджетіне түсетін салық мөлшері ұлғайды деген сөз.

Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 24%-ға артып, мектептер, спорт кешендер бой көтерді. Қаржыландырудың барлық көздерінен 480 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Соның арқасында, көптеген отбасы Жаңа 2020 жылды өз баспанасында қарсы алып отыр.

2019 жылдың басынан 300 шақырымнан астам жол жөнделіп, жаңадан салынды. Жәнібек пен Сайқынға дейінгі жолдың құрылысы басталды. Облысымыздың шалғай ауылдарына табиғи газ жеткізіліп, ауылдық елді мекендер таза ауыз суға қосылды.

Ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз.

Біздің барлық жетістіктеріміз батысқазақстандықтардың қажырлы еңбегінің, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында мүмкін болды.

Тарих тұрғысынан алып қарағанда жас мемлекетіміз - Қазақ Елінің алар асулары әлі алда. Біз осындай игі істерді 2020 жылы да жалғастыратын боламыз.

Құрметті жерлестер! Жаңа 2020 жылда сіздердің дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры қашан да берік, көк байрағымыз биік болсын! Киелі Ақ Жайық өңірінің ырыс-несібесі арта бергей!

Жаңа жыл құтты болсын!

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале