23.01.2024, 15:30
Оқылды: 257

БҚО-да 20 кітапханаға күрделі жөндеу жүргізіледі

Бұл Жұбан Молдағалиев атындағы орталық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры  Шолпан Оразаеваның  сөзі. Оралдағы кітапхана - ең көне кітапхана. Ғасырдан астам тарихы бар кітапханада кітап қоры да бай. Біз кітапхана директоры Шолпан Қуанышқызын әңігімеге тартып, бүгінгі кітапхананың жағдайы туралы сұрап білдік.

кітап1

Облыстық кітапхана орналасқан ғимараттың өзі өте көне, тарихи жәдігер. Бұл - Орал қаласындағы Карев үйі. Үй көпес Каревтің 1901 жылы салдырған үш қабатты үйі. Қазір бұл жерде облыстық кітапхана мен облыстық филармония орналасқан.

Жоғарыда атап өткеніміздей Оралдағы кітапхана ең көне, тарихи кітапхана саналады. Облыстық кітапхана 1871жылы ашылған. Кітапхана басында 1871 жылы әскери училищесінде орналасқан. Кейін 1924  жылы қалалық кітапханаға айналып, 1930 жылы облыстық кітапхана болып өзгереді. Ал  1939 жылы Надежда Крупскаяның есімі беріледі.  Облыстық кітапхана Карев үйіне тек 1947 жылы көшіп келеді. Содан бері ктіапхана сол тарихи ғимаратта. Ал облыстық кітапханаға қайраткер ақын Жұбан Молдағалиевтің есімі тек 2000 жылы ғана берілген. Содан бері кітапхана «Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық  орталық әмбебап ғылыми кітапханасы» деп аталады.

Тарихы терең, шежіресі кең, кітап қоры мол болса да бұл кітапхананың да шешілмей тұрған шаруасы шаш етектен. Басты мәселе ғимараттың өзінде болып тұр.

- Қазір кітап қорына арналған орын тапшылығын көріп отырмыз, - дейді кітапхана директоры.

- Біздің облыстық кітапхананың үлкен шешілмеген проблемасы бар. Біріншіден бізде кітап сақтайтын орын жоқ. Таршылық етіп отыр. Біз отырған ғимаратты көріп отырсыз. Бұл негізі кітапханаға арналмаған. Қазір әлемде заманауи арнайы кітапханалар салынып жатыр. Ал біз ескі, тарихи ғимаратта отырмыз. Бұл жерде қандай да бір заманауи технология туралы айтудың өзі артық. Бізге бұл орын өте тарлық етіп тұр. Бұл ғимарат өте көне, тарихи жәдігер. Сондықтан да мұны өзгертуге, бұзып, жөндеуге болмайды. Осының өзі бізге қолбайлау болып отыр. Қазіргі уақытта облыстық кітапхана үшін жаңа ғимарат салу мәселесі әбден пісіп жетілді. Бізге замануи, кең, жарық, оқырман үшін барлық жағдайы жасалған ғимарат керек, - дейді кітапхана директоры Шолпан Қуанышқызы.

кітап2

- Бұл кітапханалардың бәрін қоса есептегенде 5 миллионнан астам кітап қоры бар, - дейді Шолпан Оразаева.

Өкінішке орай жалпы облыс бойынша тек екі кітапхананың ғана жеке өз ғимараты бар. Қалған кітапханалардың бәрі клуб, филармония, ауылдың әкімдігі секілді мекемелердің бір бөлмесінде орналасқан.

- Жалпы БҚО бойынша кітапхана ғимараты деген мәселе өзі бір өте күрделі болып тұр. Бізде тек екі кітапхана ғана өз ғимаратында отыр. Бұл әрине өз кезегінде оқырман үшін өте ыңғайсыз, қолайсыз. Біздің облыстық  кітапхананың өзі өте биік. Бірақ бұл жерде мүгедек жандарға жағдай жасалмаған. Біздің облыс өте үлкен. Халық көп. Бізде халқы аз ауылдарда кітапхана жоқ. Біз сол ауылдарға көшпелі кітапхана ұйымдастырғымыз келеді. Бірақ оған да жағдай жоқ. Себебі біздің ешбір кітапханамызда библиобус жоқ. Қазіргі біздің көліктер әбден ескірген. Егер аудандағы кітапханаларда библиобус болса олар алыс ауылдарды аралап, қызмет көрсетер еді. Ресейде сондай жүйе жақсы жолға қойылған, - деп қынжылады кітапхана директоры.

Оралдағы тарихи кітапхананың іші мұнтаздай таза. Ауасы кең. Қанша дегенмен тарихи жәдігер болғандықтан өзіндік бір атмосферасы бар. Бірақ қазір әлемде түрлі заманауи кітапхана салынып жатқан тұста білдей бір облыстың жібі түзу кітапхана ғимаратына жарымай отырғаны сәл ұяттау.

Кітапхана директоры осы мәселені 30 жылдан бері облыс әкімдеріне айтып жүргенін айтты. Бірақ әзірге ешбір басшыдан қолдау таппай отырғанына қынжылады.

- Бірақ, жақсы жаңалық та бар,- дейді Шолпан Қуанышқызы.

Биыл «Қазақстан халқына» қоры арқылы БҚО-дағы 20 кітапханаға күрделі жөндеу жүргізіледі.

- «Қазақстан халқына» қоры бізге ақша бөліп жатыр. Осының арқасында ауылдық жерлердегі 20 кітапхана жаңартылады. Қазір осы жобамен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір қай кітапханаларда жаңғырту жүретінін таңдадық. Бұл да болса облыстағы кітапхана ісіне деген үлкен көмек, серпін деп есептеймін. Қазір осы үшін дизайн жасақталып, жобасы сызылып жатыр. Наурыз айында осы жобаны бастаймыз. Бұл «Қазақстан қоры» арқылы жасалып отырған алғашқы пилоттық жоба. Сол жоба біздің облыстан басталып отыр, - деп қорытты Шолпан Оразаева.

Шолпан Оразаева қазір жастар кітап оқымайды дегенмен келіспейтін адам.

- Әр уақыттың өз оқырманы бар. Қазіргі оқырман басқа, олардың сұранысы да, талабы да өзге, - дейді кітапхана саласында  30 жылдан бері келе жатқан Шолпан апай.

кітап

-Тағы бір өзекті мәселе бізге қаражат өте аз бөлінеді. Қазір өздеріңіз білесіздер кітап өте қымбат өнім. Егер кітап қоры жаңа, заманауи кітаптармен толығып отырмаса ондай кітапхана кімге керек? Жастар кітап оқымайды дегенмен келіспеймін.  Жастар кітап оқиды. Тек қазіргі уақытта басқа оқырман. Сосын басқа кітаптар оқылады. Қазіргі оқырман мүлдем басқа. 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында кітапханадағы оқырман залы лық толы болатын, кезек күтіп тұратын еді. Кезінде белгілі бір кітапты таласып оқитын, арнайы дәптер ашып, кезек қоятын едік. Иә, ондай замандар болды. Бірақ әр заманның өз оқырманы бар. Қазір жастар қалың кітаптарды оқымайды. Оларға бұл ыңғайсыз. Қазір жастар тілі жеңіл, мотивациялық кітаптарды көп оқиды. Фантастикалық кітаптарға сұраныс көп. Сосын қазіргі жастарға қазіргі заманауи авторлар ұнайды. Шет елдік аудармаларға сұраныс өте көп. Иә, қазір жастар оқырман залында отырмайды. Олар өздеріне керек кітаптың электронды нұсқасын көшіріп алады. Бұл үшін біз оқырман залына арнайы жұмсақ жиһаздар қойып, тегін интренет желісін қосып қойдық, - дейді Шолпан Оразаева.

Иә, БҚО-да дәл қазіргі уақытта аспанмен таласқан биік, әдемі терезесі бар, ішінде кофе ішіп отырып кітап оқитын заманауи облыстық кітапхана жоқ. Есесіне тарихи қоры өте бай, шежіресі мол, Қазақстандағы ең көне кітапхана Оралда орналасқан. Біздің кітапхананың 150-жылдан астам тарихы бар. Ал тарих дегенін тұнып тұрған білім мен ғылым.

Алайда жастар жағы, жас оқырмандар заманауи әдемі кітапхана болса деп армандап қояды.

Сондай жандардың бірі - Динара Насыр.

- Кітап оқитын адам үшін ең алдымен жайлы орын қажет. Қазіргі кітапханалар оқырман талабына сай жұмсақ жиһаздармен жабдықталып, жарық, кең жерлерде орналасса жақсы болар еді. Әрине оқырман үшін бастысы тыныш, жылы жер маңызды. Қазіргі замануи кітапханаларда оқырман үшін барлық жағдай жасалуы керек, - деп есептеймін дейді Орал қаласының тұрғыны Динара Насыр.

Ал келесі оқырман кітапхана дизайні жағынан оқырманға жайлы болғаны дұрыс деп есептейді.

- Кітапхана ең бірінші жарық болуы керек. Екіншіден, іші әдемі болғаны абзал. Үшіншіден, кітаптар оқырманға табуға оңай орналасқаны дұрыс. Кітапхананың іші көзге ауыр, көңілді түсіретін түстерге боялмағаны жақсы. Кітапхана жанғы жайлы, оқырманға жайлы болғанда ғана сұранысқа ие болады,- дейді Орал қаласының тұрғыны Қайрат Жасұланұлы.

Біздің келесі кейіпкеріміз кітапхана руханияттың, адами құндылықтың ордасына айналуы тиіс деп есептейді. Ол үшін тек ғылыми негіздегі кітаптарды емес, адам жанын рухани байытатын, тәлім-тәрбие беретін кітаптарды көбейту қажет. Бүгінгі таңда мемлекет кітапханада қандай кітап тұруы тиіс деген идеяны қайта қарағаны абзал дейді.

c4673c8f-58df-4dd1-89ab-c46ef6b4e308

- Бізді мектептерге көп шақырады. Кездесулерге жиі барамыз. Математиканы, физиканы жатқа соғатын интеллектуал бала көп екенін байқаймыз. Бірақ біз жастарды тек интеллектуал етіп тәрбиелемеуіміз керек. Біз рухани көзі ашық ұрпақ өсіруге талаптануымыз қажет.  Адам білімді, бірақ арсыз болып өссе абырой әкелмейді. Сондықтан да табиғатты да, адамды да сыйлай білетін, құрметпен қарай алатын жанашыр бала тәрбиелеу керек. Ал ол үшін кітаптан артық тәрбие құралы жоқ. Бұл жерде мен мектеп кітапханалары туралы айтқым келеді. Әсіресе мектеп кітапханалары баланың көкірегін құндылыққа, даналыққа толтыратын кітаптарға көп болуы тиіс. Балам ғалым болсын, мықты азамат болсын дейтін кез келген ата-ана, мектеп алдымен балаға рухни өзегін ұғындырып, терең адами тәрбие беру керек. Бұл істі мектеп кітапханалары атқаруы тиіс.  Біздің "Отбасындағы отыз сабақ", "Салт дәстүр сөйлейді",  "Мың сұрақ", "Әлдиден эпосқа дейін" деген кітаптарымыз мектеп кітапханаларында қолжетімді болуы керек деп есептеймін. Мемлекет өзі осыған мүдделі болуы тиіс. Кітапханада қандай кітап тұрғаны дұрыс деген сұрақты бүгінгі мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырғандар дұрыстап ойналуы тиіс, - дейді "Зерек" оқу орталығының жетекшісі Манарбек Саинұлы.

Кітапхана білім беретін орын. Әрине біз сәулеті келіскен ғимарат болса дегенде айтпағымыз сән қуып отырғанымыз жоқ. Кітапхана директоры өзі қазір кітапхана деген тек кітап беретін орын деген ұғымнан шығып кеткенін, өте көп қызмет көрсететін мойындап отыр.

- Қазір әлем бойынша сәнді кітапхана салу сәнге айналды. Бұл - өте жақсы. Кітапхана бұл тек кітап беріп отыратын орын емес. Кітапхана рухани мәдениеттің ортасы болуы керек. Ол үшін жағдай жасалауы керек. Кез келген адам кітапханада рухани кездесулер, кештер өткізе алуы тиіс. Қазір кітапхананың көрсететін қызметінің аясы кеңейді. Қазір кітапхана баласымен ойнап отырып, кофесін ішіп  өзіне қажетті жұмысты істеп, демалып, кітабын оқып кететін орынға айналды. Қазіргі кітапханаларда түрлі үйірмелер, тіл курстары үйретіледі. Авторлар келіп, оқырманды шақырып кітаптары туралы айтып береді. Біз де оны жасай аламыз, менде ол үшін кадр да, идея да жетеді. Тек менде орын жоқ. Жағдай жасалмаған. Материалдық-техникалық база рұқсат бермейді, - деп  аяқтады  ойын Шолпан Қуанышқызы.

Жалпы БҚО-да 358 кітапхана бар. Ол кітапханаларда 700-ден астам кітапханашы жұмыс істейді. Бір ғана Жұбан Молдағалиев атындағы кітапхана қорына деп 2023 жылы 6 100 кітап сатып алыныпты.

Іргесі 1871 жылы қаланған кітапхана қазір облыс орталығында әлі күнге оқырманға қызмет көрсетіп тұр. Заман талабына сай сәулетті ғимарат болмаса да, тарихы құнды ғимараттың іші де толған қазына.  Бұл кітапхана сонысымен құнды.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале