15.02.2024, 10:00
Оқылды: 27

Қаржы бөлінгенімен, нәтиже неге жоқ?

Облыстық мәслихатта өткен қоғамдық кеңестің отырысында мәслихаттың «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

663437c6-6b4d-4fa4-bbb8-0c542d379ef2

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиевтің баяндауынша, 2024 жылға арналған облыстық бюджет жергілікті атқарушы құрылымдардың ұсыныстарымен нақтылануда. «Түсімдер бойынша – 30,1 млрд теңге, соның ішінде өзіндік түсімдер – 9,6 млрд теңге, жыл басынан бергі бюджет қаражатының бос қалдықтары 20,5 млрд теңге шамасында қаражатты бөлу қарастырылуда. Жалпы бөлінетін қаражат шамасы – 30,4 млрд теңге. Өзгерістерді ескерсек, облыстық бюджет 469,9 млрд теңгені құрайды», – деді Н. Есенғалиев.

Бөлінетін қаражатты мына салаларға бағыттау жоспарланған: әлеуметтік салаға  – 6,7 млрд, оның ішінде денсаулық сақтауға – 2,8 млрд, білім беруге – 2,5 млрд, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке – 1,4 млрд теңге. Шығыстардың негізгі бөлігі 50  санитарлық автокөлік, Орал қаласының №6 қалалық емханасына арналған ғимарат, Ақжайық, Қаратөбе және Бәйтерек аудандарының 5 медициналық пунктіне арналған модульдік құрамалар сатып алуға (1,9 млрд теңге) жұмсалады. Азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен және олардың елді мекеннен тыс жерлерде емделуін (тегін және жеңілдетілген жол жүруін) қамтамасыз етуге – 731,6 млн теңге, облыс мектептерінде интернет желісінің жылдамдығын арттыру және локальды желіні жүргізуге 434 млн теңге бағытталады. Ақжайық ауданының Базартөбе ауылындағы мектеп ғимаратын, Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйін және Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрын күрделі жөндеуді аяқтауға – 369,5 млн теңге, Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылының дәрігерлік амбулаториясының, Бөрлі ауданы Қарағанды ауылы фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысын аяқтауға, Қаратөбе ауданы Үшағаш ауылының медициналық пункті мен Бөрлі және Қаратөбе аудандарының 2 денсаулық сақтау нысанына арнап сыртқы инженерлік желілер салуға – 1,1 млрд теңге, Жаңақала ауданында (дене шынықтыру спорт кешені) блоктық-модульдік ғимарат сатып алуға  280 млн теңге бөлу қарастырылады.

Ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер қатынастары және қоршаған ортаны қорғауға 2,5 млрд теңге, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянды организмдеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды және жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жүргізуге  179,9 млн теңге бөлу қарастырылуда. Аудандық ветеринариялық стансаларға және орман шаруашылығы ұйымдарына автокөліктер сатып алуға 1,1 млрд теңге бағытталады. Ақжайық, Бөрлі, Жәнібек, Теректі, Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарындағы 11 су қоймасын зерттеуге, Бөкей ордасы, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарындағы кен орындарының жерасты суы қорын қайта бағалау мақсатындағы барлау жұмыстарын аяқтауға 204 млн теңге бөлу көзделген. Орман шаруашылығының орман алқаптарын химиялық және биологиялық өңдеуге, санитарлық тазалау жүргізуге, құрғақ ағаштарды кесуге және орман өрттерін ерте анықтау мақсатында 10 бейнебақылау камерасын орнатуға  109,2 млн теңге бөлу жоспарланған. Ақжайық ауданы аумағындағы Жайық өзенінің, Орал қаласының Деркөл өзені жағалауларын бекіту құрылыстарын аяқтауға, осы ауданның Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесін қайта құруға, Теректі ауданындағы Жайық-Шалқар арнасына Жайық өзенінен су айдау арқылы  қайта құруды бастауға 817,5 млн теңге бағытталады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына 5,9 млрд теңге бағытталады. Соның ішінде негізгі бөлігі жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер төлеуге, аудандар мен Орал қаласына тұрғын үй сертификаттарын беруге, Казталов ауданының мамандарына қызметтік тұрғын үй сатып алуға 564,1 млн теңге қарастырылуда. Теректі ауданының Подстепный ауылындағы көппәтерлі 2 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға  – 230,8 млн, Жаңақала ауданының Жаңақала ауылының, Теректі ауданының Тоқпай ауылдарының аумағын абаттандыру  құрылыстарын аяқтауға 303,5 млн теңге бөлінбек. Орал қаласы коммуналдық шаруашылығының 4 нысанын қайта жаңартуды аяқтауға және жалғастыруға – 1 млрд, Теректі және Қаратөбе аудандарындағы 6 су құбырының құрылысын аяқтауға – 936 млн, Казталов ауданы Ақпәтер ауылында электр желілерін салуға – 142,4 млн, Зашаған кентінде жөндеу-өндірістік база құрылысын бастауға 100 млн теңге бағыттау жоспарда бар. «Батыс Қазақстан электр желілері компаниясы» ЖШС-ның жарғылық капиталын толықтыруға, яғни арнайы техника сатып алуға – 2 млрд теңге, 12 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға және сараптама жүргізуге 576 млн бөлу ұсынылды.

Көлік инфрақұрылымын қаржыландыруға 5,3 млрд теңге бағытталды. Мұның ішінде автожолдарды ағымдағы жөндеуге және күтіп ұстауға, Жол активтері сапасы ұлттық орталығы көрсететін қызметтер мен жұмыстарға  – 462,5 млн, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бөкей ордасы, Сырым, Теректі және Бәйтерек аудандарының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуге 1,9 млрд теңге бөлінеді. Орал қаласында қиыршықтасты асфальт жайластыра отырып, қызмет көрсетілетін аркаға және 4 жолаққа жүктеме өлшеу кешенін орнатуға – 268,9 млн, Барбастау-Ақжайық-Индер автожолын қайта жаңғыртуды аяқтауға  2,6 млрд теңге бөлу көзделуде.

Бюджетті нақтылау мәселесіне қатысты облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, кәсіпкер Бақытжан Нұрбаев ақылы жолдардың стандартқа сай келмейтінін айтты. «Күн сайын Погодаевтан 15 жүк көлігімен саз балшық тасымалдаймыз. Балама жол жоқ, соған қарамастан оны ақылы етіпті. Құрылысқа қажетті керамзит өнімдерін шығарамыз. Осындайдан құрылыс материалдары қымбаттайды. Сәйкесінше құрылыс, үй құны көтеріледі. Ақша санайтын төрт арканы орнатуға қаржы бөлінбек. Ал жолды стандартқа сай сала алмайсыздар», – деп ренішін білдірді Б. Нұрбаев. Қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы  жолдардың жол жиегінен төмен салынуына байланысты жолдың көлкіген шалшық суға толатынын, жолды жиектен жоғары тұратындай етіп салу стандартын сақтауды талап ету қажеттілігін көтерді. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов арканың Селекционный жақтағы көпірдің алдына қойылатынын, оның ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағын есептеп, көлік иесіне автоматты түрде айыппұл жіберетін мүмкіндігі болатынын түсіндірді. Сол арканың қойылуымен ауыр көліктердің шаһарға кіріп-шығуы азаяды. «Жол құрылысының жобалық құжаттамасы жасалып, сараптамаға жіберер алдында мамандардың қатысымен техникалық кеңесте талқыланады. Сондықтан жол құрылысы саласында тәжірибелеріңіз болса, кеңеске қатысып, жөн сілтеуіңізге болады», – деді Тілепберген Ерсайұлы. Бұдан әрі облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов ақылы жолдар қатарына облыстық жолдардың кірмегенін, тек республикалық Тасқала-Орал, Самара-Шымкент жолдары ақылы болып отырғанын көпшілікке хабарлады. Облыстық жолдарды ақылы ету жоспарланбаған. Енді  жөндеуден өткен жолдардың барлығы күтіп-ұстауы сапалы болу үшін біртіндеп ақылы жолға айналады. Мысалға, Орал-Атырау жолы жөнделеді. Содан кейін ақылы болмақ. Жолға ақы төлеу жүк көліктеріне ғана қатысты мәселе. Жол ақылы болу үшін балама жол болуы керек деген талап жоқ көрінеді.

– Мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын арттыруға, локальды желіні жүргізуге 434 млн теңге бағытталады. Жасыратыны жоқ, сессияларда интернетті жақсартуға деп үнемі қаржы бөлеміз. Бөлінгелі отырған қаржыға қандай шаруа жасалады? Мамандарды тыңдасақ, бәрі керемет секілді. Балаларды мектепке тасымалдауға 34 млн теңге қаралған. Өткенде Жаңақала ауданында өткен облыс әкімінің есебі кезінде Жаңақазан әскери бөлімшедегілер мектепке бала тасымалдайтын көлік мәселесін шешуді сұрады. Сол шешіле ме? – деп сұрады қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов. Бұл сұраққа білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бисенбек Насимуллин жауап берді. Басшы барлық мектептің интернетпен қамтылғанын, бірақ стандарттарының өзгергенін тілге тиек етті. «Интернет жылдамдығы  секундына  20 Мбит кем болмауы тиіс, бізде 10 Мбитке дейін. Әр кабинетке кіріп таралған сайын интернет жылдамдығы азаяды. Осыдан да сабақтар сапалы интернетпен қамтылмай отыр. Сұрап отырған соманың жартысы ғана бөлінетін болды. Барлық мектепті локальды желімен қамтуымыз керек. Қазір интернет уайфай желісі арқылы тарап тұр. Компьютер, интерактивті тақтаға интернет жылдамдығы жетіспейді», – деген Б. Насимуллин бөлінетін қаржының 160 мектепті сапалы интернетпен қамтуға жететінін айтты. Екінші сұраққа байланысты Т. Каюповтың айтуынша, әскери бөлімше балаларын мектепке тасымалдауға басқа көздерден қаржы қарастырылып, сол қаржыға автобус сатып алынып, мектеп теңгеріміне берілмек.

Қоғамдық кеңес отырысында өзге де маңызды мәселелер қаралды. Соның бірі – Сырым ауданының кейбір елді мекендерін тарату жөнінде мәселе бойынша аталмыш аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповтың хабарламасы тыңдалды. Кеңес мүшелері ауданның тұрғын саны 50-ден аспайтын елді  мекендерін тарату, оларды жақын маңдағы елді мекендердің құрамына қосу туралы ұсынысты мақұлдады. Шолақаңқаты ауылдық округінің Сегізүй елді мекенін осы округтегі Тоғанас ауылының, Жосалы округінің Кеңащы, Былқылдақ елді мекендерін Қоңыр, Бұлдырты ауылдық округінің Жарқамыс елді мекенін Бұлдырты, Сарыой ауылдық округі Қызылтаң елді мекенін Шағырлыой, Жаңақоңысты Көздіқара, Жетікөл ауылдық округінің Ақоба, Қарақұдық елді мекендерін Жетікөл ауылдық округінің Қосарал  ауылдары құрамына қосу құпталды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале