14.05.2024, 21:30
Оқылды: 82

Жәңгір хан университетінде студенттік театрдың тұсауы кесілді

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Ұшқын» студенттік театры өз жұмысын бастады.

IMG_6300

Білім ордасындағы «Мәдениет және өнер» студиясының бастамасымен ашылған студенттік театр өзінің алғашқы премьерасымен университет сахнасына шықты. «Алғашқы махаббат» атты шағын қойылымның режиссері – Руслан Кенесарин.

IMG_6424

Премьераны Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының белді актерлары Самал Әбуов пен Эльмира Мақашева, Орал қалалық Жастар мәдениет сарайының әдіскері Мергүл Джакупова, «Атамекен» өнер ордасының концерттік режиссеры Еркін Қали университет оқытушыларымен, қызметкерлерімен, білім алушыларымен бірге тамашалады.

Ораз бен Әйгерім есімді кейіпкерлердің мектеп партасындағы бала махаббаттарының айналысында өрбитін туынды уақыты қысқа болғанымен, балалық шақтың тәтті шақтарын, оқушылық кезеңнің ұмытылмас сәттерін еске түсірді. Көрермен ризашылықпен қол соқса, өнер иелері өз бағаларын берді.

Қойылым соңында университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ақылбек Сұлтанов пен кеш қонақтары сөз алып, жас театр ұжымына сәттілік тіледі. Танымал актер, режиссер Самал Қадерұлы: – Театр – өмір айнасы. Өңіріміздегі іргелі оқу ордасында осындай студенттік театрдың ашылғанына қуанып тұрмыз. Жаңа қойылымның режиссері Руслан Әділұлы – менің шәкіртім, кәсіби маман. Осындай маманның айналасына топтасқан өнерлі жастарға сәттілік тілейміз, – деді. Актриса, аудармашы Эльмира Жұмажанқызы театр өнерінің қаншалықты айрықша өнер түрі екеніне тоқталып, киелі сахнаның да тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Өзге меймандар да студенттік театрдың ашылуына қолдау көрсеткен университет басшылығына алғыстарын білдіріп, «ұшқындықтардың» үлкен сахналардан көрінуіне тілеулестік танытты.

IMG_6428

Өз кезегінде университет проректоры Ақылбек Ұзақбайұлы шынайы тілекші болған өнер иелеріне рахмет айтып, студенттік театр ұжымының қатары талантты жастармен толығып, олардың арасынан болашақта дарынды актерлар шығарына сенім білдірді.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале