Облыстық мәслихаттың кезекті 25-ші сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары Тілепберген Каюпов, Қалияр Аймұхамбетов және мәслихат депутаттары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Жиынға облыстық мәслихаттың бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ербол Салықов төрағалық етті.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау мәселесі туралы баяндады. Облыстық бюджет түсімдерінің жалпы көлемін ұлғайту бюджет түсімдерінен алты млрд, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаражатты босатуы арқылы 38,6 млрд теңге – жалпы 44,6 млрд теңге бөлу есебінен жүзеге асырылады. Бұл қаржы-қаражат басталған жобаларды аяқтауға, көзделген іс-шараларды орындауға бағытталмақ. Осындай өзгерісті ескергенде қазына қаржысының көлемі 525,2 млрд теңгені құрайды. Бұл мәселе көпшілік дауыспен қолдау тапты. Бюджет қаражаты өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалады.
Әлеуметтік салаға 2,6 млрд теңге бағытталады. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының ағымдағы шығындары мен материалдық-техникалық жарақтандырылуына – 1,9 млрд теңге, Казталов аудандық ауруханасының ғимаратын реконструкциялауды жалғастыруға – 244,9 млн теңге, Бөрлі аудандық ауруханасының стационар ғимаратына жапсаржай салуға – 131,7 млн теңге, облыстық Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры ғимараты бойынша ғылыми-реставрациялық жұмысты жалғастыруға – 200 млн теңге, А. Островский атындағы драма театры ғимаратын жөндеуді аяқтауға 100 млн теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласына 1,3 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін мамандандырылған ұйымдарды несиелендіруге 1 млрд теңге бекіту ұсынылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 30,5 млрд теңге тиесілі. Оның ішінде Орал қаласында тұрғын үй сертификаттарын беруге – 200 млн теңге, «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы аясында Казталов ауданынан тұрғын үйлер сатып алуға – 178 млн теңге, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына 12 аудан мен Орал қаласында коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер сатып алуға – 628,5 млн теңге бөлінеді. Тасқала ауданы мен Орал қаласында апатты деп танылған үйлердің азаматтарына пәтер сатып алуға – 595,5 млн теңге, әлеуметтік осал топтар санатындағы кезекте тұрған азаматтарға 12 аудан мен Орал қаласында жалдамалы пәтерлер сатып алуға – 9,9 млрд теңге.
Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 3,1 млрд теңге бағытталады. Негізінен облыстық және аудандық маңызы бар аутомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуді, құрылыс және реконструкциялау жобаларын аяқтау көзделген.
Депутат Мереке Ғабдуалиев баяндамашыдан Сырым аудандық бюджетін толықтыруға 1 млрд теңге бөлу мәнісін сұрады. «Аудан бюджетінің кіріс бөлігінің жыл соңына дейін 1,5 млрд теңге көлемінде орындалмау қаупі зор. Бұрын үш жылдық бюджет жоспарлағанда көптеген ірі компания Сырым ауданында тіркелген. Енді олардың мекенжайларын өзгертуіне байланысты биылғы бес ай қорытындысында бюджет жағдайы мүшкіл. Сондықтан осы жылға қарастырылған жоспарлы шығыстарды толық көлемде қаржыландыру мақсатында бөлінді», – деп жауап берді Нұрлан Есенғалиев.
Халық қалаулылары ауылдық елді мекендерде еңбек ететін азаматтық қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселесін қарады. Қабылданған шешімге сәйкес архив ісі саласында қызмет атқаратын мамандардың лауазымдық айлық ақылары мен тарифтік мөлшерлемелері 25%-ға ұлғайтылады. Мұндай шара мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ сессияда Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясы қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына 50% мөлшерінде ынталандыру үстемақысын қосу мәселесі қаралды. «2026 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап филармония қызметкерлерінің негізгі лауазымдық жалақысына 50% мөлшерінде үстемақы қосу ұсынылады», – деді мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев.
Баяндамашының айтуынша, бұл шара мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалауға және саланың дамуына қосымша серпін беруге мүмкіндік береді. Үстемақы қосу ұсынысы мақұлданды. Одан басқа облыстағы тұрғынжайды реновациялау бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында облыстың тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңарту көзделуде. Сонымен қатар өңірдегі елді мекендердің жасыл екпелерін күтіп-баптау және қорғаудың қағидалары туралы мәслихат шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізілді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссиялары құрамындағы бос орындарға жаңа кандидаттар бекітілді. Баяндамашы облыстық мәслихат аппаратының басшысы Алмас Хайруллиннің айтуынша, округтік сайлау комиссияларының 16 мүшесі өз өтінішімен комиссия құрамынан шыққан. Заңнама талаптарына сәйкес конкурс жарияланып, саяси партиялардың құжаттары 15 күнде қабылданды. Осыған байланысты аталған шешімге өзгерістер енгізу мақұлданды.
Халық қалаулылары алыс ауылдарға бастайтын жолдарды жөндеу жайындағы сауалдарын қойды. «Биыл даму бюджетіміз 15 миллиардтан 23 миллиард теңгеге жетті. Осының барлығы да былтырғы басталған жобаларды аяқтауға жұмсалады. 302-307 шақырымдағы Бисен ауылынан бері қарай Жаңақала бағытына қосылатын жолдың құрылысына арналған жоба биыл жасалмайды. Оның жобасы 2027-2028 жылдары бюджет аясында қаралады», – деді Тілепберген Каюпов.
Облыс әкімінің орынбасары сессия жұмысын қорытындылап, қабылданған шешімдердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтуға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»