27.10.2022, 10:00
Оқылды: 88

«Бүгінгі мәншүктану – әрі жасамыс, әрі жас»

Өткен жұмада «Атамекен» өнер ордасында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуына орай «Қаһарман қызы қазақтың» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

1

Конференцияға Алматы, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе қалаларынан келген қонақтар, тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар, тарих пәнінің ұстаздары, музей мен мәдениет саласының ардагерлері және қызметкерлері, магистранттар, студенттер қатысты.
Конференцияны жүргізген облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев аталмыш іс-шараның мақсат-міндетін атап өтті. Басты мақсаты – қаһарман қыздың сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігін насихаттау, дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Басқосуда алдымен әдебиеттанушы ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың «Неизвестная воина Маншук» атты кітабының таныстырылымы болды. Кітап қаһарман қыздың туғанына 100 жыл толуына арналған. Аутордың айтуынша, ол Мәншүктің жауынгерлік және өмір жолы жөніндегі материалдарды зерттеп, бір ізге түсіруге тырысқан. Кітапта жас қыздың сұрапыл соғысқа баруына не себеп болғаны, қан майданның ортасында жасаған ерлігі жөнінде толғайды. Су жаңа кітап барлық оқырманға, тарихшылар мен ХХ ғасырдың бірінші жартысын зерттеушілерге арналған. Кітап Алматы қаласындағы «Таңба» баспасынан мың дана таралыммен басылып шықты.
– Сұрапыл соғысқа қазақ елінен 1 млн 200 мыңдай адам аттанды. Оның 600 мыңнан астамы елге оралған жоқ. Майданға Батыс Қазақстан облысынан 76 мың адам аттанып, олардың тең жартысы елге оралмады. ҰОС-да 40 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры және алты Батысқазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды. Сұрапыл қан майданның ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерлестеріміз – Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованы, Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованы мақтанышпен айтамыз. Даңқты жерлесіміз Мәншүк Мәметова Ұлы Отан соғысына өзі бірнеше рет сұранып, аттанған. Майдан даласында қайсарлық пен батылдықты паш етіп, Ресейдің Псков облысының Невель қаласын азат ету кезінде қаза тапты. Күндей күркіреп өткен соғыста батыр қазақтың ұрпағы екенін дәлелдеп, Ұлы Жеңістің жолында қыршын кеткен боздақтарға бас иеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. Сондай-ақ Бақытжан Хаберұлы Мәншүк Мәметованың туысы Шолпан Мәметоваға, Алаш қайраткері Ғ. Бөкейхановтың жиені, биология ғылымдарының кандидаты Шолпанай Аманжоловаға және конференцияға қатысқан барлық қонаққа ризашылығын білдірді. Әдебиеттанушы Мақсат Тәж-Мұраттың жарық көрген су жаңа кітабының әр шаңырақтың төрінде тұратын, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін маңызды кітап болатынына сенім білдірді. Мәскеуден онлайн қатысқан «Родина подвига – Родине героя» халықаралық естелік және алғыс айту эстафетасының үйлестірушісі, Ресей Әскери ғылымдар академиясының Әлеуметтік жады институтының директоры, ММХҚИ доценті Александр Ужановқа да алғысын айтты. Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Орал халықаралық әуежайына қаһарманның есімінің берілуі батысқазақстандықтар үшін зор абырой әрі үлкен жауапкершілік деп атап өтті. Сондай-ақ жақында М. Мәметоваға арналған монеталар шығатынын айтты. Бақытжан Хаберұлы қадірлі қонақтар – Шолпанай Асқарқызы мен Шолпан Қанатқызына құрмет көрсетіп, қамзол кигізді. Ал қос қонақ болса, батыр Мәншүк үшін, қаһарманның туыстары деп көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ жас кездерінде Мәншүк Мәметова жөнінде естіген естеліктерімен бөлісті. Белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай Мәншүк туралы айтылған естеліктерден сыр шертті. Конференцияға қатысушылар РФ Псков облысы, Невель қаласындағы М. Мәметова атындағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Гущим Даниилдің батырдың жерленген жерінен түсірген бейнебаянын тамашалады.
Ғылыми-конференцияда алғашқы баяндаманы әдебиеттанушы ғалым Мақсат Тәж-Мұрат жасады. Ол «Мәншүк тұлғасын өзектендіру және мәншүктану мәселелері» тақырыбын қозғады.
– Бүгінгі ұрпақ соғыс дегеннің не екенін білмейді. Соның ішінде кешегі өткен соғысты да мандытып түсінбейді. Жастардың оған деген көзқарасы – формальды көзқарас. Мәншүк бейнесі осы бейжай көңілдің сеңін бұзып, бүкіл қазақты біріктіріп тұратын ұйыстырушы белгіге айналуы керек. Соғыс – өзінше бір оқу, жаттығу өткелі, майдан – практика, тәжірибе жинау кезеңі. Осы орайда біз Мәншүктің жауынгер ретінде де, командир ретінде де тез жетіліп, тез өскенін көреміз. Изоча стансасы түбіндегі соңғы шайқасын алайық. Станса маңындағы 173.7-інші төбе басында бір өзі қалғаннан кейін оқпананы бойлай қойылған үш пулеметке кезек-кезек ауысып соғысады. Неге десеңіз, зеңбіректегі сияқты пулеметтің де ең осал жері – ұңғысы, ол үздіксіз атқанда қызып, істен шығып кетеді. Су құйып салқындатқанша талай уақыт өтеді. Бұл – бір. Екіншіден, бір атып болғасын хронометраж іске қосылады. Әдетте бұған шамамен 5-6 минут кетеді. Сол аралықта атқыш қаруымен жаңа ұяға көшіп үлгеруі керек, әйтпесе төмпештеген жау снарядының астында қалады. Мәншүк осы орайда үш пулеметке кезек жүгіріп, позициясын көлбеу ауыстырып қана қоймай, бір сәт оқпанадан шығып, өзінің оқшашарымен жонды беткейлей алға жетпіс метрдей жылжып барып, атысты жаңа, бойлау позициядан жалғастырған. Бұл экспозиция пулеметшінің алдын ала ойластырылған динамикалық қорғаныс тәсілін қолданғанын көрсетеді. Яғни ұтқыр, маневрлік қорғаныс. Осы қалпында бұл тәсіл заманауи тактикалық соғысқа тән жан-қиярлықпен шайқасу, яғни бір орында қалып қоймай, үнемі қозғалыста жүріп соғысу әдісін еске түсіреді.
Сонымен бірге Изоча маңындағы жон үстіндегі Мәншүктің ақтық айқасы жан саны мол, қаруы күшті жауға аз күшпен, өз коэффициентіңмен-ақ ұтымды қарсы тұруға әбден болатынын көзапара көрсетуімен де құнды. Осы қалпында гвардия аға сержанты Мәншүк Мәметова imperator – әскери командир. Екінші дүниежүзілік соғыстың үлкен бір сабағы – алғы шепте сержанттар мен кіші командирлердің жоғарыдағы бағдаршы-басшылар не айтады деп күтіп отырмай, қиын кезде өз беттерінше жалтақсыз жол тауып кетуі. Ол кездегі майдан жағдайында қазіргідей рация, яки GPS болмаған. Телефонның өзі штабта, командалық пунктте тұрды. Жау болса, саған штабтан бұйрық келіп түскенін күтіп отырмайды. Міне, әлгіндей жан алқымға келген сын сәтте кіші офицерлер алғы шепте бастамашылдық танытып, ұрыс тағдырын өз қолдарына алған. «Жоспар қолбасшының шатыры астында емес, аспан шатырының астында ойластырып жасалған» дейтін қытай метафорасы осы жерге дәл келеді. Яғни кешегі соғыста Мәншүк сияқты бастамашыл, батыл, талантты сержанттар, старшиналар мен кіші құрам командирлері алғы шептегі негізгі бірлікке айналады. Бұлар болмағанда кеңес әскерінің Еуропадағы ең жауынгер халық – дойчты еңсеруі екіталай-тын. Ғажап емес пе, Мәншүктердің осы ұтқыр маневрлік тәсілін кейін Батыс елдерінің әскерилері қолданды.
Енді мәншүктанудағы проблемаларға келейік. Бүгінгі мәншүктану – тарихи дисциплина түрінде әрі жасамыс, әрі жас. Жасамыс болатыны – материалға кенде емес. Қазірдің өзінде 600-дей мәлімет бар. Бұл сан ай сайын, жыл сайын өсіп келеді. Бірақ олардың ішінде керегі де бар, кебегі де бар. Соңғысы көбірек деуге ықтиярлымыз. Сондықтан әлгі жадығаттардың өзара шатысқан, бірін бірі жоққа шығаратын тұстары көп. Қысқасы, әлі күнге дейін Мәншүктің біртұтас ғылыми ғұмырнамасы жасалмаған, тіпті туған күніне шейін әрқалай жазылып жүр. Екіншіден, Мәншүк жайында жазылған естеліктер, әлі айналымға түспеген жадығаттар бар. Мысалы, Әмина Мәметованың «Мәншүктің қысқаша өмірбаяны» дейтін қолжазбасы, кезінде Мереке Құлкенов жазып алған Әмина апайдың әңгімелері, Светлана Бектенованың Әмина апайдан магнитофонға жазып алған естеліктері әлі қолданысқа түскен жоқ. Көптеген заттық мұра, соның ішінде Әмина апайда сақтаулы тұрған Мәншүктің заттары, оның жасауы салынған сандық, Ахмет Мәметовтің кітаптары және басқалары кезінде апайдың мирасқоры болып танылған Исатай Жұмабаевқа, яғни апайдың сіңлісі Жаухардың ұлына көшкен делінеді. Қазір сол мұра қайда? Ешкім білмейді. Мәншүк кішкентайында бірге өскен, Жауһардың қызы Қаншайым Жұмабаева қазір де тірі, Қарағандыда тұрады. Оның да естелігі жазылып алынған жоқ. Оның қолында Мәншүктің өте нұсқалы фотосуреттері де бар. Сонан соң Мәскеудің кино архивіне тапсырылған «Мәншүк туралы жыр» фильмінің қайшыға түспеген алғашқы нұсқасын да іздестіріп тауып, жаңғырту күн тәртібінде тұр.
Келесі үлкен мәселе – Мәншүк тұрған жерлерге барып, оның табаны тиген орындарды зерттеу, архивтік эвристика жүргізу. Бізде көбірек зерттелгені – Орал мен Алматы, Невель, ал Саратов, Семей, Великие Луки және Мәскеу түбіндегі Бабушкин қаласы назардан қағыс қалып келеді. Тағы бір үлкен шаруа – Мәншүктің, Ахмет және Әмина Мәметовалардың фотосуреттерін түгел жиыстырып, атрибуцияларымен әзірлеу. Сондай-ақ ҚР Орталық архивінде сақталған «Мәншүк туралы жыр» фильмін талқылаған жиналыстардың хаттамаларын алу. Осылардың барлығын жинап, Мәншүктің сайтын ашып, соған жариялап, одан әрі фотоальбом түрінде кітап шығару қажет.
Ал осы және басқа да мен ескермеген қыруар шаруаны атқаратын бір орталық керек. Жай орталық емес, ғылыми-зерттеу жүргізуге қауқарлы орталық болғаны жөн.
Оны жаңадан ашып жатудың қажеті жоқ. Себебі ондай орын бар. Ол – Оралдағы Мәншүктің мемориал музей-үйі. Бірақ дәл қазіргі жағдайда музейдің жоғарыда айтылған қыруар шаруаны орнына келтіруге әлеуеті жетпейді. Шатырынан су ағып тұр, қызметкерлер құрамы аз, ғылыми қызметкер алу штатта қаралмаған. Жайсаң Ақбаев ағамыз 1996 жылы «Приуралье» газетінде Мәншүк музейіне бұрынғы категориядан тыс мәртебесін қайтарып беру мәселесін көтерген еді. Осы мәселе әлі де күн тәртібінде тұр. Мәншүк музейіне бұрынғы жекелік статусын, оның үстіне ғылыми мекеме мәртебесін қосып қайтарып беру керек, – деді Мақсат Тәж-Мұрат.
Мәскеуден онлайн қатысқан «Родина подвига – Родине героя» халықаралық естелік және алғыс айту эстафетасының үйлестірушісі Александр Ужанов Қазақстан мен Ресейдің әскери мемориалдық мұраны қорғау жолындағы бірлескен іс-шараларына тоқталды. Александр Евгеньевичтің айтуынша, халық­аралық естелік және алғыс айту эстафетасы әскери мемориалдық мұраны – кеңес жауынгерлерінің ескерткіштері мен әскери бейіттерін қорғауды мақсат етеді. Осылайша Кеңес Одағының Батырлары мен Даңқ орденінің толық иегерлерінің ерліктері негізінде ауылдар мен қалалар арасындағы туыстық қарым-қатынасты қалыптастыруды көздейді. 2020 жылдан бастап қазақстандықтар эстафетаға үн қоса бастаған.
Муниципалитетаралық бауырлас қалалар құру арқылы Кеңес Одағының Батырларын, қазақ жауынгерлерін мәңгі есте қалдыру бойынша бірнеше бастаманы қолға алған. Мысалы, биыл Мұрат Молдағалиев жетекшілік ететін «Атамның аманаты» қоғамдық іздеу қауымдастығы аталмыш халықаралық эстафетаның серіктесі болған. Тамыздың 31-де Ұлы Отан соғысына қатысқан әйгілі қару құрастырушы Михаил Калашниковтың ерлігі негізінде бірнеше ауыл мен қалалар арасында туыстық қарым-қатынас орнатыпты.
– Біз 23 қазанда Калинин майданының 3-ші соққы армиясының 21-гвардиялық атқыш­тар дивизиясының аты аңызға айналған пулеметшісі әрі медбикесі болған, аға сержант Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толуын атап өтеміз. Ал 15 қазан – аза тұту, мәңгілік есте сақтау және алғыс айту күні. Кеңестік кезеңнің балалары Мәншүктің ерлігін үлгі етіп, «Мәншүк туралы ән» фильмінен тәрбие алды. Мен де оның есімін жадымда жаттап өстім. Бүгінде бастамашыл топтар Мәншүктің есімін иеленген мекеме-ұйымдары бар қалалардың да өзара тығыз байланыс орнатуы қажет деп біледі. Мысалы, тігін бизнесін бауырластық қарым-қатынасты берік орнату үшін оңтайлы пайдалануға болады.
Невельдегі, Оралдағы тігін фабрикалары, Астанадағы М. Мәметова атындағы киім фабрикасы, Орал мен Невельдегі тігін мамандарын даярлайтын колледждер арқылы киім өндіру консорциумын құрып көруге болады. «MANSHUK» жеке брендімен жастар (әйелдер) киімінің желісін дамыту жөнінде идея бар. Айтпақшы, Невельдегі тігін фабрикасы Мәншүк Мәметова көшесінде орналасқан, бұл да кездейсоқтық емес, – деген Александр Евгеньевич жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Алматыдан Логистика және көлік академиясының профессоры, техника ғылымдары кандидаты Кеңес Жүсіпов онлайн байланысқа шықты. «Ерлігімен қазақ халқының даңқын әлемге әйгілі еткен қазақтың қос шынары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың өмір жолы талай ұрпаққа өнеге болары ақиқат. Аңызға айналған өр тұлғаларды тану – Отанды сүюдің, тектіліктің белгісі. Осы орайда патриотизм жайлы әңгіме еткенде даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыздың «Бұрынғы ерлікті дәріптеп, құрметтемей, жаңа ерлік жасау бос әурешілік» деген дана сөзін де жастарға айтып кету аға буынның парызы деп санаймын», – деді Кеңес Әмірләұлы. Ал Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мəдени, архитектуралықэтногрфиялық музей қорығының директоры Ғайса Махимов Мәншүктің туыстарының музейге тапсырған құжаттарының құндылығына тоқталды. «Ел арасында Мәншүктің туған күнінің қашан екені түрліше айтылып жүр. Біреулер 2 қазан десе, енді бір жерде 23 қазан деп жазады. Бірақ тумаларының айтуынша және зерттеу еңбектеріне сәйкес – 2 қазан. Сондықтан осы деректі негізге алу орынды деп есептейміз», – деді директор. Баяндамашылардан кейін, конференцияға қатысушылар тақырыпқа қатысты ойпікірлерін ортаға салды. Кезінде Жәнібек ауданында комсомол секретары болған Сәния Хамзина 1971 жылы елде алғаш болып Жәнібек ауданының орталығында М. Мәметоваға ескерткіш орнатылғаны жөнінде айтты. Ал Жәнібек ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Бекет Әліпқалиев: «Мәншүктің туып-өскен жері жөніндегі мәлімет бірізге түскені жөн» деді. «Уақыт өткен сайын Мәншүктің қайда туып, қалай өскенінен шатасып барамыз. Мәншүк кімнің қызы, әке-шешесі кім, кімдер асырап алған және басқа да деректер нақты анықталуы керек. Оның ерлік жасағаны анық, оған сөз жоқ. Ол ерлік жасағанының арқасында тарихта қалды. Жалпы батыр қыздарымызды тек атаулы күндерде, туған күндерінде емес, күнделікті өмірде неге еске алмаймыз? Мысалы, қыркүйектің бірі – Білім күнінде неге үш батыр қызымыз туралы сабақ жүргізбейміз? Біздің ерлікті ұмытуға хақымыз жоқ», – деді ақсақал. М.Мәметова атындағы Ақтөбе медициналық колледжінің директоры Мәжит Қозыбақов жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытындағы ойын ортаға салды.
Конференцияны қорытындылаған облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов тарих бұрмаланбауы қажет деді. Іс-шара соңында қарар қабылданды.
* * *
Ғылыми-тәжірибелік конференциядан кейін Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында С. Досановтың «Мәншүк» қойылымы сахналанды. Сұрапыл соғыс жылдарында жаратылысы нәзік болса да, қан майданда ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының есімдері ел есінде. Солардың бірі де бірегейі, қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші – Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова. Кейінгі ұрпақ батыр қыздарының рухына тағзым етіп, есімін мәңгі ұмытпауға бекінген.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық мединститу­тында оқып жүреді. 1942 жылы ол өз еркімен Қызыл армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешу­ші ұрыста ол қаһармандықпен қаза тапты. Осының бәрі «Мәншүк» қойылымында шынайы бейнеленді. Сахнада арманшыл, қиялшыл бала Мәншүк пен әділетсіздікке қарсы тұрған, өн бойы қайсарлық пен батылдыққа толы соғыста жүрген Мәншүктің образдары қатар өріледі.
– Не бары 20 жастамын,
Жазылған жоқ өмірбаян-дастаным,
Айтылған жоқ жақсы әнім,
Не бары 20 жастамын, – дейді батыр қыз өз монологында. Өрімдей қыздың өжеттігі, өрлігі, нәзіктігі қатар жүретін қойылымның режиссері Әлия Баймаханова. Мәншүктің бойындағы қорқынышы, үміті, қайтпас қайсарлығы, сертке адалдығы бейнеленген қойылымды Мәншүк Мәметованың туыстары көрерменмен бірге тамашалады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале