11.06.2026, 9:30
Оқылды: 32

Экологиялық мәдениет қоқыс сұрыптаудан басталады

Облыс орталығындағы «Орал таза сервис» ЖШС қызметкерлері Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай оқушыларға экскурсия ұйымдастырды.

эко мусор (3)

Балалар алдымен кәсіпорынның жұмысымен танысып, қоқыс таситын көліктерді жөндейтін шеберханада болды. Түрлі білдектердің, құрал-саймандардың, тіпті қоқыс тиейтін көліктің қызметі туралы ақпарат алды. Бұдан соң «Оқушы» (школьник) аялдамасы маңындағы  экопункттің жұмысын көрді. Мұнда түрлі қағаздар, кітаптар, пластик ыдыстар, алюминий, пайдаланылған шемекі май және басқалар қабылданады. Балалар бұл жерде шикізаттардың қалай сұрыпталатынын көрді. Қандай заттан не өндіруге болатынын білді. Мысалы, екі келі қағаздан бір әжетхана қағазы дайындалады екен. Ал 1,5 литр пайдаланылған шемекі майдан бір кесек сабын жасалады.

сәуле

- Кәсіпорынның қызмет көрсетуді басқару орталығының басшысы Сәуле Аюпованың айтуынша, мұндай танымдық бағыттағы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Сондай-ақ қаладағы мектептерге барып, қоқыс сұрыптау жөнінде шеберлік сағаттар өткізеді. «Іс-шараның мақсаты – балаларға жастайынан қоқыс сұрыптауды үйретіп, қоршаған ортаны таза ұстауға баулу. Оларға пластик ыдысты бөлек, қағазды өз алдына бөлек жинап, пайдаланылған шемекі майды да төкпей, экопунктке тапсыруды үйреткен жөн. Осылайша тұрмыстық қалдықтарға «екінші өмір» сыйлауға болады. Себебі оларды өңдеп, қажетті зат жасайды. Бүгінде кәсіпорын ашқан үш экопункт жұмыс істейді», – деді Сәуле Аюпова (суретте).

Ақбике

– Қазір қалада үш экопункт бар. Алдағы уақытта санын көбейткіміз келеді. Бүгінде елімізде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға ерекше назар аударылып жатыр. Бұл нысандар оралдықтардың экомәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде деп ойлаймын. Жаз мезгілі басталғалы бері макулатура мен пластик ыдыстарды көп әкелуде. Жобаға серіктес компания осында тапсырылған шемекі майдан 72% кір сабын, сондай-ақ қағаздардан әжетхана қағазын шығарады. Экопунктке тапсырған шикізаттарды осы өндірілген өнімдерге айырбастап алуға болады. Алдағы уақытта әйнекті де қабылдағымыз келеді. Сол үшін әйнек өңдейтін кәсіпорындармен сөйлесіп  жатырмыз.

Биыл сәуір айында бір экопунктке 13 тоннадан астам мокулатура қабылданды. Ал жазды күндері картон қағаздар 30-40 тоннаға жетуі мүмкін. Пластиктер тоннаға жетуі кәдік. Жалпы әр ай сайын экопункттерге келетін адамдардың саны артып келеді. Әсіресе демалыстан кейінгі сәрсенбі мен жексенбіде кісі көп болады. Ай сайын экокункурс өткіземіз. Онда бір мезгілде төрт түрлі негізгі заттарды, яғни қағаздар, қалайы құтылар, пайдаланылған шемекі май және пластик бөтелкелерді тапсыру керек. Жеңімпаздар ақшалай және заттай сыйлықтар алады. Бізге жеті серіктес компания қолдау көрсетеді, – деді «Таза Орал» экопункттері жобасының үйлестірушісі Ақбике Ысқақова (суретте).

Балалардың саяхаты қаладағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешенде аяқталды. Бұл жерде олар нағыз еңбектің не екенін көрді десек, артық айтқандық  емес. Себебі мұнда жұмысшылардың түрлі тұрмыстық қатты қалдықтарды қалай қолмен сұрыптап жатқандарын көрді. Кейін қоқыс полигоны жөнінде де ақпарат алды.

«GREEN SERVICE COMPANY»  ЖШС қоқыс сұрыптайтын зауытының директоры Батырбек Ихсановтың айтуынша, мұнда күніне 250-300 тонна қоқыс әкелінеді. Соның тек 40%-ы ғана сұрыпталады. Қалдықтардың барлығын сұрыптамаудың себебі – жұмысшы жетіспейді. Қазір 50 шақты жұмысшы бар. Әлі  70-тей адам керек. Мұнда жұмыс істеу қиын болғандықтан жұмысшы тұрақтамайды. Жалақы 180 000-200 000 теңгеден жоғары. Белес, Переметный және қаладан келетін жұмысшыларды кәсіпорынның көлігі тасымалдайды.

– Зауытта пластик ыдыстар, картон, канистр, қалайы құтылар мен темір сұрыпталады. Шикізаттарды Ресейдің Самара, Орынбор, еліміздің Атырау қалаларына экспорттаймыз. Бұл зауыт компанияның жеке қаражатына салынды. Мемлекеттен ешқандай демеуқаржы алмадық. Алдағы уақытта картон мен пластиктерді, құрылыс заттарын өңдейтін цехтар ашқымыз келеді. Біздегі бір қиындық, тұрғындар қоқыс салатын жәшіктерге құрылыс заттарын көп салады. Бұл дұрыс емес. Жаз мезгілінде қоқыс полигоны жанатыны бәріне белгілі. Біреулер отты біз өзіміз тұтатты деп ойлайды. Алайда одан бізге зиян болмаса, пайда жоқ. Өрт шығуының бірден бір себебі – полигон ескірді. Қолданысқа берілгеніне 55 жылдан асты. Қоқыс астында биогаз жиналған. Негізі жабылуы керек  еді. Әкімдікке тапсырғымыз  келгенмен, қабылдамай жатыр. Кейбір тұрғындар қоқыстың арасына кәуап пісірген отынның қалдығын салып жібереді. Соның кесірінен қоқыс тиеген бір көлік өртеніп кетті. Абырой болғанда, жүргізуші түсіп үлгерді.

Жолда келе жатқанда өртенген көлікті өрт сөндірушілердің көмегімен өшірген кездер де болды. Біздің зауытқа балалар, жастар жиі келеді. Қалалықтар қоқыс қалдықтары қайда тасылатынын, олардың қалай сұрыпталатынын білмейді. Сондықтан  осы жерге келген жастар мұндағы жұмыстың оңай емес екенін көріп, мән-жаймен танысады, – деді Батырбек Әлібекұлы.

вера

Вера  Целищева, зейнеткер:

– Мен экскурсияға №9 мектептің 4-сыныбын бітірген немерем Левті алып келдім. Меніңше, бүгінгі іс-шара оған ұнады. Себебі кәсіпорынның жұмысы, қоқыс сұрыптау жөнінде айтылғандарды қызығушылықпен тыңдағанын байқадым. Осындай мазмұндағы іс-шаралар ауадай қажет деп ойлаймын. Қоқыс қалдықтарын арнайы ыдыстарға салмай, лақтырып кететіндерді  жиі көреміз. Осы жерге тапсыру үшін батарейкалар  жинап қойдық. Өзім экопункттер пайдаланылған шемекі май қабылдайтынын алғаш біліп отырмын. Бұл  өте жақсы екен. Себебі мұндай майды үйде еш жерге  құя алмай, қайда жіберерімізді білмейміз.

Адина

Адина  Аманғалиева, №6  мектеп  оқушысы:

– Мен бүгін қалдықтардың қалай өңделетінін, олардан не жасалатынын көрдім. Біз үйде қоқыстарды ұдайы сұрыптаймыз. Бір жылдан бері осы жерге тапсырып жүрміз. Экопункттерде ай сайын ұйымдастырылатын байқауларға қатысамыз. Ақшалай сыйлықтар ұттық. Балалардың көпшілігі бұл нысандардың жұмысы жөнінде біле бермейтін секілді. Енді достарыма қалдықтарды  сұрыптаудың маңызы жөнінде айтамын.

Ясипа Рахимқызы,

 «Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале