Warning: session_start(): open(/tmp/sess_4qv87af5q9neb6g1lmbs69cb63, O_RDWR) failed: No space left on device (28) in /www/wwwroot/zhaikpress.kz/wp-content/themes/zhaik_2024/functions.php on line 288

Warning: session_start(): Failed to read session data: files (path: ) in /www/wwwroot/zhaikpress.kz/wp-content/themes/zhaik_2024/functions.php on line 288
Жайық Пресс - Ел есіндегі ер - официальные новости ЗКО
20.12.2022, 9:45
Оқылды: 92

Ел есіндегі ер

Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Шәріп Хайруллиннің туғанына – 95 жыл.

IMG-20221220-WA0002

Саналы ғұмырын туған елі мен жерінің гүлденуіне арнап, зейнеткерлікке шыққанға дейін бір жерде табан аудармай еңбек еткен аға буын өкілдерінің бірі – Шәріп Хайруллин атамыз. Мынау жарық дүниеде тоқсанның төрін көріп, бақиға аттанған сол азаматтың туғанына 95 жыл толып отыр.

Шәріп Хайруллин 1927 жылғы 25 желтоқсан күні Жаңақала ауданына қарасты Соркөл жайлауында өмір есігін ашқан. Балалық шағы ашаршылық кезеңмен тұстас келген атамыздың әкесі Хайролла отбасын асырау үшін нәпақа іздеп кетіп, содан қайта оралмаған. Қай жерде, қалай қайтыс болғаны да белгісіз. Жетім ұл 1933-42 жылдары Жаңақала ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, оны 15 жасқа толғаннан кейін бұл жерден шығарып жібереді. Содан іргелес жатқан Фурманов ауданына қоныс аударған анасына келіп, өз қамқорлығын көрсетпек ниетпен оқудан біржола қол үзеді. Бірақ дерті меңдеген жан 1945 жылы 65 жасында қайтпас сапарға аттанады. Енді сенері қалмаған қайсар ұл бойын тіктеп, тірлік көшіне ереді. Өзінің алғырлығы мен адалдығының арқасында ерте көзге түсіп, Фурманов ауылдық кеңесі атқару комитетінің хатшылығына тағайындалады. Іскерлігімен ел-жұртына жаққан азамат кейін аудандық кеңес атқару комитетінде қызмет атқарып, 1956 жылы Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. 1960 жылы Талғар ауыл шаруашылығы техникумын зоотехник мамандығы бойынша қоса бітірген Ш. Хайруллин Фурманов ауданына қайта оралды. Әуелі аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, одан соң аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының басшысы болып, өзінің айшықты қолтаңбасын қалыптастырады.

1961 жылдың 18 ақпаны күні сол кездегі Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жұмаш Қазымовтың қарсылығына қарамастан, жоғары басшылық оны «Красный партизан» кеңшарына директорлыққа бекітеді. Бұл кезде аталған шаруашылықтың шаруасы шатқаяқтап тұрған-ды. Тіпті 1955 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бисен Жұмағалиев, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ізмұхан Масалиев, аудандағы белді шаруашылық басшылары – А. Борисов, Д. Селькин, М. Мирманов, Қ. Өтеғалиев секілді ел азаматтары жиналып, алдымен «Красный партизан» кеңшарында мал азығы мәселесін шешу жолдарын іздейді. Түйін нағыз шешілмеген жағдайда, бұл шаруашылықты тарату туралы хаттама тұрғызылып, ол облыс басшылығына жіберілгені де осы кез еді.

Сонымен, Шәріп Хайруллин шаруашылықты қабылдап алған уақытта  мұндағы 45 қыстақта 3641 ірі қара, 36 219 қой, 413 жылқы, 86 түйе және 50 шошқа болған көрінеді. 18 ұлттың өкілі топтасқан жерде бірінші қоғамдық тәртіп қатаң сақталып, шаруашылықта құрылыс жұмыстарына, бау-бақша егуге, қолдағы жем-шөп қорын барынша үнемді жұмсауға баса көңіл бөлінеді. Сонымен бірге малшы-шопандар қысы-жазы ауданға қарасты (ол кезде Жаңақала ауданының біраз бөлігі Фурманов ауданының иелігінде болды) Бекетай құмының төңірегіндегі «Бірлік», «Жаңаталап» кеңшарларының жеріне, Тасқала ауданына қарасты Хайруш елді мекені маңындағы Тәйке, Сердалы қыстақтарына, Ақкөл, Талдықұдық, Қараөзен аймағына көшіп-қонып, еңбек етуге мәжбүр болған. Сол тұста мықтап қолға алынған жүгері сүрлемін дайындау жұмыстарына қатысты алқалы жиын да осы кеңшарда ұйымдастырылып, оған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы өзі қатысады. Осылайша, бірқыдыру уақыт аралығында Порт-Артур, кейін Ақпәтер атанған ауыл-аймақтың экономикасы мен мәдениеті қатар өркендеп, кешегі қиын күндер артта қалады. 1966 жылы  кеңшар директоры Шәріп Хайруллин мен партком хатшысы Сағынгерей Сәрсимов «Құрмет белгісі»,   прораб Мария Урусова Еңбек Қызыл Ту орденін өңірлеріне тағады. Содан 1967 жылдың 1 шілдесінде кеңшар тізгінін Ө. Бектеміровке табыстаған Шәріп ата аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына келеді. Одан арғы өмір-дерегінде аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, Фурманов аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы болғаны көрсетіліп, 1988 жылдың мамыр айында  республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанғаны жазылған. Жалпақтал өңірінде елу жыл қалтқысыз һәм үздіксіз қызмет атқарған Шәріп атамыздың 30 жыл аудандық партия комитетінің мүшесі, 20 жыл бюро мүшесі, 35 жыл аудандық кеңестің депутаты болғанын да айта кетелік. Елге еңбегімен жаққан ер Казталов ауданының құрметті азаматы  атанған. Сүйікті жары Шөкей (Оразова) әжеміз екеуі 65 жыл тату-тәтті ғұмыр кешіп, 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Ендеше, өмірі өнеге осындай арыстарымыздың атын ардақтап, есімін ел есінде жаңғыртып отыру – біздің, кейінгі толқынның парызы һәм қарызы деп түсінемін.

Айгерім Жапақова,

облыстық мемлекеттік мұрағаты  Жалпақтал филиалының архивисі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале