14.05.2024, 0:00
Оқылды: 8

Жәнібекте енді ота жасауға мүмкіндік бар

Әдетте адамның денсаулығы сыр беріп, ота жасағанда ең бірінші хирург пен гинекологқа жүгінеміз. Басқасына мән бермей тек соларды ауызға аламыз. Өйткені науқастың амандығын сақтау үшін екеуі де тәуекелге барады. Мүлт кетуге болмайды. Бірақ адам өмірі сынға түсетін уақытта біз басқа да бір маманның бар екенін, онсыз ота жасалмайтынын біле бермейміз. Операциядан бұрын да, кезінде де, одан кейін де науқас жанмен жұмыс жасайтын анестезиологтың жұмысы өте маңызды. Жәнібек аудандық ауруханасында 2014 жылдан бері анестезиолог дәрігер болған жоқ. Алайда күні кеше ауданға анестезиолог-реаниматолог дәрігер Абзал Байболсынов отбасымен бірге көшіп келді. 

1
Абзал Баймаханұлы Алматы қаласында оқып, білім алған. Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс жасаған. Зайыбы - жоғары білімді мәдениет қызметкері. Дәрігер үш бала тәрбиелеп отыр.
Бүгін дәрігер аудан әкімі Тимур Шиниязовтың қабылдауында болды.
Аудан басшысының айтуынша, маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Балаларды балабақшаға орналастырып, жұбайын жұмыспен қамту қарастырылуда.
Енді Жәнібекте оталарды жасауға мүмкіндік бар. Бұл аудан тұрғындары үшін өте қолайлы. Себебі бұған дейін ота жасау үшін ауданға арнайы маман шақыртылды немесе науқас облыстың басқа да ауруханаларына жолданып отырды.
Айта кету керек, білікті маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде қоныс аударды. Облыс әкімі Н.Төреғалиевтің бастамасымен облыстық мәслихаттың бекіткен ережесіне сай аудандарға қажет мамандарға көтермеақының қаржысы 8 млн теңгені құрайды. Керемет бастама. Аталған бағдарламамен ауданға аса қажет офтальмолог, отоларинголог, кардиолог сынды мамандар келсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Абзал Баймаханұлы ауданда тұрақтайды деп сенеміз.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале