28.12.2022, 15:00
Оқылды: 2953

«Ирменов» жеке кәсіпкерлігі мен «Кублей» ЖШС: сот шешімін шығарды

Екі жылдан астам уақытқа созылған «Кублей» зауыты мен Орал қалалық әкімдігінің арасындағы сот үдерісі аяқталды. Осы жылдар ішінде сот материалдары 13 томға жетіпті. Оның 9 томы «Кублей» зауытынан түскен дәлелдемелік құжаттар екен.

8

Дау «Ирменов» жеке кәсіпкерлігі зауыттың жанында көпқабатты бірнеше үй тұрғызылған кезде басталды. Қалбыр зауытының өкілдері құрылыс заңсыз салынып жатыр деп шу шығарды. Өйткені үйлер зауыттың өнеркәсіптік аймағында тұрғызылыпты. Яғни, бой көтерген үш тұрғын үй санитарлық-қорғау аймағында бой көтерген. Тіпті ол үйлердің біреуі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта қалған ғимараттар іске қосылса, зауыт жұмысын тоқтатуы мүмкін деген де пікірлер айтылды.

Содан бері Циолковский көшесі 1 мекенжайынан үй алған тұрғындардан маза қашты. Өйткені алғашқы екі кассация зауыт пайдасына шешілді. Бірақ 2022 жылдың шілдесінде жоғарғы судья Жақып Асановтың ұсынысымен іс бірінші сатыдағы сотқа қайтарылды. Яғни, Жоғарғы соттың кассациялық алқасы қалбыр зауытының пайдасына қабылданған шешімдердің күшін жойды. Ол туралы жергілікті басылымдардың біріне сұхбат берген кезде жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек айтты.

Содан кейін дау әрі жалғасты. Тамыздың 15-інен қарашаның 23-іне дейін 11 сот отырысы өткен. Өткен айдың 23-і күні БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бахтиер Журабаев шешімді жария етуден бас тартып, қос тарапты келісімге келуге шақырды. Бірақ ол мүмкін емес еді. Өйткені «Кублей» зауытының өкілдері  әкімдіктің қаулыларын заңсыз деп танып, Циолковский көшесі 1 мекенжайындағы тұрғын үйлерді жоспарлау жобасын, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертілуі және санитарлық-қорғау аймақтарында тұрғын үйлер салу кезіндегі іс-қимылдарды заңсыз деп тану керек деген талабынан айнығысы келмеді.

Желтоқсанның 27-сі күні шешімін жариялаған БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Бахтиер Журабаев үйлер зауыттың санитарлық-қорғау аймағында тұр деген талаптың заңсыз екенін айтты.

Сонымен қатар судья «Кублей» ЖШС-нің 600 қызметкері жұмыссыз, 3 мың шаруа қожалығы табыссыз қалады деген дәлелдерін де негізсіз деп таныды. Өйткені үйлер тұрғызылған жерде талап беруші тараптың кеңсесі, қоймасы үй-жайлары, өндірістік цехы мен теміржол тұйығы орналасқан.

Ал қалбыр зауытының негізгі өндіріс орны соттасуға себеп болған жеден алыс, яғни, қала сыртында. Ал жердің пайдалану мақсатын өзгерту қаланың бас жоспарының тұжырымдамасына сәйкес жүргізілген. Бұл дегеніміз үй салу талапкердің ешқандай құқығын бұзбайды деген сөз.

Сот шешімі күшіне енген жоқ. Тараптар заңда белгіленген тәртіппен аппеляциялық сотқа шағымдануға құқылы.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале