«Қаратөбе өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған «Қаратөбе өңірі – өткеннің шежіресі, бүгіннің үні» атты салтанатты шара Шөптікөл мәдени-спорт кешенінде жалғасты.

Алдымен қонақтар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырған «Тарихтан сыр шертеді» атты көрмені тамашалады. Көрмеде басылымның әр жылдардағы сандары, редакцияда қызмет атқарған редакторлардың еңбектері, фотосуреттер қойылды.

Жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сөз сөйлеп, аудан өмірінің шежіресіне айналған басылымның өңір тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ газетпен тығыз байланыста жұмыс жасап, аудан тыныс-тіршілігін оқырманға жеткізуге үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Шара барысында аудан әкімінің Алғыс хаттарымен Рысты Кәкімқызы, Тілекқабыл Сағынұлы және Ғабдрахман Мұратқалиұлы марапатталды.

Одан кейін сөз алған «Қаратөбе өңірі» газетінің редакторы Бекжан Қойшекенов басылымның 90 жылдық тарихына тоқталып, газет ұжымына қолдау көрсетіп жүрген барша оқырман мен әріптестерге алғысын жеткізді.
Мерейтой аясында ұйымдастырылған «Қаратөбе өңірі – халықпен бірге» атты үздік мақала байқауының қорытындысы жарияланып, ІІІ дәрежелі дипломмен Жұлдыз Есенаманова, ІІ дәрежелі дипломмен Марина Искакова, І дәрежелі дипломмен Айдын Ақсұлтанованы марапаттады. Жеңімпаздарға дипломмен қатар ақшалай сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ «Қаратөбе өңірі» газетін тұрақты оқып, редакциямен тығыз байланыста жұмыс жасап жүрген бірқатар ұжымдар мен азаматтарға Алғыс хаттар берілді. Олардың қатарында Жусандыой ауылдық округі әкімдігі аппараты, аудандық кітапхана ұжымы, Б.Қаратаев атындағы Саралжын жалпы орта білім беретін мектебі де бар.

Мерейтойда сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов, «Сырым елі» газетінің редакторы Бауыржан Ширмеденұлы және «Бөрлі жаршысы» газетінің редакторы Дариға Нұрашева мерейтой иелерін құттықтап, аудандық басылымның өңірдің қоғамдық-саяси және рухани өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.

Сондай ақ Нұрлыбек Нұрланұлы «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры атынан газет қызметкерлерін марапаттады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара барысында ақын Ертай Бимұхановтың сөзіне, сазгер Таңат Жексенбаевтың әніне жазылған «Төл газетім – мақтаным» әнінің тұсауы кесілді.
Р.Абай,
Қаратөбе ауданы