28.01.2022, 9:40
Оқылды: 170

EXPO-ның таңғажайыптары - Дубай: EXPO-2020

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі қала – Дубайда дүниежүзілік EXPO-2020 көрмесі өтуде. Көрме әлемде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты белгіленген уақытынан бір жыл кейін, яғни былтыр  1 қазанда басталды. Биылғы наурыздың соңына дейін жалғасады.

 экспо2

Көрме алаңының аумағы – 438 гектар. Мұндағы 190 ел өкілдерінің павильондары қатарында  Қазақстанның да көрмесі бар.

3wertg (1)

Ендеше, бүгінгі айдарда https://dtek.com/ сайтының мәліметіне сүйене отырып, ЭКСПО-дағы жаңа технологияларды назарларыңызға ұсынамыз.

Цифрлы ЕХРО-қала 

expo 1

Ең алдымен көрме орталығының аумағында салынған IIoT (Industrial Internet of Things) инфрақұрылымын айтқан жөн. Өйткені IІoT-дің, яғни заттардың индустриалдық интернетінің арқасында биылғы көрме – ЭКСПО-ның 167 жылдық тарихындағы ең жоғары деңгейде цифрландырылған әлемдік көрме атанды. MindSphere Smart City-дің тың жаңалығы бойынша көрмеге келген қонақтарға алты ай бойы сапалы қызмет көрсетіледі және электр қуаты мен суды аз тұтыну оңтайландырылған.  Цифрлық инфрақұрылымға 200  мыңнан астам датчик қосылған.

4,38 шаршы шақырым аумақта орналасқан 130-дан астам ғимарат өзара заттар интернеті арқылы байланысқан. Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, мұнда жүзеге асқан жобалар әлемдегі ақылды қалаларға үлгі бола алады.

150-ден астам  робот бар Көрмеге келген қонақтарға 150-ден астам робот қызмет көрсетеді. Осылайша олар робототехниканың әлеуеті қаншалықты зор екенін паш етуде. Олар келушілерге тамақ пен сусындарды жеткізіп, павильондарға  жол сілтейді. Адамдарға кеңес беріп, суретке түсіреді. Роботтар мультисенсорлық экрандармен жабдықталған және 5G-мен жұмыс істейді.

Супер жылдамдық  

капсула копия

EXPO-ға келушілер Hyper-loop капсуласын сынап көру мүмкіндігіне ие. Болашақта жолаушылар оның көмегімен Дубайдан 140 шақырым қашықта орналасқан Абу-Дабиға 12 минутта жете алады. Бұл жобаның 2030 жылы жүзеге асырылатыны хабарланды. Көрмеде Virgin Hyperloop компаниясы футуристік көлікті ұсынды.

DP World's Flow павильонында жолаушылар салонынан басқа, 10 метрлік жүк контейнері де көрсетілді. Аталмыш екі капсула да 1080-1200 км/сағ жылдамдықпен жүре алады. Олар экологиялық таза электр қозғалтқышы мен электромагниттік левитация арқылы жүреді. Wam агенттігінің мәліметінше, Hyperloop сағатына шамамен 3400 адамды тасымалдай алады. Бұл күніне 128 мың адам немесе жылына 24 миллион адам тасымалданады деген сөз.

«Ақылды айна»

айна

EXPO көрмесіндегі Dubai Islamic Bank павильонында адам бойының тікбұрышты пішініне келетін «Ақылды айна»  смарт құрылғысы ұсынылды. Оған жақындаған адам өзі-нің  барлық жеке банктік деректерін бірнеше секунд ішінде біле алады. Яғни қандай шоттар ашып, қандай несиелер алғанын, тіпті қандай және неше төлем картасы бары да «мен-мұндалап» шыға келеді. Клиент биометриялық технология – бет әлпеті немесе саусақ ізі арқылы танылады.

Павильон иелерінің айтуынша, 2050 жылдары аталмыш «ақылды айна» адамның денсаулық жағдайын, спорттық дене бітімін, қоршаған ортаға деген көзқарасын бағалайды. Сондай-ақ  салауатты өмір салтын ұстанғаны немесе табиғатты аялағаны үшін банк клиенттерін арнайы ұпайлармен, ұсыныстармен және бонустармен марапаттайды.

POWER-TO-X технологиясы

POWER-TO-X

Финляндияның павильонындағы Wärtsilä ұсынған Power-to-X технологиясы ерекше назар аудартады. Power-to-X – соңғы жылдардағы ең қызықты энергетикалық технологиялардың бірі.  Power-to-X жүйесінде отын ауадан алынған көмірқышқыл газынан (СО2) синтезделеді. Wärtsilä-ның мәліметінше, жақын болашақта бұл технология энергетика немесе көлік секторы сияқты басқа да  салаларда қазба отынды алмастыруға көмектесуі керек.

Энергия, су және азық өндіретін ферма

niderlandi

ЭКСПО-дағы бірнеше павильон қаладағы бағбаншылық пен вертикальді фермаларға арналған үздік идеяларды ұсынады. Ал вертикальді ферма дегеніміз – гидропоника немесе аэропоника әдістерін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге арналған жоғары аутоматтандырылған агроөнеркәсіптік кешеннің жалпылама атауы. Ол арнайы жобаланған немесе бейімделген ғимарат ішінде орналасады.

Бұл тұрғыда Нидерланды оқ бойы озық көрінеді. Бұл елдің павильонында шөл жағдайында да ауадан су алатын Rainmaker технологиясы көрсетілуде. Мамандардың сөзінше, Rainmaker күн сайын ауадан 800 литр су алады. Бұл процесс шатырға орнатылған жеңіл, органикалық мөлдір күн панельдері арқылы өндірілетін жаңартылатын энергияға негізделген. Сонымен қатар панельдер арқылы өтетін күн сәулесі өсімдіктердің фотосинтезделуіне көмектеседі. Аталмыш  технология құрғақ климаттағы су тапшылығы мәселесін шеше алады.

Кванттық компьютерлер

kvantoviy-komp

ЭКСПО көрмесіндегі «Болашақ банк ісі» павильоны банк ісіндегі кванттық есептеулердің (QC) артып келе жатқанын көрсетеді. Кванттық компьютерлер әдеттегі  компьютерлерге қарағанда мүлде  басқаша жұмыс істейді.  Кез келген алгоритмдік есептерді шешу үшін кванттық биттерді пайдаланады. Кванттық компьютерлердің дамуы химия, биология, көлік салалары мен медицинаның дамуына тың серпіліс береді. Мұндай  компьютерлер осы салалардағы мәселелердің оңтайлы шешімдерін табу үшін қаржылық, фармацевтикалық немесе климаттық деректерді өңдей алады. Бұл компьютерлердің мүмкіндіктерін пайдаланудың ең жарқын мысалдарының бірі ретінде IBM мен Daimler арасындағы бірлескен жобаны айтуға болады. Компаниялар электромобильдерге арналған аккумуляторлардың жаңа буынын жасау үшін күш біріктірген.

Қорыта айтқанда, EXPO-2020 –  зияткерлік және өзге де қызметтерді одан әрі аутоматтандыруды уәде ететін төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінің қақпасы іспетті.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале