Тасқала аудандық спорт кешенінде Оян ауылының тумасы, бар саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан марқұм Рүстем Шілмұхамбетовты еске алуға арналған ерлер арасындағы волейболдан Тасқала ауданының лигасы жоғары деңгейде өтті.

Бұл тағылымды шара Қосшы ауылдық округі әкімі аппаратының қолдауымен және Оян ауылында туып-өскен, 1971 жылғы Рүстем Жақсылықұлының кластастарының бастамасымен ұйымдастырылды. Турнир тек спорттық дода ғана емес, елге еңбегі сіңген азаматтың жарқын бейнесін ұлықтап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, бірлікке және салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін мазмұнды шараға айналды.

Таңертеңгілік салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, сап түзеген командалар елге деген құрметін көрсетті. Спорт кешеніне жиналған көрермендердің қарасы қалың болып, бұл жарыстың аудан жұртшылығы үшін ерекше маңызға ие екенін аңғартты. Қатысушылар мен жанкүйерлер арасындағы көтеріңкі көңіл-күй мен өзара қолдау атмосферасы жарыстың шынайы мерекелік сипатта өткенін айқындады.

Жарыстың ашылу салтанатына марқұмның әкесі Жақсылық ағай мен апасы Данара, сондай-ақ, ұлы Дәурен арнайы қатысты. Алғаш болып сөз алған Қосшы ауылдық округінің әкімі Ербол Мендіханұлы Сидағалиев мұндай турнирлердің тек спорттық маңызымен ғана шектелмей, тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Әсіресе, жастарды бұқаралық спортқа тарту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру жолындағы рөлін ерекше атап өтті.
– Осындай игі бастамалар арқылы біз жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға, өмірге деген белсенді көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеміз. Спорт – тек жарыс емес, ол тәртіп пен төзімділіктің, жауапкершілік пен мақсатқа ұмтылудың мектебі. Рүстем Жақсылықұлы – өз ісіне адал, қарапайымдылығы мен адамгершілігі арқылы көптің құрметіне бөленген тұлға. Оның есімі ел жадында мәңгі сақталады, – деді ауыл әкімі.
Келесі кезекте сөз марқұмның әкесі Жақсылық ағамызға берілді. Ол ұйымдастырушыларға және жиналған көпшілікке шынайы алғысын білдіріп, ұлының есімі ұмытылмай, осындай игі шаралар арқылы ұлықталып жатқанын ерекше тебіреніспен жеткізді. Әкенің жүрекжарды сөздері көпшілікті толқытып, жиылған жұртшылық марқұмға деген құрметін үнсіз ілтипатпен білдірді.
Салтанатты жиында Рүстем Жақсылықұлының өмір жолы мен еңбек жолы кеңінен баяндалды. Ол 1971 жылы 9 сәуірде Тасқала ауданына қарасты Оян ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Оян орта мектебін тәмамдап, сол жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтқа дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқуға түседі.

Студенттік жылдары ол спортқа ерекше ден қойып, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлерінен түрлі жарыстарда топ жарып, өзінің шеберлігін дәлелдеді. Қатарластары арасында белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, спорттық ортада беделге ие болды. Оның спортқа деген сүйіспеншілігі кейінгі өмір жолының да негізгі бағытына айналды.
Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін еңбек жолын Орал қаласындағы №12 училищеде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Ұстаздық қызметінде ол тек білім берумен шектелмей, шәкірттерін спортқа баулып, олардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын ұстануға бағыт-бағдар берді. Ол оқушылардың бойына тәртіп, табандылық, мақсаткерлік, жауапкершілік секілді қасиеттерді сіңіре білді. Ұстазының тәрбиесін көрген шәкірттер бүгінде әр салада табысты еңбек етіп, оның еңбегінің жемісін көрсетіп жүр.
Рүстем Жақсылықұлы үшін спорт – тек мамандық емес, өмір салты болды. Ол әрдайым қозғалыста болып, айналасындағы адамдарды да белсенді өмір сүруге шақырып отырды. Оның өмірлік ұстанымы – «дені сау ұрпақ – ел болашағы» деген қағидатпен ұштасып жатты. Сондықтан да ол өз еңбегі арқылы жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен үлес қосты.
Өмірінің мәнін отбасы мен спортқа арнаған азамат артында ізгі жолын жалғастыратын ұрпақ қалдырды. Екі ұл тәрбиелеп өсірген әке ретінде де ол өз отбасында сыйлы, өнегелі жан болды. Оның қарапайымдылығы, адалдығы мен еңбекқорлығы туған-туыстары мен әріптестерінің жадында мәңгі сақталмақ.
Салтанатты рәсім барысында қатысушы командалар таныстырылып, оларға сәттілік тілектер айтылды. Жарысқа ауданның әр ауылынан жиналған 9 команда қатысып, өзара бақ сынады. Әрбір ойын тартысты әрі қызықты өтіп, спортшылар жеңіске деген жігері мен жоғары шеберлігін көрсетті. Ойын барысында командалар арасындағы өзара сыйластық пен әділ бәсеке рухы айқын байқалды.
Нәтижесінде, Ақтау ауылының командасы жүлделі I орынды жеңіп алып, 130 мың теңгенің сертификатына ие болды. II орын Мерей ауылының командасына бұйырып, оларға 100 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал III орынға спорт мектебінің командасы жайғасып, 70 мың теңгені еншіледі. Сонымен қатар, үздік ойыншылар түрлі аталымдар бойынша марапатталып, олардың жеке шеберліктері мен командалық үлестері ерекше атап өтілді.

Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне марқұмның кластастары мен Шілмұхамбетовтер әулеті демеушілік танытып, үлкен қолдау көрсетті. Бұл – туған жерге деген құрметтің, азаматтық жауапкершіліктің және ел бірлігінің жарқын көрінісі.
Мұндай тағзымға толы, мазмұны терең шаралар – қоғамда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттаудың, бұқаралық спортты дамытудың, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын жалғаудың маңызды тетігі. Олар жастарды белсенді болуға, денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, өз елінің лайықты азаматы болуға тәрбиелейді.
Рүстем Жақсылықұлы сынды азаматтардың есімі ел жадында мәңгі сақталып, олардың өнегелі өмір жолы мен игі істері кейінгі буынға әрдайым үлгі болары сөзсіз.
Бекжан Бақытжан,
Тасқала ауданы