29.03.2019, 16:21
Оқылды: 73

Бүгін Оралда өткен жәрмеңкеде 800-дей жұмыс орны ұсынылды

Оралдағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші түлектерге, жұмыссыз жастарға және өзге де санаттағы жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.

yarmarka molodezh (1)

Айта кету керек, жастармен қатар бұл шарада екі қолға бір күрек іздеген  ересектер де болды. Жұмыс іздеген 600-ге жуық адамға қаладағы 33 ірілі-ұсақты түрлі мекеме-кәсіпорын мен 12 ауданның жұмыспен қамту орталықтары 800-ге жуық жұмыс ұсынды. Облыстағы ірі өндіріс орындарының қатарында «Кублей» ЖШС, «Алтындар» ЖШС, «Талап» ЖШС секілді басқа да кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер бар.

Шара барысында «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «ZhasProject» бағдарламалары, кәсіп ашу, тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктері жөнінде тегін кеңестер берілді. «Soft Skills» семинар-тренингтері ұйымдастырылды.

yarmarka molodezh (2)

Жәрмеңкеге келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бұл шара жастардың жұмыс берушілердің өздерімен тікелей сөйлесіп, сұрақтарына толық жауап алуларына мүмкіндік беретінін айтады.

- Жұмыс іздеп жүргендердің көпшілігі қандай мамандардың көптен бері сұранысқа ие екенін білмейді. Сондықтан да мамандық таңдамас бұрын, еңбек нарығын зерделеп алған жөн. Облыста арнайы құрылған комиссия жыл сайын ірі кәсіпорын басшыларынан қандай мамандардың қажет екені, болашақта қандай мамандарды даярлау керектігі жөнінде сұрастырып, сұраныстарын қабылдайды. Бұл мәліметтер оқу орындарына жеткізіледі. Бүгінде колледж және жоғары оқу орнын еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға бағыттау бойынша жұмыстар жүргізілуде, - дейді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Биылдыққа бірінші рет өткен жәрмеңкені тоқсан сайын ұйымдастыру жоспарланған. Шараны Орал қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы мен облыстық және қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

yarmarka molodezh (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале