ҚР Экономика министрлігінің мәліметінше, S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтеріп, болжамды «Тұрақты» деп бағалады.

Фото: presseconomy
Агенттік шәкілі бойынша мұндай жоғары деңгейге 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіліп отыр. Бұған дейін елдің тәуелсіз кредиттік рейтингі «BBB-» деңгейінде болған еді. Агенттік сарапшылары бұл оң шешімді ел экономикасының орнықты дамуымен, әртараптандырудың жалғасуымен және жинақталған сыртқы әрі фискалдық буферлердің жеткіліктілігімен түсіндіреді.
Агенттіктің бағалауынша, әлемдік тауар нарықтарындағы баға ауытқушылығына қарамастан, еліміздің экономикасы сыртқы сын-қатерлерге төзімділік танытып отыр. Сарапшылардың болжамынша, 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,1%-ды құрап, Қазақстан мұнай экспорттаушы елдер арасында жоғары өсім қарқынын көрсетеді. Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ арқылы инфрақұрылым мен шикізатты өңдеу жобаларын қаржыландыру болашақта инвестициялар деңгейін ЖІӨ-нің 30%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге агенттік банк секторының макроэкономикалық күйзелістерге орнықтылығын және реттеу саясатын жетілдіру арқылы активтер сапасына төнетін тәуекелдердің төмендегенін атап өтті.