10.12.2019, 15:36
Оқылды: 215

Ғылымға арналған ғұмыр

Нарын құмда дүниеге келіп, ғылым, білім жолында еңбек еткен қоғам қайраткерлері жетерлік. Солардың қатарындағы этнограф, Ресей география қоғамдастығының мүшесі Мұхамед-Салық Бабажанов пен физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асан Таймановтың есімдерін мақтанышпен айтамыз. Сондай жандардың ізін атам Қайырлы Оңаев та жалғаған еді.

IMG-20191119-WA0010

Қайырлы Оңайұлы 1933 жылы 15 мамырда Орда ауданының Орда ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Сол кезде қазақ даласында жаппай кеңестендіру саясаты, ашаршылық, Қазақ автономиялық республика ретінде қайта құрылуы, саяси қуғын-сүргін орын алып, одан кейін Ұлы Отан соғысы басталған еді. Жергілікті тұрғындармен бірге атам да тұрмыс тауқыметін ерте тартқан. Әкесі Оңай Қозбағаров (1887-1934 жылдар аралығында өмір сүрген) атамыздың бір жасында бұ дүниеден озған. Төрт баланың кенжесі болса да, жесір қалған анасы Ұлдайға демеу беріп, еңбекке ерте араласыпты.

Қиын-қыстау заманда білім алудың да оңай болмағаны анық. Соған қарамастан атамыз 1940 жылы Орда ауылындағы М. Горький атындағы мектепке барған. Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, 1947 жылы ЖЛКЖО (ВЛКСМ) мүшесі болған. 1947-1950 жылдар аралығында орта мектеп жанындағы бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, 1949 жылы Орда аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі болып сайланған. 1950 жылы мектепті тәмамдап, сол жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түседі. Орда ауданы бойынша бірінші, облыс бойынша санаулы жандардың бірі болып аталмыш университетті 1955 жылы үздік дипломмен тәмамдайды.

Ғылым жолын қууды армандаған атамыздың жоспары да, ғылымға қосамын деген ойлары да көп еді. Елде саяси реформалар орнап, қазақ даласында колхоз, совхоздар құрылып жатқан кезде анасы ұлын ауылға шақырып, ауыл балаларына білім беру жұмысымен айналысуды ұсынған. Атамыз еңбек жолын 1955 жылы Жәнібек ауданында бастайды. Кейін ол 1958-1965 жылдар аралығында Сайқын ауылындағы М. Мәметова атындағы орта мектебінде, 1965-1968 жылдар аралығында қайтадан Жәнібек ауданы Талов ауылында ұстаздық қызмет атқарады. 1968 жылы Орда ауылына оралып, 1975 жылға дейін санаториялық мектепте, 1975-1993 жылдар аралығында зейнеткерлікке шыққанға дейін Орда ауылының  М. Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектепте ұстаздық қызмет атқарады. Ұрпаққа саналы тәрбие берудегі еңбегі үшін әр жылдары марапаттарға ие болған. Солардың қатарында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумның «Еңбек ардагері», Қазақ ССР Халыққа білім беру министрлігінің «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгілері бар. Алайда атам үшін ең қымбат баға ол – шәкірттерінің өзінен озуы еді. Атамыз өмір бойы Ұлы Абай атамыздың нақыл сөздерін жадынан тастамай, өмірлік ұранына айналдырды. Қиын-қыстау кезеңде білім алып, математикафизика секілді күрделі пәнді игеріп, білгенін ауыл балаларына үйреткен  атамыз ұрпақтары  үшін  ірі тұлғалы ақсақал, абызбен тең. Ол ел билеп, заң шығармаса да, Орда ауылынан шыққан іскер, білімді, кейін ел басқарған біраз тұлғаларға ұстаз болды. Ұстаздық ізін жалғаған шәкірттері де аз емес. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да физика-математика пәндерінен дәріс берген Сембіғали Темірғалиев пен физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Рахметолла Құсайынов ұстаздарын сағынышпен еске алып отыратын.

Атамыз өз естелігінде ордалық Күләш Кұрманғалиева, Кенжебай Жамашев, Темірболат Махимов, Эмма Сағынбекова, Қалимат Такесов, Разия Жамангарина секілді ұстаздардан білім алғанын айтатын. Атамыздың жолын  әкеміз Марат Оңаев та жалғастырды. Әкем техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың директоры болды. Халық шаруашылығына қосқан үлесі үшін Бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің күміс медалін, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Казақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Батыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» атағының иегері екенің айта кеткен жөн.

Атам ауыл-аймаққа өте сыйлы жан еді. Құрбы-құрдастары, көзін көрген ауылдың үлкендері оны  өте білімді, мінезі жайлы, қайырымды болғанын айтып отырады. Қажет болған кезде тапқыр да ұтқыр сөз айтып, өрелі ой түйген математика пәнінің кәсіби маманы еді. Әжем өз әңгімесінде жанұялы болғаннан бастап, үйден кісі арылмайтынын, қала берді аудан орталығына мектепке келіп, интернатқа сыймай қалған балаларды үйге алып келетінін айтушы еді.

Атамыз санаулы ғұмырын ауыл балаларына саналы тәрбие, сапалы білім беруге арнады. Әжеміз екеуі бес ұл, бір қыз өсіріп, 14 немере-жиеннің қызығын көрген еді.

Алмас Оңаев

Орал қаласы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале