25.01.2021, 15:28
Оқылды: 117

Қайсар қолөнер шебері

Бәйтерек ауданы орталығында қолөнер еңбегімен айналысатын Арман Айтпаев тоқсаныншы жылдары тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан. Жас жігіт сол уақытта саудагер апасына көмектесіп, базарда тұрған. Қыстың көзі қырауда сауда жасағаны денсаулығына әсер етсе керек. Оның үстіне әскери борышын өтеп жүргенде оқыстан зақым алған омыртқасы уақыт өте екі аяғын бастырмай, ауруханада ұзақ емделеді. Ең соңында бірінші топ мүгедектігі тағайындалып, айлар бойы төсекке таңылып жатты.

D9B5F1B0-1506-4437-947B-799685233885

Шебердің кәсібін бастауға қатысты айтар әңгімесі де қызық. «Ең алғаш опа-далап құралдарын салуға арналған шағын сөмке жасадым. Түнімен сөмкені тігіп, таңмен жұмысқа баруға жиналып жатқан апама сыйға тарттым. Оның таңданысында шек болмады. Содан қолөнерге деген қызығушылығым артып сала берді. Алғашында қолымда бір ғана ине болды», – дейді ол. Екі қолының ебі бар екенін байқаған ол ісмерлік өнерін дамыта бастайды. Жаңа кәсіпке қызығушылығы ояна бастаған кез 2000 жылдардың басы болатын. Еңбекке деген құштарлығы жігерін қайрап, жетістікке жетелеп отырды. Арман қазіргі уақытта етік жөндейді, былғары күртелер мен тондарды, ішіктерді қайтадан өңдеп, тігіп шығады.

Етікші кәсіби тұрғыда өз-өзін жетілдіріп отыруға машықтанып, біртіндеп облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылатын қолөнер шеберлері көрмесіне тұрақты қатысып отыруды әдетке айналдырды.

«Кезекті бір көрмеде қолдан тіккен сөмкемді бір орыс асықпай қарады. Сосын «Іс машинасынан шыққан дүние екенін айтпай, неге көзбояушылық жасайсың?» деп маған жақтырмай қарады да, одан әрмен асып кетті. Бірақ көрме ұйымдастырушылары оған мен туралы мән-жайды түсіндірген болуы керек, сүт пісірім уақыттан кейін қайта оралды. Сөмкені қолына қайтадан алып, оны жасап шығуға қанша уақыт жұмсағанымды сұрады.

«Бір апта отырдым» дедім. Өзін айыпты сезінді ме, бір-екі сауал қойды да, қолмен жұмыстанатыныма көз жеткізгесін, демеушілік жасауды ұйғарды. Алматыдан көрпе секілді қалың бұйымдарды тігуге арналған жабдық сатып алып берді. Былғарымен жұмыстанатын болған соң, ол іс машинаны көп ұзамай саттыққа қоюға тура келді», – дейді ол.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді халық даналығы. Кәнігі шебер болып әбден ысылғанша тұрмысқа қажет түрлі бұйымдарды жасау үшін ыждағаттылықпен еңбектеніп, көз майын тауысқан талай түн мен күн өтті. Бойға күш-қуат жинап, аяғынан тұрғанша, жаңа кәсіптің тетігін тапты. 2013 жылы Переметный ауылындағы үйінің жанынан шағын шеберхана ашты. Қазіргі уақытта шеберхана құрал-сайманға толған. Арман Айтпаев ісмерлік жұмыстың барлығын қолмен атқарады. Жан-тәнімен ынтық болған өнер құдіретінің ерекшелігі сол, әр бедер, әр ою-өрнекті салу үшін бұрынғыдай сызғыш немесе қалып қолданбай-ақ көзбен шамалап отырып, қолмен түзу тарта береді.

Шеберхана іші әсем туындыларға тұнып тұр. Қара былғарыдан тігілген жүрекше іспеттес сөмке, әйел затына арналған қысқа қонышты етік. Оны жасыл түске қанық етіп бояпты. Етік қонышынан шашақ төгіліп тұр. Қошқар мүйізді ою салынған әмияндар, қаусырмасы әсем кәжекей, былғары мәсілер, ұзын саптама етіктер, түрлі пішінді тұмарлар, аңшыларға арналған оқшантай, тіпті қалта телефонына арналған қаптаманы теріден жасаған. Көлік рулін қаптауға арналған былғары да әдемі. Сағатқа арналған бау алтын торкөзбен әдіптеліпті. Барлық бұйымнан қазақылықтың иісі аңқиды. Ұлттық бояу, ұлттық нақыш. «Сиыр терілерін күртелерді жамауға, қайтадан тігіп шығуға пайданаланамын. Қойдың терісі қағаз секілді ыдырап кетуге бейім. Шикізатты тапсырыспен басқа қалалардан алдыртамын. Оның сапасын бірден айырамын», – дейді Арман Айтпаев.

Шеберге басқа аудандардан тапсырыс түсіп тұрады. Жеке кәсіпкерлігі болған соң, нарықтағы нар тәуекел оңай болмайтынын түсінеді. «Несібе-ризық – Тәңірден» деп шағын шеберханасында шаруасын дөңгелетіп отырған жайы бар. 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен көрмеге қатысып, үш күннің ішінде 100 мың теңге табыс тауыпты. Бұйра шашты, биязы мінезді, жылы жымиып отыратын жігіт ағасы қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес. Былтыр «Nur Otan» партиясы атынан праймериз бәйгесіне қатысқан. Кәсіпкер қоғамдық ұйымдарға жетекшілік етіп, мүгедектерді жұмысқа орналастыру, баспана табу, бизнеспен шұғылдануына қатысты мәселелерді көтергісі келеді. Қазіргі уақытта қол-аяғы балғадай жігіттер қол қусырып жатқанда, етікшінің табандылығына таңғаласың. Арманның асқаралы  арманына жетуіне тілектеспіз.

Керек кеңес

«Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяғыңдағы етігің тар болса» дейді қазақ. Көзге елеусіз көрінсе де, тар аяқ киімді қолайлы қалыпқа келтірудің бірнеше тәсілін назарға ұсынамыз.

Орындыққа асықпай жайғасып, қалың шұлықпен туфли киіңіз. Сосын фенмен үрлеу керек. Өзіңізді өте ыңғайсыз сезінсеңіз де, аяқ киім кеңейгенше, сәл шыдауға тура келеді.

Тағы бір амал – ескі қағаздар мен газеттерді дымқылдап, аяқ киім ішіне нығарлап салып қоямыз. Газет әбден кепкенше, сол күйі қалдырыңыз.

Былғары аяқ киім ішін майсана майымен сүртіп, әбден сіңгенше бірнеше сағат күтіңіз. Содан кейін асықпай сулы шүберекпен сүртіп шығуға болады.

Қызықты кеңестің бірі – герметикалық пакетті аяқ киім ішіне салып, пакет ішіне су құю керек. Содан кейін аяқ киіммен бірге мұздатқышқа салуға болады. Сіз үшін тосын болса да, бұл тәсіл нақты нәтижесін беретініне көзіңіз жетеді.

Нұртай Текебаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале