2026 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Халық Кеңесі» туралы Конституциялық заң жобасы бойынша баяндама жасады.

Өз сөзінде Ерлан Сәрсембаев заң жобасы жалпыұлттық диалог, қоғамдық қатысу және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарына негізделген қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының заманауи институционалдық моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретіндегі құқықтық мәртебесі бекітіліп, оның мақсаттары, міндеттері, қызмет қағидаттары, сондай-ақ өкілеттіктері, құрылымы мен қалыптастырылу тәртібі айқындалады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайтын және олардың функцияларын қайталамайтын, ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге арналған алаңға айналады. Кеңестің жоғары органы ретінде Сессия айқындалады, ал сессиялар аралығындағы қызметті тұрақты алқалы орган – Төралқа қамтамасыз етеді. Сонымен қатар комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру көзделеді.
Заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдар мен коммерциялық емес сектордың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің теңгерімді әрі тең өкілдігі көзделеді.
Қазақстан Халық Кеңесінің негізгі өкілеттіктеріне ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөніндегі бастамаларды көтеру, қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауға қатысу жатады. Бұл ретте барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болып, мемлекеттік билік жүйесімен тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесіне Астанада дәстүрлі түрде өткізілетін және конфессияаралық диалогтың беделді халықаралық алаңы болып саналатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру және өткізу функциясын беру ұсынылады.
Бұдан бөлек, заң жобасында Кеңестің азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен республикалық әрі өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимыл тетіктері бекітіледі.
Конституциялық заңды қабылдау қоғамдық қатысу тетіктерін одан әрі дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес қабылданатын мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі