1.04.2021, 9:35
Оқылды: 2774

Ғалым ағаның кемел келбеті...

Үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да – арлы іс. Өнегелі ұстаз, ұлағатты ғалым бола білген ағалардың кемел келбеті, жақсылық шарапаты, ұстаздық ізгі ниеті қашанда көңіл төрінде орын алары сөзсіз. Сол ізгі жандардың бірі, тілші ғалым, өнегелі ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Қайыржанұлының мерейлі 50 жылдығы қарсаңында игі ниетпен жақсы сөз арнауды, шәкірттік, әріптестік ізгі тілек білдіруді парыз санаймын. 12417FA2-4192-4DB6-8AFA-5AC47D7F1904

Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та – ардың ісі. Ол да бір жарық сәуледей бір өзіне қаншама қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтаған. Осы бір жарқырайтын сәуле жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйласа, нағыз азамат та – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат иесі бола білген ардақты адамды халқымыз ардақты азаматқа бағалаған. Осындай сыйлы ұстаздарымыздың бірі - Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы – Хасанов Ғабит Қайыржанұлы ағамыз.

914EDC9C-C055-42F6-9A90-184E4698B4AB

«Ұстаз - жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадында ұстаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс.

82BC1C5D-C264-4F46-852B-6D20AC0861FA

Ғабит Қайыржанұлымен әріптестік ортада бірге қызмет етіп жүргенімізге 12 жылдай (2009 жылдан) уақыт болған екен. Оған дейін де ғалым-ұстаздың еңбектерімен де, өзімен де таныспыз. Ғабит Қайыржанұлы 2009 жылы докторлық диссертациясын қорғаған уақытта, менің де кандидаттық диссертациямды қорғау кезеңімен тұспа-тұс келген болатын. Мақала шығару, монография жариялау секілді қорғау жұмыстарымен жүргенде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де көрісіп тұратынбыз. Бұл ғылыми ізденіс жолында жүрген сәттегі таныстық еді.

Сөз басында ұстаз деп атап өткем ағайды. 2009 жылы мен де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің диссертациялық кеңесінде қорғап келгеннен кейін, Махамбет университетіне жұмысқа орналастым. Осы университеттің түлегі емеспін. Маған дейінгі, менен кейінгі сан мыңдаған студент шәкіртке білім беріп, ұстаз болған Ғабит Қайыржанұлы маған студент атанбай тұрып, оқушы кезімде дәріс берген екен. Анығырақ айтсам, С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат кешенінде олимпиадаға, ғылыми жобаларға қатысатын оқушыларға университет ғалымдары білім байқауларына дайындық курстарын жүргізіп, кеңес беріп, дәрістер оқитын. Бізге сол кезде түстен кейінгі уақытта «Болашақ» деген сабақ өтетін. Осы сабақтан Ғабит ағай сабақ беретін. Бір қызығы ағайымыз құр тілдік талдау жасап, кетіп қалмайтын. Бағыты қазақ тілі болса да, әдебиет сабағынан да кеңестер беретін. Олимпиада тапсырмасымен шектелмей, болашақ маман болып қалыптасуда өмірлік сабақ болар өнегелі әңгімелерімен де есте қалған еді. Қызықты әңгіме жалғаса беріп, интернаттың уақытымен берілетін тамағынан қалып қойған да кездеріміз болған. Сол дайындықта қай сұрағына дұрыс жауап берсең де, «сен мықты біліп тұрсың» демейтін. Бір сұрағын білмей қалсаң, не шатассаң, «педлицей алға шығып кетті», не «қала мектебінің оқушысы дәл осы сұрақты білген» дейтін. «Болашақ» сабағына жоғары сынып түгел бірге қатысатынбыз.  Тілдік бағытта сұрақ күтіп отырсаң, ағай әдебиеттен қоятын. Бір күні халық ауыз әдебиетінен үзінділер берді, тұрмыс-салт жырларының түрлерін табу керек. Ағай еш уақытта жауабымен тест сұрағын бермейтін. Барлығы ашық сұрақтар, жауабын өзің табасың. Сол жырдан ағайдың айтуымен көп оқушы таппаған қоштасуды тауып, бір қуанғаным әлі есімде. Сол кезде қосымша сабақтар өте көп өтетін. Бәріне қатысатынбыз, біріне апайымыз қажет болады деп қатыстыратын, біріне өзіміз асыға келетінбіз. Ғабит ағайымыз берген «Болашақ» сабағы асыға келетін, жай келе салмай, тыңғылықты дайындықпен келетін сабақтардың бірі болған еді.

Кейін Алматыдан университет бітіріп, кандидаттық қорғап, Махамбет университетіне келгеннен бері бір кафедрадамыз, әріптеспіз. Ғабит Қайыржанұлының жолдасы, жақын туыс әпкем боп келетін Іңкәр Өтебайқызымен де ғылыми ізденіс барысында ағай таныстырған. Содан бері сыйластығымыз үзілген емес.

Шәкірт тәрбиелеп, магистр тілші мамандарды дайындап шығарған Ғабит Қайыржанұлы шәкірттеріне «қатаң ағай» санатында емес, ал әріптестік ортада өзіндік таным мен терең білім, сабырлылық қасиеттерімен ерекшеленген тұлға ретінде таниды.

Жыл соңында мемлекеттік емтихан тапсырып, магистрлік дисертация қорғау уақытында комиссия мүшесі ретінде қатысып отырып, бір байқағаным, ағайдың магистрлік диссертация тақырыптарының ерекше боп келетіні анық байқалып тұратын. Ал ғылыми ізденістер нәтижесінде туған «Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы»,  «Тіл мәдениетіне кіріспе», «Семантикаға кіріспе», «Әлеуметтік лингвистика», «Основы семиотики», «Тіл мәдениеті және стилистика курсы, «Лингвистикалық семантика», «Лексикалық мағына, «Когнитивті лингвистиканың категориялары», «Блум таксономиясы бойынша қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Семантика және синтагматикаға кіріспе», «Талғам табиғаты» атты монографиялық еңбектері мен оқу құралдары құнды зерттеулер қатарынан табылары айқын. Ғабит Қайыржанұлы зерделеген тіл біліміндегі лексикалық синтагматика, семантика, әлеуметтік және когнтитивті лингвистика аясында жасаған күрделі зерттеулері негізінде жасаған ғылыми тұжырымдары туралы сөзді тілші ғалым  әріптестері мен шәкірттеріне қалдыруды жөн санаймын.

Ғабит Қайыржанұлы атаққа ұмтылып, марапат қуған жандардың қатарынан емес. Өзіне тән сабырлылықпен қарапайым ғылым адамына тән қасиетімен көпке үлгі. Білім беру саласында атқарған еңбегі еленіп, «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болса, универсиеттің 85 жылдығы қарсаңында «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Бұл өз саласындағы таза еңбек пен төккен тердің нәтижесі екендігі даусыз.  

«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жүретіні заңды. Ғабит Қайыржанұлы кісілік келбетін келістіріп, кішілікті де танытып келе жатқан ғалым ағалардың бірі бола білді және ол туралы ғалым іні деп үлгі тұтар аға буын ғалым ағалар мен апаларымыздың жақсы сөзін ғана естіп келеміз. Ғылыми жетекшісі, ғылымдағы ұстазы Берікбай Сағындықұлының білімді де білгір шәкірттерінің бірегейі бола білді. 2015 жылы Еуропа сапарында Париж қаласында өткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының бірқатарымен бас қосқан ғылыми жиын барысында профессор, тілші ғалым Салқынбай Анар, Смағұлова Гүлдархан апайлар мен өзге де ғалым әріптестерінің Ғабит Қайыржанұлының докторлық диссертациясын қорғау сәтін еске алып, оралдық мықты ғалымдар қатарынан екендігін айтып отырғанда қуанғанбыз.

Е. Букетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Ғабит Қайыржанұлының бойынан  осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің табылары сөзсіз. Ағайымызға өзіңіздегі терең  біліммен бөлісіп тәрбиелеген, өзіңіздей білікті ғалым шәкірттеріңіз көп болсын деген тілектеміз.

Өнегелі отбасы институты деген ұғым бар болса, ол Ғабит ағайымыз тәлім алған Хасановтар әулеті Жайық жұртына ғана емес,  көпке аян.  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалы да осының дәлеліндей.  

Әр адамның басты парызы – еліне, ұлтына қызмет ету болса, ел ертеңі үшін тер төккен, Төлеген Иманғазиевтей Алаш ардақтысының, текті бабасының ұрпағы, ел тарихын зерделеген көрнекті өлкетанушы, журналист Қайыржан Хасановтай әкенің ұлы болу бақыты бұйырған Ғабит Қайыржанұлы өзі жоғары білім алып, қызмет етіп келе жатқан Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филолог студенттері мен ғалым шәкірттерін  ана тілін ардақтайтын, мәртебесін арттыру жолында үлес қосатын ұлтжанды да білікті маман етіп дайындауда үлкен үлес қосып келе жатқан ғалым ағаның ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз үшін де әрқашан биік тұғырда тұрады.

Рита Сұлтанғалиева,

М. Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале