20.06.2023, 9:00
Оқылды: 1654

«Газет оқымаймын» деу мұғалімге жараса ма?!

«Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың таяуда Түркістан шаһарында өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты алқалы жиынында сөйлеген сөзінен Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары «Газет оқымаймын» дейтін мұғалімдер көбейді. Бұған, өзіміздің мерзімді баспасөз өнімдеріне, яғни газет-журналдарға жазылым маусымында куә болып келеміз.

FkVKz-7XwAEJLFJ-9

Орал қаласындағы білім ошақтарына барып, директорлармен, мұғалімдермен тілдескенде олар «Педагог мәртебесі туралы» заңды алға тартады. Аталған заңнаманың 6-бап (Педагогтің кәсіптік қызметін қамтамасыз ету) 2-тармағының 4-тармақшасында: «Оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеуге жол берілмейді» деп көрсетілген. Ұрандатушылар осыны желеу етіп жүр. Бұл тармақшаның «тәпсірі» – басылымға үгіттеп жаздыруға болмайды. Мұндағы «тауарлар» дегеніміз газет-журналдар болып шықты. Әйтпесе, 21 баптан тұратын заңнамада педагог газет-журнал оқымасын деген талап жоқ. Біз мұғалімдерді интеллигенцияның жарқын өкілі деп есептейміз. Оу-у, сонда газет оқымайтын, кітап оқымайтын интеллигенция да бола ма екен? Бұл – бір.
Осындайда бұрынғының мұғалімдері ойға оралады. Олардың қай-қайсысы да, газет-журналдарды көптеп жаздырып алатын. Елдегі, әлемдегі жаңалықтарды, саяси оқиғаларды біліп, айналасына таратып отыратын. Ал сондай ұстаздардан тәлім алған талай шәкірттер биіктерге өрледі, ғылым, білім, өндіріс саласында ірі жетістіктерге қол жеткізді. Енді газет-журнал оқымайтын мұғалімдердің интеллектуалдық дәреже-деңгейін бағамдап қарап көріңіз. Ондай мұғалімдерден үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие алған шәкірттер ше? Ойлаудың өзі қорқынышты…
Бұрын мұғалімдер былай тұрсын, газет-журналға оқушылардың ата-аналарын жаздыратын. Содан сол ұрпақ жаман болды ма? Шетінен журналист болып кетпегенімен, ұлттың руханиятынан, ел мен әлемнің тыныс-тіршілігінен, ішкі-сыртқы саясаттан, халықаралық жағдайдан мол хабардар, жан-жақты жетілген тұлға боп қалыптасты. Ол кездің шопандарының өзінің етіктерінің қонышында «Жұлдыз», «Жалын» журналдары жүретін. Бүгінде «Ұлан» мен «Балдырғанды» білмей өсіп жатқан бала қаншама?! Бүгінгі мұғалімдердің кейбірі жекеменшік оқу орындарын сырттай бітіріп алған, ал әрі қарай өз бетімен ізденіп, жүйелі кітап, газет-журнал оқып, өзін-өзі жетілдіріп жарытпайды...
Екіншіден, сенбіліктің жайын сөз етсек. «Педагог мәртебесі туралы» заңда «Педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды, тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам» делінген. Яғни ұстаз оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруі тиіс. Байқасаңыз, жылына екі-үш мәрте болатын сенбілікке дәрігер де, әкімшілік қызметкері де, журналист те, инженер де шығады. Мектептегі сенбілікте кіші қызметкер мен оқушылар және білім ошағының директоры жүреді. Туған Отаныңның патриоты болу туған жерді сүюден басталмаушы ма еді?! Туған жерінің тазалығына атүсті қарайтын адам туған елін сүйеді дегенге сенесіз бе? Қызмет етіп, нанын тауып отырған мекеменің тазалығына титімдей үлес қоспаған мұғалім шәкіртіне қалай «Отанның патриоты бол!» деп айта алады?!
Ұят та болса айтайық, кей мұғалімдердің уатсаптағы жазбаларында бір сөйлемнен ең кемі төрт-бес қате шығып тұрады. «Осы сауатымен балаларымызды оқытып отыр-ау дейсің» ішіңнен. Айына 100 000-150 000 теңге ғана жалақы алатын ата-ана байғұс баласын бастауыштан бастап репетиторға апаруға мәжбүр. Оның ақшасы тасып бара жатқан жоқ. Мойындауымыз керек, ата-аналар мұғалімнің білім деңгейіне сенбегендіктен, ұл-қызының оқу бағдарламасын тиісті деңгейде меңгере алмауына байланысты амалсыз репетитор жалдайды. Сонда 250 000300 000 теңге жалақыны мемлекет мұғалімге не үшін төлеп отыр?! Неге одан сапалы білім беруді талап етпейді? Мұғалімнің мәртебесі болады да, жауапкершілігі болмай ма? Көпке топырақ шашпаймыз, өңірімізде білімді, жан-жақты сауатты мұғалімдер аз емес. Айтпағым, мұғалімнің мәртебесін ешқандай заңмен, ешқандай жалақымен көтере алмайсыз. Мұғалімнің мәртебесі тек білімімен, білігімен, дүниетаным көкжиегінің кеңдігімен көтеріледі. Ол үшін көп оқу керек. Осы орайда ҚР «Білім беру туралы» заңындағы жалпы білім беру ұйымдары қызметінің қағидаларына сүйенсек, білім ошақтары жеке тұлғаның шығармашылық, рухани және дене бітімі мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыруы және белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғаны тәрбиелеуі тиіс. Сондай-ақ республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінен ақпарат беріп, жеке тұлғаның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыруы шарт. Сонда облыстағы, республикадағы күнделікті жаңалықтарды, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, әр түрлі сипаттағы жаңалықтарды оқушы мектеп оқулығынан ала ма? Жоқ, әрине! Ал мұғалімдер оларға сайлау сияқты саяси науқанның мән-маңызын, сайлауда дауыс берудің пайдасын, қоғамдық және үкіметтік ұйымдардың қызметін, сайлау округтері туралы айта ма? Әй, қайдам?.. Сонда облыстағы білім беру ұйымдары заңның кейбір тармағын орындамай отыр деген сөз.
Жасыратыны жоқ, 3-4 сағатта өтіп кететін тойға 10 000 теңгені шашын сәндеуге жұмсаса да, газетке жазылуға 5000 теңгесін қимайтын мұғалімдер бар. «Газет оқымаймын» деу педагог атаулыға жараса ма?!
Қоғамның өзге мүшелері секілді көпшілік жас мұғалімдер кітап, газет-журнал оқымаса да, инстаграм «жұлдыздарының» парақшаларына жазылып, оқитыны анық.
Әлбетте, кім не оқып, не көреді өз еркінде. Бірақ қоғамның жайын, елдің мәселесін, билік пен қарапайым халық арасында алтын көпір болып отырған басылымдарды оқымайтын, әлеуметтік желілер жетегіндегі мұғалімдерден қандай ұлағат күтуге болады? Олардың сөйлеу мәнерінен, балалармен қарым-қатынасынан, айтатын әңгімесінен қалай да оның жалпы деңгейі сезіліп тұрмай ма? Әрі-беріден соң олар көшелі сөз айтып, өзін тұлға ретінде мойындатып, оқушыларды баурай ала ма? Сонда педагогтер рухани азықтан саналы түрде бас тартса, өскелең ұрпақ қайтпек? Өзі рухани жағынан толыспаған мамандық иесін қалайша ұстаз деп дәріптейміз? Өсер елдің мұғалімі өз шәкіртіне өзі үлгі-өнеге көрсете алмаса?
Бала тәрбиесі мен оларға білім беру мәселесіндегі кемшін тұстар туралы жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтты. «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді.
Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруі тиіс. Сол сияқты мектеп те тек білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ошағы. Баланың санасына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті», – деген еді.
Өскелең ұрпақтың интернеттен тәрбие алып жатырғаны рас. Оларды ғаламтордан шығарудың бірден-бір жолы – кітап, газет-журнал оқуға ынталандыру. Бұл бағытта мұғалімдер, яғни жалпы білім беру ошақтары да рухани бай ұрпақ қалыптастыруға атсалысу қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір қоғамды ішінен ірітетін жағымсыз дүниелер көбейіп бара жатқандығын, әсіресе, жастар соларға қатты еліктейтінін айтты. «Біз өркениетті ел ретінде халқымыздың дүниетанымына жат нәрселерге қарсы тұруға тиіспіз. Ол үшін, ең алдымен, оқу-ағарту жұмысын күшейтуіміз керек.
Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет», – деді. Ал қоғамдық-саяси, танымдық ақпарат, жат діни ағымдарға арбалып қалғандардың қасіретті тағдыры туралы «Орал өңірінде» жиі жарияланады.
Газетке мәжбүрлеп жаздыруға біз де қарсымыз. Облыстың жаңалығын жариялап, халықтың сөзін сөйлейтін арлы басылымға өзін зиялы санайтын мұғалім, тілін ардақтайтын барша қазақ өз еркімен газетке жазылуы тиіс. Ұлт болашағына бей-жай қарамайтын барлық адам осылай ойлайды деп сенеміз.
P.S. Облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетіне жазылу жүріп жатыр. Маусым айының соңында таралым бойынша қорытынды нәтиже белгілі болады. Сол кезде облыстағы білім беру ошақтарының ішіндегі газетке жазылмағандарының атын атап, түсін түстейтін боламыз.

Гүлсезім Ерболатқызы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале