17.04.2026, 11:15
Оқылды: 13

Инвестициялық   жобалардың жайы  нешік?

istockphoto-2232350949-2048x2048

Фото: istockphoto

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 кыркүйектегі Жолдауында: шикізат саласынан терең өндеуге инвестицияны бағыттау қажет екендігін атап өтіп, жаңа инвестициялық саясат құруды тапсырды.  ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов инвестиция тарту сұрақтарына байланысты өткізілген жиында ел экономикасына инвестиция тарту мәселелері бойынша қабылданып жатқан шаралар өңірлердің әлеуетін толық ашып көрсетпейтінін, экономикалық әлеует жеткілікті пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті өзін-өзі басқару вертикалының барлық деңгейінде, оның ішінде аудан әкімдері деңгейінде де жүргізілуі тиіс екендігі айтылды. Негізі, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда инфрақұрылым тапшылығы мен әкімшілік рәсімдердің күрделілігі кедергі болуда. Соған орай  елімізде толғақты мәселелерді шешу үшін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосыла-ды. «Мемлекеттік құрылымдар, әсіресе әкімдіктер жобаның іске асырылу барысын «тікелей» бақылауы керек. Әкімдер мен министрлер инвестиция тартумен күнделікті айналысып, бүгінгі күннің басты міндеті – инвесторлардың мәселелерін жедел шешуі қажет»,  – деген Үкімет басшысының талабы біздің өңірде де басты назарда.

Қолдау  қаржысына   қолы  жетеді

«QazExpoCentre - Pipe» ЖШС 2026 жылы Орал қаласында «Желілік құбырларды, құбыр арматураларын және жабындарды өндіру бойынша жаңа өн­дірістік цех құру арқылы қызметті кеңейту» жобасын іске асыруды жоспарлады. Жоба құны 26,8 млрд теңгені құрайды. Жобаның іске қосылуы арқасында 157 тұрақты жұмыс орны ашылуы керек.  Облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиеваның айтуынша, аталған компания «Өнеркәсіпті дамыту қоры»  АҚ арқылы 20 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау алуы керек. Ол үшін жобаны Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізу туралы Өнеркәсіп комитетіне инвестормен бірге тиісті өтініш жолданған. Қазіргі кезде жобаның картаға енгізілгені жөнінде шешім шықты. Енді инвестор қолдау қаржысына қол жеткізеді.

2025 жылдың тамыз айында «Bilgili Group» ЖШС Орал қаласында «Химикаттар өндірісі» жобасын іске қосты. Жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ тарапынан қолдау алу мақсатында Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Алайда инвестор  өндірілген өнім көлемі туралы ақпаратты бермей отыр. Сондықтан облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы кәсіпорынның постинвестициялық жұмыс сатысына талдау жасай ал-майды. Жақында өткен облыстық инвестициялық штаб отырысында облыс әкімі инвесторға алдағы уақытта өндірілген өнім көлемі туралы ақпарат беру керек екендігін ескертті.

Сәуірде  құрылысы  басталады

«Zhaik Petroleum Ltd» ЖШС Бәйтерек ауданында «Сұйық метанол өндірісі бойынша газ-химиялық кешен құрылысы» жобасын 2027 жылы іске қосуды жоспарлады. Жоба құны 78,8 млрд теңге шамасында. Мұның ішіндегі 62 млрд теңгеден астамы жабдық жасатуға бағытталады. Бұл жоба қытайлық инвестор-мен бірге жүзеге асырылады. Соның  нәтижесінде 152 жұмыс орны ашылады. Аталған компания өкілі Сәкен Нұрланұлының  ұсынған мәліметінше,  былтыр желтоқсан айында қажетті жабдықтар алуға алдын ала төлем жасалған.

Инвестордың ақпаратына сәйкес 2026 жылға  жұмсалатын инвестиция  көлемі 47,1 млрд теңге шамасын-да болады деп жоспарланған. Алайда биыл тек 40 млрд теңге игеріліп, 7 млрд  теңге келесі жылға жылжытылмақ. Сәуір айында құрылыс жұмыстары басталады. Теміржол желісі тар-тылған. Енді газ және электр желісі тартылуы керек.  Инфрақұрылым жеткізу жобалары мемлекеттік са-раптамадан алдағы айларда өтеді.

Инвестициялаудың  тетігі айқындалмаған

«Batys Power» ЖШС Бәйтерек ауданында «Газтурбиналық электр стансасын 414 МВт-қа дейін кеңейту» жобасын 2028 жылы іске қосуды жоспарлаған. Серіктестіктің  бас директоры  Марина Балашованың сөзіне сүйенсек, жоба құны –  551 млрд теңге.  Алайда инвестор –  қытайлық мемлекеттік компания инвестициялаудың тетігін айқындамаған. Қытайлық компания өздерінің мемлекеттік саясатының аясында жобаға кірігудің және инвестициялаудың талаптарын қарастыруда.

– Биыл жобаны іске асырудың алғашқы жылы 17 млрд теңге инвестиция салу көзделуде. Бұл қаражатқа жобалық құжаттама жасақтап, оны мемлекеттік сараптамадан өткіземіз. Сонымен қатар жабдықтарды жеткізу туралы келісімшартқа қол қоймақпыз. Инвестор белгілі себептерге байланысты «Batys Power»  компаниясының құрамына кіре алмайды.  Бірақ бөлек өз алдына компания құруға тағы жол жоқ. Өйткені инвестициялық келісімшарт электр қуатын өндіретін «Batys Power» компаниясына берілген.  Сондықтан бұл жағдайды өзгерту әзірге мүмкін емес. Сондықтан қытайлық инвестор жобаны инвестициялауы үшін басқа жолдарды  сараптап  ізденеміз, –  деді Марина Васильевна.

Жаңа  құрылтайшы,  тіркеме  өндірісі

2024 жылы «BATYS­MINIRAL­SU» ЖШС Теректі ауданында «Бөтелкедегі минералды су мен алкогольсіз сусындарды құю цехы құрылысы» жобасын іске қосты. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. 2025 жылдың 3-тоқсанынан ба-стап кәсіпорын өз жұмысын тоқтатты. Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың айтуына қарағанда, кәсіпорынның құрылтайшысы ауысқан. Енді инвестор биыл 1 млрд 200 млн теңге қаражат жұмсап,  зауытты жаңғыртады.

«ARTAN KZ» ЖШС құны 0,5 млрд теңгені құрайтын «Прицеп және жартылай прицеп өндірісін ұйымдастыру» бойынша жаңа  жобаны жүзеге асыруда. Жер телімі берілген. Биыл жыл аяғына дейін қытайлық, германиялық инвестор-әріптестерімен бірге жаңа жабдықтар сатып алады. Жабдықтарды зауытта жасауға бір жылдай уақыт кетеді. 2027 жылы Оралда тіркеме және жартылай тіркеме өндірісі басталады деп күтілуде. Қазіргі кезде жобаға 500 млн теңге инвестиция салынды. Енді кәсіпорынды жаңғыртуға 200 млн теңге қаржы жұмсалады. Бұл жобаны жалпыөңірлік пулға қосу мәселесі шешілді.

Гүлбаршын  Әжігереева, 

«Жайық Пресс»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале