Қазақстандық ғалымдар тірек-қимыл аппаратының аурулары мен жарақаттарын хирургиялық жолмен емдеуге арналған отандық медициналық импланттарды әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: DenMinPR
Жобаны Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің мамандары компьютерлік модельдеу, материалтану және 3D-басып шығару технологияларын ұштастыра отырып жүзеге асыруда. Бүгінде омыртқаға арналған трабекулярлы кейдж, жамбас және бұғана сүйектерінің сынықтарын бекітетін арнайы пластиналар мен бекіткіштер жасалып, зертханалық сынақтан өтуде.
Сонымен қатар ғылыми орталықта ірі буындарды эндопротездеу кезінде операцияны 3D форматта дәл жоспарлауға мүмкіндік беретін екі роботтандырылған хирургиялық жүйе іске қосылған. 2026 жылы робот көмегімен эндопротездеу технологиясына ресми түрде оң баға беріліп, бұл әдісті отандық клиникаларда кеңінен енгізуге ғылыми негіз қаланды.