21.04.2026, 17:00
Оқылды: 13

«Ауыл аманаты» жобасы елге – ырыс ұялатады

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіп­сіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байла­нысты мәселелерді шешу мақса­тында жобаланып, жүзеге асыры­лып жатқан «Ауыл аманаты» мем­ле­кет­тік бағдарламасына аудан тұрғындары мүдделілік танытып отыр.

WhatsApp Image 2026-04-21 at 14.15.04

"Ауыл аманаты" ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Бұл бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа кәсіп көздері ашылып, ауылдағы ағайынның табысын арттыруға нақты мүмкіндік туып отыр. Осындай игілікті істің жемісін көріп отырған жандардың бірі – Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны, "Айтөре" жеке кәсіпкерлігінің иесі Айгүл Мендиева.

2024 жылы бағдарлама шеңберінде сүтті бағыттағы сиырларды қолға алған кәсіпкер бүгінде өз ісін жүйелі жолға қойып, ауылда шағын болса да тұрақты табыс әкелетін отбасылық кәсіпті дамытып отыр. Таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппай еңбек ететін Айгүл Қожантайқызының күнделікті тіршілігі берекелі жұмыстың айғағы. Ол сиыр сауып, сүт өнімдерін өңдеп, табиғи әрі таза тағам түрлерін дайындауды қолға алған. Атап айтқанда, құрт жасап, айран ұйытып, сары май шайқап, ауыл тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуде.Тап-таза табиғи сүт өнімдерін тек қана ауылдастары емес облыс,аудан тұрғындары да тапсырыспен алып жататынының куәсі болдық.

image-21-04-26-10-50 (3)

Айгүл Мендиеваның айтуынша, бұл кәсіпті бастауға басты себеп – отбасының табысын арттырып қана қоймай, ауылдастарын табиғи өніммен қамту болған.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бізге үлкен мүмкіндік берді. Бұрын тек ойда жүрген ісімізді нақты қолға алуға жол ашылды. Мал алып, сүт өнімдерін өндіруді бастадық. Қазір еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Ең бастысы адал еңбекпен табыс табу және халыққа сапалы өнім ұсыну, – дейді кәсіпкер.

Айгүлдің кәсібі тек жеке еңбектің емес, отбасының ортақ ісі. Жолдасы Асқар мен балалары да бұл жұмыстан шет қалған емес. Әрқайсысы өз шамасына қарай қолғабыс жасап, шаруаның алға басуына үлес қосып келеді. Бірі малға қарап, бірі өнім дайындауға көмектессе, енді бірі сатылым жағына жәрдемдеседі. Осылайша, бұл кәсіп нағыз отбасылық еңбекке айналған.

Ауылдық округ әкімі Мерлан Сағидоллаұлы мұндай бастамалардың маңыздылығына тоқталып:

– "Ауыл аманаты" бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына үлкен серпін берді. Соның айқын дәлелі  Айгүл Мендиева секілді кәсіпкерлер. Олар тек өз отбасын ғана емес, тұтас ауылды сапалы өніммен қамтып отыр. Осындай іскер азаматтардың қатары көбейсе, ауыл экономикасы да дами түседі, – деп атап өтті.

Бүгінде Ақбұлақ ауылдық округінде бағдарлама аясында бірнеше отбасы сүтті бағыттағы ірі қара малдарын сатып алып, жеке кәсіпкерліктері өз нәтижесін беріп келеді. Мал шаруашылығы бойынша басталған жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға оң ықпал етуде.

image-21-04-26-10-50 (2)

Айгүл Мендиева секілді еңбекқор жандардың арқасында ауыл тіршілігі жанданып, береке артып келеді. Бұл – мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып, адал еңбектің арқасында табысқа жетудің жарқын үлгісі. Шындығында "Ауыл аманаты" ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам.

Себебі жергілікті ауыл шаруа­шылығы өнімдері – елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің бір көр­сеткіші.

Сара Әділова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале