19.05.2022, 10:15
Оқылды: 72

Даму мен Дәуір талабы 

Мемлекеттің Негізгі заңының өзін, яғни Конституциясын даму мен дәуір талабына сай реформалап отыру – әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар дүние. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарымызға арналған биылғы Жолдауында: «Қазақстан Республикасы Конституциясының – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл құрылымға тікелей жүгіне алмайды. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Осыны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын» деп өз ұстанымын нақты айтқаны көпке мәлім.

61287a5428ad3

Жалпы еліміз үшін Конституциялық сот ұғымы жат емес. Ол 1995 жылға дейін елімізде нормативтік актілердің Конституцияға сай келуін қадағалайтын құрылым болып келді. Бұл жүйе негізінен 1992 жылдың 6 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Қазақстан Республикасының заңы негізінде құрылды. Оның құзыретіне актілердің конституциялылығын қараумен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің, Министрлер кабинеті мүшелерінің, Жоғарғы сот пен Жоғарғы Төрелік сот төрағаларының, Бас прокурордың, Қазақстан Республикасы дипломатиялық, өзге де өкілдіктерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қозғалғанда Республика Конституциясы мен заңдарын сақтау туралы қорытынды беру жатады. Ал 1995 жылғы Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың орнына сот жүйесіне кірмейтін Конституциялық кеңес құрылды.

Жасыратыны жоқ, араға ширек ғасырдан астам уақыт салып, Конституциялық сотты қайта жаңғырту даму мен дәуір талабынан туындап отыр. «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII сиезінде Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан дегеніміз – Әділ Қазақстан» дегені де көптің есінде. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Конституциялық сот – сол Әділ Қазақстан құрудағы ең алғашқы және өте  маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда сот саласында азаматтардың сенімін арттыру бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Әрі көптеген заң қағидаттарына (нормаларына) түзетулер мен өзгертулер енгізіліп, судьяларға деген талап күшейтілді. Әрине, сотта тараптардың бірі ұтса, екіншісі ұтылады, сол себепті өз уәждерін дәлелдей алмағандар үшін «кінәлі» тарап қашанда сот. Сондықтан Конституциялық соттың өкілеттілігі осы бағытта толықтырылып, оның мүшелеріне сот саласынан тыс, өмірлік тәжірибесі мол, көптің шынайы құрметіне ие болған ел азаматтарының тағайындалғаны оң нәтиже беруі тиіс. Осы ретте Президент Бас прокурор мен адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беруді ұсынғанын айта кетелік. Ойды Президенттің өз сөзімен түйіндесек: «Бұл бастамалар – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ институтционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Оған қоса, азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі».

Шынында, бұл референдум халыққа не береді, оның мән-маңызы қандай, заңгерлер қауымы осы жағын ел-жұртқа түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Сонымен бірге бұл – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына жасалған жауапты қадам. Ең бастысы, заңы күшті елдің ертеңге деген сенімі де мықты болары айқын. Егемен еліміздің келешегіне бей-жай қарамайтын әрбір саналы азамат осынау маңызды сәтте белсенділік танытып, ортақ істен шет қалмағаны абзал.

Әзизхан Баймахан,

№2 Орал қалалық сотының судьясы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале