19.05.2023, 11:00
Оқылды: 329

"Екі ай өтті, әлі далада отырмыз". Түркістанда жарылыстан қаза болған әйелдің отбасы үйсіз жүр

21 наурызда Түркістандағы жер үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан бір әйел мен үш баласы қаза тапқан болатын. Өрт салдарынан үй опырылып, күйеуі мен оның қарт анасы баспанасыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1b953a18-5d65-413a-b891-1ed5f42d3d13

Фото: ТЖД

Оқиға болған жерде киіз үй мен шетте шағын ғана бір бөлме тұр. Аумағы 10 шаршы метрден сәл-ақ асатын осы бөлме қазір бір отбасының асханасы да, жатын бөлмесі де, қонақ күтетін бөлмесі де екен. Тіпті қазаға көңіл айтып келушілерді қарсы алу мен марқұмдардың ақтық рәсімдерін де осы жерде атқаруға мәжбүр болған. Ал ауладағы киіз үйде аптапта тұру мүмкін емес. Іші қапырық. Онда тек жиынға келген ерлер жағын кіргізіп, бейсенбіліктерде ас береді екен. Ал жаздық асхана ретінде салынған бөлмеде жылыту жүйесі жоқ. Сондықтан бұл отбасының ендігі уайымы - үй тұрғызып алу.

"Екі-үш айда күз түседі. Наурызда келіп, өртенген үйдің орнын тегістеп кеткенде, әкімшілік өкілдері бізге "үй салып береміз" деп уәдені үйіп-төгіп кетіп еді. Бірақ міне көріп отырсыздар, екі ай сырғып өте шықты, әлі далада отырмыз деуге болады. Қазіргі уайымымыз сол - күз болмай, тым құрыса "времянка" болсын бір баспана салып алу. Өзім зейнеткермін, балам жұмыссыз. Қала берді, қара жамылып отырмыз, марқұмдардың рәсімдері бар, бізде үй салуға еш мүмкіндігіміз жоқ. Не істерімізді білмей отырмыз енді? Барсақ, бізді ешкім қабылдамақ түгілі, маңайына да жолатпады... Білмеймін енді не боларын...", - дейді үй иесінің анасы Әсия Қуандықова.

Қайғылы жағдайдан кейін ағайын-туыс, ел-жұрт 6 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен.

"Мынадай қымбатшылық заманда бұл қаражат баспана тұрғызуға жетпейді", - дейді олар.

Сондықтан әкімшілік тарапынанан көмек күтеді. Себебі жергілікті билік көңіл айта келген кезде қол ұшын созуға уәде берген көрінеді. Сондықтан мәселенің мән-жайын білу үшін қала әкімшілігімен байланыстық.

"Жергілікті әкімдіктің қолында дәл бұл кісілерге үй тұрғызып бере қоятын ақша жоқ. Дегенмен біз барынша мүмкіндік қарастырып, демеуші табуға талпыныс жасап жатырмыз. Қолдан келгенше, қолдау көрсетуге тырысамыз", - деді Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Гаухар Нұрмаханқызы.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале