2025 жылы Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды. Бұл жобалардың іске асырылуы өңірлердегі экономиканың дамуына жаңа импульс береді, сондай-ақ отандық және шетелдік туристер ағынын арттыруға және аталған жобалар жергілікті тұрғындарды қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
Фото: gov.kz
Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалы – объектінің өткізу қабілеті жылына 2,5 млн-нан 14 млн. жолаушыға дейін ұлғайды. Отандық авиакомпаниялар Air Astana, SCAT, Qazaq Air, Fly Arystan Қазақстанның 19 қаласынатұрақты ұшуды орындайды. Халықаралық әуе қатынасын әлемнің 26 елінде 50 бағыт бойынша 30 шетелдік авиакомпания орындайды.
Шымкент қаласы әуежайының жаңа терминалының - өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн. жолаушыға дейін. Жаңа терминал халықаралық әуе маршруттарының санын 10-ға, рейстерді аптасына 24-ке дейін арттырды. Джидда, Медина (КСА), Доха (Катар), Фукуок (Вьетнам) және Пхукетке (Тайланд) әуе қатынасы ашылды.
Қызылорда қаласының «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайының - өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 2 млн. жолаушыға дейін өсті. Бүгінгі таңда Қызылорда қаласынан 25 ішкі рейс бар.
«SKYHANSA» қазақстан-германдық компаниясымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында қуаты сағатына 500 адамға дейінгі жолаушылар терминалын, сыйымдылығы 550 000 тоннаға дейінгі отын қоймасын, жүктерді 250 000 тоннаға дейін толық өңдейтін жүк терминалын салу, әуе кемелеріне қызмет көрсету авиациялық-техникалық орталық құру бойынша жоба іске асырылуда. Сондай-ақ 300-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құра отырып, халық үшін туристік және сауда, ойын-сауық қызметтерін дамыту жоспарланған.
Қазақстанда жыл сайын әуе тасымалы 10-15% артып отыр. 2024 жылы қазақстандық авиакомпаниялар 15 миллионға жуық адамды тасымалдады, әуежайлар 30 миллион жолаушыға, оның ішінде шетелдік авиакомпаниялар мен азаматтарға қызмет көрсетті. 2024 жылы жүк тасымалы көлемі - жылына 28 мың тоннаға ұлғайды, - делінген көлік министрлігінің хабарламасында.
Отандық компаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшаққа толықтырылуда. Бүгінгі күні әуе кемелерінің саны - 102 ұшақ.
Қазақстаннан халықаралық әуе қатынасы 31 елмен (Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия, Беларусь, Әзірбайжан, БАӘ, Сауд Арабиясы, Катар, Иран, Оман, Египет, Кувейт, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Таиланд, Моңғолия, Камбоджа, Малайзия, Мальдив аралдары, Шри-Ланка, Түркия, Ұлыбритания, Германия, Италия, Нидерланды, Польша, Чехия) аптасына 582 рейс жиілігімен 117 бағыт бойынша орнатылды.
Қазақстанның әуежайларында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Жерүсті қызметінің қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсету, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды сүйемелдеу бойынша тұрақты арнайы оқудан өтеді. Амбулаторлық көтергіштер, мүгедектер арбалары, соқырларға арналған тактильді плиткалар мен дыбыстық навигация жүйелері бар.
Еліміздің халықаралық әуежайларында ана мен балаға арналған бөлмелер, валюта айырбастау пункттері, пошта байланысы, сымсыз интернет бар. Сондай-ақ онлайн тіркеу процесін жылдамдату үшін бірқатар әуе компаниясы мобильді қосымшаларды енгізген. Көрсетілетін қызметтер барлық санаттағы азамат үшін сапаны және қолжетімділікті арттыруға бағытталған.
Қазақстанда ұшу қауіпсіздігі халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 82% құрайды. Бұл — ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткіш. Дания мен Польша сияқты Еуропа Одағы елдерімен салыстыруға келеді.