Оралда мұнай-газ саласына арналған өнім шығаратын «QazExpoPipe» зауытында жаңа өндірістік цех іске қосылды. Жоба аясында 5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, 60 жаңа жұмыс орны ашылады.

Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңірдегі индустрияландыру жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Аймақ басшысы бұл бастама экономиканы әртараптандыру саясатының маңызды бөлігі екенін айтып, оның Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқанын жеткізді.

«Бұл өндіріс орны – экономиканы әртараптандыру жолындағы нақты қадам. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді», – деді Нариман Төреғалиев.
«QazExpoPipe» – 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, мұнай-газ саласына арналған жоғары технологиялық өнім өндіретін кәсіпорын. Кәсіпорында өндіріс толық автоматтандырылып, цифрлық шешімдер кеңінен енгізілген. Зауыттағы негізгі өндірістік желілер Германиядан жеткізілген заманауи, жоғары дәлдікті станоктармен жабдықталған. Еуропалық технологиялардың қолданылуы өнім сапасын халықаралық деңгейде қамтамасыз етіп, өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Бүгінде зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 55 мың тонна өнім шығаруға есептелген, ал нақты өндіріс көлемі 40 мың тоннаға жеткен. Жаңа іске қосылған цех жылына 165 мың дана сорғы-компрессорлық муфта өндіреді. Қазіргі таңда кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Соңғы үш жыл ішінде зауыт бюджетке 15 млрд теңгеге жуық салық төлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан. Компания өнімдері халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Кәсіпорын жыл сайын American Petroleum Institute (API) стандарттары бойынша сертификаттаудан өтеді. Бұл Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, North Caspian Operating Company, Теңізшевройл және ҚазМұнайГаз сынды ірі компаниялармен тұрақты әріптестік орнатуға мүмкіндік берген.

Зауыт өнімдерінің шамамен 90 пайызы Қазақстанның ірі мұнай-газ компанияларына жеткізіледі. Сонымен қатар, кәсіпорын өнімдері жақын шетел елдеріне экспортталып, халықаралық тапсырыс берушілердің талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. Кәсіпорында обсадты, насос-компрессорлық және желілік құбырлар, сондай-ақ фитингтер мен фланецтер өндіріледі. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы оқшаулауы бар құбырлар өндірісі де жолға қойылған.

Алдағы уақытта зауыт жылына 100 мың тонна ішкі оқшаулағышы бар жіксіз құбырлар өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл импортты алмастыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz