Қазақ арасында әлімсақтан «Ауылдың ажары – азаматынан» деген ұғымтүсінік бар. Біз бұған қарсы емеспіз, әрине. Сөйте тұра, бүгіндері іскер қыз-келіншектер де өз ауыл-аймағының ажарлана түсуіне айтарлықтай үлес қосып жүргені ақиқат. Мәселен, әр аудан-ауылда үлкенді-кішілі дүкен, балабақша, шаштараз, тіпті сән салоны, монша сықылды жекеменшік әлеуметтік нысандардың жұмысын жүйелі жолға қойып, шаруасын шарықтатып ауыл-аймағының түтіні түзу ұшуына тікелей ықпал етіп отырған заты әйел кәсіпкерлер баршылық. Бұған қоса олар «Мектепке жол», «Қайырымдылық айлығы» сияқты сауабы тиер іс-шаралар мен 30 күн оразада ауызашар, Наурыз мейрамы, Құрбан айт, Жаңа жыл секілді бұқаралық мерекелердің ойдағыдай өтуіне де үнемі белсенді үлес қосып, ел ішінде мейірім шуағын молайта түсуде.

Орал қаласында «Ауыл ажары» атты әйелдер бірлестігінің ауқымды форумы өтті. Іс-шараны «Ауыл» партиясының Батыс Қазақстан облыстық өңірлік филиалы ұйымдастырды. Бұл жиынның негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде тұратын қыз-келіншектердің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық белсенділігін күшейту.
Жиында көтерілген басты мәселелердің бірі – қазақ ауылындағы әйелдің рөлі. «Неге қазақ ауылының тамыры әйелмен байланысты?». Өйткені ауыл – бұл жай ғана мекен емес, ол – ұлттың іргетасы, рухани өзегі, демографиялық күретамыры. Ал сол тамырдың тірегі мен нәрі – ауыл әйелі.
Форум барысында сөз алған спикерлер бүгінгі ауыл әйелі тек дәстүр сақтаушы ғана емес, сонымен қатар жаңа технологияларды меңгерген, кәсіпкерлікпен айналысатын озық-ойлы тұлға болып, алға ұмтылу қажеттігін атап өтті. Қазақстанның өркендеуі экономикалық тәуелсіз, дені сау, білімді ауыл әйелдерінсіз мүмкін емес екені де ерекше айтылды.
Ұйымдастырушылар алдағы жоспарларымен бөлісіп, 2026 жылы әр аудан мен ауылдық округте «Ауыл ажары» өкілдіктерін ашу көзделіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар ауылдарға цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен енгізу – басты бағыттардың бірі. Бұл оқыту, сауда және кәсіпті дамыту салаларын қамтымақ.
Форумда «Сенім бар» қорының негізін қалаушы, «Step West» ЖШС директоры (Кореяға медициналық туризм), Қазақстандағы Қытай компанияларының ресми өкілі, «Ауыл ажары» әйелдер бірлестігінің төрайымы Жанаргүл Дүйсенова ауыл әйелдері мен жастарына арналған нақты жобаларды ұсынды. Атап айтқанда, «Цифрлық дала» атты қысқа мерзімді оқыту орталықтарын ашу, ІТ, дизайн және SMM бағыттарын меңгерту, Kaspi платформасы арқылы кәсіп жүргізуді үйрету жоспарлануда.
Сондай-ақ этнодизайн студияларын құрып, ұлттық сипаттағы заманауи өнімдер шығару арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу ойластырылуда.
Жастарды қолдау да басты назарда. Агростартаптарды дамыту, халықаралық тәжірибе алмасу және ауылда табысты еңбек етуге жағдай жасау – форумда талқыланған өзекті мәселелердің бірі болды.
Әлеуметтік бағыттағы бастамалар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, арнайы балаларға арналған инклюзивті дамыту орталықтарын ашу, психологиялық қолдау көрсету, әйелдердің өзін-өзі дамытуына жағдай жасау жоспарланған. Сонымен қатар экология, экотуризм, қалдықтарды қайта өңдеу секілді жобалар арқылы ауылдың жаңа келбетін қалыптастыру көзделуде.
Мәдени бағытта «Көшпенділер мәдениеті» фестивалін өткізу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ «Ауыл энциклопедиясы» жобасы арқылы әр ауылдың тарихын жүйелеу ұсынылды.

Форум қорытындысында нақты жоспарлар бекітіліп, ауыл экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау шаралары белгіленді.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, ауылды дамыту – тек экономикалық міндет емес, ол – ұлттық болмыс пен болашаққа деген жауапкершілік. Ал сол жолда ауыл әйелінің орны айрықша.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»