3.09.2026, 10:15
Оқылды: 12

Берекелі Бөрлінің еңбекқор жастары

Бөрлі ауданы Ақсу мен Успен ауылдарында биыл ғана шаруаның тізгінін ұстап, жерден несібесін іздеген жастардың еңбегін оқырман назарларына ұсынбақпыз.

image-31-08-26-12-05

Жаңадан басталған істің машақаты көп. Бірақ еңбек бар жерде – береке бар. Өз қолымен жер игеріп, өнім алып, кәсібін дөңгелетіп жүрген жастардың әрқайсысының өзіне үлгі боларлық еңбек жолы бар. Ауылдың бүгінгі еңбегі – ертеңгі берекесі. Олай болса, ауыл жастарының еңбегіне бірге көз жүгіртейік!

Ауданымызға қарасты Ақсу ауылында тұратын Эльдар Мамбетқұлов – өз еңбегімен жер телімін алып, бау-бақша егіп, жылыжай шаруашылығын қолға алған азамат. Қазір төрт соттық жылыжайынан қияр алып, өнімін сатып, кәсібін біртіндеп дамытып келеді.

image-31-08-26-12-04-1

600 түп қияр – 2,5 тонна өнім

Төрт соттық жылыжайға Эльдар 600 түп қияр отырғызған. Еңбегінің нәтижесінде бір айдың ішінде 2,5 тоннаға жуық өнім алған.

– Қиярды 350 теңгеден тапсырамын. Көтерме бағасы 400 теңге шамасында. Бір айда 2 жарым тоннадай қияр алдық. Әрине, бұл оңай келген өнім емес. Күнделікті күтім керек. – дейді Эльдар.

Жылыжайдағы жұмыстың өзіндік машақаты бар. Өсімдікті уақытында суару, күтіп-баптау, өнімін жинау – күн сайын атқарылатын жұмыс.

– Жылыжайды күнде қарап отыру керек. Бір күн қарамай кетсең де, өзіңе білінеді. Өсімдікке уақытында күтім жасасаң, ол да өнімін береді. Жердің де, еңбектің де қайтарымы бар, – дейді шаруа.

Эльдар дайын кәсіпті күтпеген. Өз еңбегімен жер телімін алып, өз қаражатына бау-бақша егуді бастаған. Ол үшін ауылда кәсіп жасауға ең алдымен ниет керек.

– Өзіміздің жеріміз тұрғанда, оны пайдаланбай бос қалдырғымыз келмейді. Қолдан келгенше өзіміз еңбек етіп, өнім алуға тырысамыз. Ауылда тұрып та нәпақа табуға болады, – дейді ол.

image-31-08-26-12-04

Қиярмен қатар – құлпынай

Биыл Эльдар шаруашылығын тағы бір бағытпен толықтырды. Құлпынай өсіруді қолға алды. Құлпынайдың отырғызылатын түптерін Алматы мен Шымкенттен алдырады.

– Құлпынайды биыл бастап жатырмын. Көшеттерін Алматыдан, Шымкенттен алдырамыз. Әзірге тәжірибе жасап көріп жатырмыз. Жақсы нәтиже болса, көлемін де көбейткіміз келеді, – дейді Эльдар.

Яғни шаруа бір өніммен шектеліп қалмай, шаруашылығын әртараптандыруды көздеп отыр.

Жылыжайдағы жұмысты Эльдар жалғыз атқармайды. Оған отбасы мүшелері көмектеседі. Сонымен қатар ауылдың бір-екі жасы да қолғабыс етеді.

– Отбасымызбен бірге істейміз. Қолымыздан келгенше бір-бірімізге көмектесеміз. Ауылдың жастары да келіп, қолғабыс жасап тұрады. Еңбекке араласқан жастарға да тәжірибе болады, – дейді ол.

image-31-08-26-12-04-3

Еңбектің жемісі – табыс

Бүгінде Эльдар үшін төрт соттық жылыжай – жай ғана жер емес, отбасының нәсібін арттырып отырған шағын кәсіп. Өз еңбегімен жерді игеріп, өнім өндіріп, оны саудаға шығарып отырған азаматтың ісі ауылдағы өзге жандарға да үлгі.

- Бастысы – еңбек ету керек. Бірден көп ақша тауып кетемін деп ойламау керек. Аздан бастап, біртіндеп көбейткен дұрыс. Еңбек етсең, нәтижесін міндетті түрде көресің, – дейді ақсулық шаруа.

Эльдардың кәсібі – ауылда отырып-ақ еңбекпен табыс табуға болатынының бір көрінісі.

Жер бар, мүмкіндік бар. Ал оны тиімді пайдалану – адамның өзіне байланысты.

Төрт соттық жылыжайдан 2,5 тонна қияр алып, енді құлпынай өсіруді қолға алған Эльдардың жоспары да үлкен. Бастысы – бастаған ісін тоқтатпай, кәсібін одан әрі дамыту.

image-31-08-26-12-04-2

Тайпақ емес, бұл - Ақсу қарбызы

Өңірдің қай жеріне барсаңыз да, «Тайпақтың қарбызы» дегенді естисіз. Дәмі қарбызымен танылған Тайпақтың өнімі бүгінде өзіндік брендке айналған. Ал биыл бақша өнімдерімен Ақсу ауылының да аты атала бастады. Бәлкім, енді «Ақсу қарбызы» деген жаңа бренд қалыптасып келе жатқан шығар?!

Ақсу ауылының тұрғындары Ниязбек Мұханбет пен Серік Кенжиев – арнайы шаруа қожалығының иелері емес. Қарапайым ауыл азаматтары. Мемлекеттен берілген 7 гектар жерді тиімді пайдаланып, биыл бақша шаруашылығына бел шеше кіріскен.

Еңбек еткен адамға жер де өз несібесін береді. Азаматтар 7 гектар алқапқа қияр, қауын және қарбыз тб бақша өнімдерін еккен.

Биылғы еңбектің алғашқы жемісі – 5 тонна қияр. Қазір қиярдың сатылымы аяқталған. Өнімді халыққа қолжетімді бағада – 250-300 теңгеден өткізген.

Ал қазір алқапта қарбыздың науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалардың айтуынша, 90 тоннаға жуық қарбыз өсірілген. Оның 20 тоннасы сатылып үлгерген.

Ең қызығы – өнім тек Ақсу ауылының айналасына ғана емес, басқа аудандарға да жол тартуда. Ақсудың қарбызы Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым аудандарына және облыс орталығына жөнелтіліп жатыр. Сатып алушылар бақша басынан-ақ өнімді көтерме бағамен алып кетуде. Демек, Ақсу алқабындағы өнімге сұраныс бар. Қауыннан да құр алақан емес. Биыл шаруалар 3 тонна қауын еккен. Қазір өнімнің сатылым бағасы – келісіне 300 теңге.

Ауылдағы мұндай тірлікке қарап, «Еңбек етсең, жер де жомарт» деген сөздің мәнін түсінесің. Арнайы шаруа қожалығын құрмай-ақ, мемлекет берген жерді игеріп, өз еңбегімен өнім өндіріп отырған Ниязбек пен Серіктің шаруасы – ауылда еңбек етемін деген адамға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.

Бақша өсіру – тұқымды жерге тастап қоя салатын оңай жұмыс емес. Оған уақыт, күтім, маңдай тер мен табандылық қажет. Ал оның қайтарымы – піскен өнім.

Бүгінде Ақсуда өсірілген қарбыздың бірнеше ауданға және облыс орталығына жөнелтіліп жатқаны да – осы еңбектің нәтижесі.

Тайпақтың қарбызы елге танымал бренд болса, Ақсудың да өз қарбызы қалыптасып келе жатқан жоқ па? Бәлкім, алдағы уақытта, «Ақсу қарбызы бар ма?» деген сөзді жиі еститін шығармыз.  Әзірге бір нәрсе анық: Ақсу ауылында жер бос жатқан жоқ. Еңбек бар, өнім бар, береке бар.

Успеннің қияры сұраныста

«Успеннен келетін қиярлар қысқа тұздауға өте жақсы. Түрі де, сапасы да көңілден шығады» дегенді қарапайым халықтан жиі еститінбіз. Осы сөздің мәнісін білмек болып, біз де Успен ауылындағы шаруамен айналысып жүрген азаматтардың бірі Аслан Молдашевпен хабарластық.  Биыл алғаш рет егін шаруашылығына ден қойған Аслан Маратұлы «Беріш» шаруа қожалығымен бірлесіп, 4 гектар жерге қияр, қызанақ, қарбыз және қауын еккен.

 Алғаш рет қолға алған

«Беріш» шаруа қожалығы өткен жылы бұл алқапқа картоп еккен. Биыл шаруа қожалығы еңбекқор Аслан Маратұлына қолқа салып, бірлесіп еңбек етуге шақырған.

Жер телімі мен техникаларын ұсынып, шаруаны бірге жүргізуге мүмкіндік берген. Ал егістіктің күнделікті жұмысының басы-қасында Асланның өзі жүр.

– Биыл алғаш рет қолға алып отырмын. Шаруа қожалығы бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Жерін, техникаларын берді. Содан бастап осы жұмыстың басы-қасында жүрмін, – дейді Аслан.Төрт гектар алқапқа қияр, қызанақ, қарбыз бен қауын егілген. Егістікті суаруда тамшылатып суару әдісі қолданылған. Қазір қияр науқаны аяқталған. Ал одан қалған өнім мен тәжірибе – шаруа үшін биылғы жылдың басты нәтижелерінің бірі.

3,7 тонна қияр сатылды

Аслан шамамен 3700 келі қияр сатып, еңбегінің алғашқы жемісін көрген. Өнімді дүкендерге өткізбей, тікелей қарапайым халықпен бөліскен. Қиярдың бағасы бастапқыда 250 теңгеден басталып, кейін нарықтағы бағамен шамалас 300 теңгеге дейін көтерілген.

– Дүкендерге өткізген жоқпыз. Қарапайым халыққа саттық. Қиярды алып жатқан адамдардың көңілінен шықты. Қысқа тұздауға да жақсы болды, – дейді шаруа.

Таңмен басталатын еңбек

 

Егін шаруашылығында жұмыс таңмен басталады. Егістіктің жайын бақылау, суару, техника мәселесі, өнімді жинау – бәрі де шаруаның мойнында.

– Таңмен басталатын жұмыс әрі қызық, әрі қиын. Шығыс болмай, кіріс болмайды. Жанармайың бар, техникалардың жөндеуі бар. Шығын шамамен 2 миллион 200 мың теңгедей  болды, – дейді Аслан.

Шаруаның айтуынша, әзірге барлық шығын толық өтелді деп айту қиын. Дегенмен еңбектің нәтижесін көрудің өзі үлкен қуаныш.

– Қазірше шығыным толық орнын жаппаған болар. Бірақ еңбектің жемісін көргенде көңіл қуанасың. Еңбек етсең, жер өз өнімін береді, – дейді ол.

Алғашқы жыл – үлкен тәжірибе

Биылғы жыл Аслан үшін алғашқы тәжірибе жылы болды. Бір алқапқа бірнеше түрлі дақыл егіп, олардың күтімін, шығынын, өнімділігін өз тәжірибесінен өткізді.

Ал қиярдан алған 3,7 тонна өнім – алғашқы еңбек жолындағы аз олжа емес.

Ауыл шаруашылығының берері де, үйретері де көп. Бастысы – еңбек пен төзім.

Успеннің қиярына халықтың сұранысы бар екені байқалады. Ал сапалы өнімнің артында таңмен тұрып, егістік басына аттанатын шаруаның маңдай тері жатыр.

Бір жылдық еңбек – бір күндік табыс емес. Бірақ жерге төгілген тердің өтеуі қашанда бар.

P/S Ауылдың берекесі – жерінде, жердің берекесі – еңбекте. Ал еңбек еткен адам үшін туған жердің әрбір пұшпағы – мүмкіндік.

                                                                                                               Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале