10.12.2019, 15:25
Оқылды: 853

Қар жауған күн – жаңа жыл!

Желтоқсан – бітер жылдың ақырғы, ал қыстың алғашқы айы. Желтоқсаннан соң – Жаңа жыл! Ой-хой, Жаңа жылды кім асыға күтпейді дейсің! Жыл ауысар сәт жақындаған сайын келер жылдың жақсылыққа жомарт болатындығына сенімің беки түседі. Әлі мектеп-ке бара қоймаған кішірек кезімде маған алғашқы қар жауған күні жаңа жыл басталғандай көрінетін.

qys2

Біздің жақта қыс ұзақ. Ерте түсіп, кеш кетеді. Әрі суық. Сақылдаған сары аяздарда діңіне бір адамның құшағы жетпейтін тал-теректер суықтан қақ айырылып құлап, өзен-көлдердің бетін жапқан мұз шатырлай жарылып жатады. Бірақ онысына бола біз қысқа қабақ шытып, ренжіп көрген емеспіз. Біле білген кісіге қыс қызығы жаздан бетер. Екі бетіңді аязға шымшылатып жүріп, сырғанақ тепкенге не жетсін, шіркін! Төбеден төмен қарай шанамен зымырағанда өзіңді бейне бір ғарыш кемесінде келе жатқандай сезінесің. Ал шаңғы-коньки тебе білсең, қыспен тіпті қоштасқың келмей қалады.  Бір көшенің балалары жиналып, бір атаның баласындай татулықпен қардан Аяз ата жасап, аққала соққанның өзі балдәурен балалықтың нағыз ойын базары емес пе?!

Көлден ойық ойып, қыс-тыгүні балық аулағанның өзі бір ғанибет емес пе?! Қақпан құрып, қоян-қарсақ аңдыған саятшылықтың ләз-заты көлге телміріп, балық аулағаннан әрмен. Ағаңа ілесіп, қансонарда құмай ертіп, аңға шыққан ше? Оның хикая-қызығы мың бір ертегіге  жүк  болары  хақ.

Қыс түсе, желтоқсан айы басталар-басталмастан біздің ауыл-аймақта соғым сою басталады. Соғымға көбіне сиыр малы мен жылқы, ішінара түйе сойылады. Соғым сойған үй сол күні нән қазан қуырдақ қуырады. Әне, сол соғым қуырдақтың дәмін айтсаңшы! Оның дәмін татқан да арманда, татпаған да арманда. Соғым жылына бір рет сойылатындықтан, соғымның қуырдағын да жыл бойы аңсап, қыстың түсуін асыға тосып жүресің.

Біздің жақ – орманды аймақ. Тура ауылдың іргесінен басталатын шоқ тоғайлар бірте-бірте ит тұмсығы өтпейтін ну орманға айна-лады. Әйтпесе, әйгілі халық әнінің «Жайықтың жағалауы жағалай тал» деп шырқалуы әсте тегін бе? Біздің орманда ағаштың ақтерек, көктерек, үйеңкі, шегіршін, тал, тораңғы дейсің бе, әйтеуір неше түрі бар. Есесіне шырша жоқ. Мәңгі жасыл шыршаның хош жұпар иісін біз тек Жаңа жыл мейрамында ғана сезінеміз.

Бәлкім, біздің бір Жаңа жылды қарсылап тұрып, келесісін аңсай күтетіндігіміздің тағы бір себебі осы шығар.

Қой, қыс қызығын сөзбен айтып тауысамын деп, босқа әлектенбейін. Одан да достар, биылғы қыс былтырғыдан бетер қызық болсын деп тілейік! Жаңа жыл жақсылыққа жомарт, қуанышқа мырза жыл болғай!

Бақытжан Ғабдуллин

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале