31.05.2019, 17:40
Оқылды: 202

«ҚазИИТУ» үздіктер қатарында

 

XXI ғасыр – жаңа инновациялық технологиялардың, жасанды  интеллект, жасыл энергетика, роботтық техника, космос, блокчейн, нано және биотехнология заманы.

фото1

Ғылым мен білім адамзат баласына қанат бітірді, ғаламат істерге бастады, ғажайып жаңалықтар ашты. Осы бағытта «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені аймақтың индустриялық-инновациялық дамуына, өндіріске жаңа технологияларды енгізуге және инновациялық  жобаларды жүзеге асыруға қабілетті мамандар даярлау бағытында ел игілігіне қызмет істеуде. Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева, Сергей Ершов, Мұрат Бақтиярұлы, Ерболат Мұқаев, Гумар Дюсембаев «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде болып, ғылым мен инновациялық процестер дамуының үлгісін көрсеткен оқу орнының жұмысына  оң  бағаларын  берді.

Фотолар Газетке -2019

«Тамырсыз тал болмайды, тарихсыз ел болмайды» дегендей, 26 жыл ішінде білім ордасы өз жетістіктерімен еліміздегі іргелі оқу орындарының біріне айналды. 1993 жылы 25 сәуірде Бремен қаласында (Германия) «Софитваре – Тренинг – Систем» фирмасының бас менеджері К. Рейман мен «Эксперимент» кәсіпорнының директоры А. Әйтімов Қазақстан-неміс бірлескен кәсіпорны «Андас» оқу орталығын құру туралы келісімшартқа қол қойды. Яғни еліміздің басты мақсаттарының бірі –  дамыған 30 мемлекеттің қатарына енудің алғашқы қадамдары жасалынды, халықаралық стандарттарға сай IT-технология саласында мамандар даярлау жұмысы басталды. «Андас» оқу орталығы Мекленбург шаруалар одағымен (Германия) бірлесе отырып, Франкфурт қаласында «Агротехника – 94», Гюстров қаласында «Агротехника – 95» халықаралық көрмелерге қатысты. Ұлыбританияның Білім департаменті келісімшарт негізінде әлемдік бизнес жөніндегі құнды оқу құралдарымен кітапханамызды қамтамасыз етсе, Біріккен ұлттар ұйымы «Амбрелла» білім беру жөніндегі және Капустин Яр сынақ аймағындағы жарылыстардың экологиялық зардаптарын зерттеуге бағытталған бағдарламаларды жүзеге асырды. Сонымен қатар Швейцария техникалық ғылым академиясы қорының энергия, су, жылумен қамыту саласына жаңа технологияны енгізу жобалары, АҚШ-тың Нью-Джерси, Колорадо, Пенсильвания қалаларының білікті мамандары Альберт Дарпино, Томас Балдвин Рансон, Эллен Рансонмен тәжірибе алмасу өз нәтижелерін берді. 2007 жылдан бастап, Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін жұмысшы кадрларын даярлау жөніндегі халықаралық қазақ-норвегиялық жобасы негізінде жұмыстана отырып, Норвегияның ақпараттандыру орталығымен  (Ставенгер қаласы) бейнеконференциялар өткізуге мүмкіндік  алдық.

Бүгінгі таңда бұл кәсіпорын көп салалы «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешеніне айналды және құрамына Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін, халықаралық цифрлық технология, сәулет және құқық колледжін, республикалық жоғары  техникалық колледжін, халықаралық бизнес және коммуникация колледжін, «Транс» және «ЭкоЖержоба» ғылыми-зерттеу институттарын біріктіреді.

Жаңа үлгідегі кешенде білім берудің үздіксіз үш деңгейі: мектеплицей – колледж – университет  жаңа жүйесі қалыптасты. Бұл  жүйе сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған мемлекеттің бірыңғай білім беру стратегиясын жүзеге асыруда.

Тарих қойнауына аттанған 2018 жыл білім мен ғылымды, жастарды  тәрбиелеу ісінде жаңа жетістіктерге қол жеткізген білім ордасы үшін жағымды жаңалықтарымен  есте қалды.

Фотолар Газетке -2019-3

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті мен «Рейтинг» тәуелсіз агенттігі тараптарынан аттестация мен аккредитация сынақтарынан сәтті өтіп, 5  жыл мерзімге  жолдама алды.

Ғылым мен инновацияға жастарды кеңінен тарту, оларға қолдау көрсету – академик А. Әйтімовтың басты ұстанымы. «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде өзі басшылық жасайтын Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік ғылым академиясының облыстық филиалының, П. Кузнецов атындағы тұрақты даму ғылыми мектебінің, «Ноосфера» студенттер технопаркінің, Ұлттық инженерлік ғылым академиясының жастар қанатының құрылуы, сонымен бірге ядролық зерттеулер орталығындағы Дубна мемлекеттік университеті және басқа да ғылыми-зерттеулер институттарымен тығыз байланыстар өз жемісін беруде. Ғалымның басшылығымен «Жасыл энергетика» бағытында «Батыс Қазақстан облысында жел қуатын пайдалану барысындағы мәселелер мен жаңғыртылатын қуат көздері» атты ғылыми жоба «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде көпшіліктің көңілінен шықты. Кейін бұл жұмыс Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған кезекті әлемнің ғалым инженерлер конгресінде өз жалғасын тапты.

Ғылым, білім саласында және қоғамдық жұмыстарда Ақсерік Сарыұлының өлшеусіз еңбегі жоғары бағаланып, жалпыхалықтық дауыс беру арқылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атануы оқытушы-профессор ұжымына үлкен  серпіліс әкелді.

Алғаш рет Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің негізінде Повольже телекоммуникациялар жүйесі және ақпараттандыру мемлекеттік университеті, Уфа мемлекеттік техникалық ұшақтар және А. Туполев атындағы Қазан ұлттық зерттеу техникалық университеттерімен бірлескен «Техника және телекоммуникациялар технологиясының мәселелері» атты XIX халықаралық конференциясы ғалымдар, мамандар  тарапынан жоғары бағаға ие болды.

«Еуразиялық өзенаралық: білімнің салтанат құруы, прагматизм және бәсекеге қабілеттілік», Жастар жылы аясында ұйымдастырылған «Инженерлік ғылым, жастар және ғарыш – Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық байланыстардың инновациялық дамуының негізгі факторы» атты халықаралық ғылыми форумдарына ҚР Президенті жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеу институты атынан әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Л. Нұрқатова, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті А. Төлешев, Ресей инженерлік ғылым академиясының бірінші вице-президенті  В. Никулин, 2019 жылғы Нобель сыйлығына үміткер, академик Сухейль Фарах, Мемлекеттік Думаның білім және ғылым комитетінің мүшесі Л. Орлова, Ресей ғарыш федерациясы президентінің кеңесшісі П. Гудим, «Генералдар кеңесі» РҚБ төрағасы Р. Қайдаров, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік және Хьюстон университеттерінің (АҚШ) профессоры Ю. Афонин қатысып, ғылыми жетістіктерімен бөлісті.

Студент жастардың ғылыми әлеуетін арттыру мақсатында ҚР Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық жастар ғылыми ортасы құрылды. Қазіргі таңда тиісті құжаттар, жас ғалымның ережесі, сауалнамасы жасалуда. Сонымен бірге жастар инженерлік академиясының бірінші сиезін өткізу жоспарлануда. Оқу орны мамандар дайындауға қажетті оқытушы-профессор құрамымен, тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. IT-технологиясы негізінде құрылған Хай-тек, роботтық техника зертханалары, күн, желден энергия алудың ашық алаңы, гелиоэлектромобиль, баламалы энергияны пайдалану және басқаларын ерекше айтуға болады. Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыздандыру, автоматтандыру, ақпараттық жүйелер, радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандықтары бойынша зертханалық негізі толықтырылып, өңіріміздегі ірі телекоммуникация, байланыс мекемелерінде практика өткізу жүйелі қолға алынды.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізінде «Университеттегі виртуальды білім беру ортасы: оқытушы-профессор құрамының  ақылды жұмыс орны»  атты ғылыми  жоба жүзеге асырыла бастады. 2019 жылы ақпан-сәуір айларында білім ордасының ұжымы Жастар жылына орай Атырау, Ақтөбе және Ақтау қалаларында болып, «Ұлы даланың жастары – мәңгілік елдің болашағы» атты ғылыми-инновациялық негіздегі білім, ғылым және өнер саласындағы жетістіктерімен  бөлісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге алғаш ресми сапарында «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметі және ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына  ерекше мән берді.

Ғарышқа алғашқы талпыныс, жаңа зымырандарды сынау Нарын құмынан басталып, кейін Байқоңырда жалғасқаны баршаға мәлім. Осы орайда университет ғалымдары аталмыш оқиғаларға тарихи баға беру мақсатында Ю. Гагарин атындағы Ресейдің ғарышкерлер даярлау орталығымен байланыс орнатып, осы орталықта «Союз ТМА-16» экипажының мүшесі А. Айымбетовтың   ғарыштан оралуына байланысты батыр ғарышкер Т. Мұсабаев, елшілік өкілдері, Ресей және әлемдік ғарыш саласының конструкторлары қатысқан салтанатты жиында академик А. Әйтімовтың «Батыс Қазақстанның ғарыш тарихы» атты кітабының тұсауы кесілді. Ал әлемге танымал ғарышкерлер А. Арцебарский мен Г. Стрекаловтың жұбайы Л. Стрекалованың Ақ Жайық өңіріне келуі, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ұжымымен кездесуі жастарға үлкен ой салды. Ғарыш саласы бағытында техникалық пәндер кафедрасының профессоры А. Ибраев ионды зымыран қозғалтқыштарға байланысты өз жұмысын  табысты жүргізуде. Білім ордасында академик А. Әйтімов, профессорлар А. Ибраев, С. Кибальников, П. Харитонов, Б. Үмбетовтың  ғылыми мектептері қалыптасты. 2018 жылы университет ғалымдары әлемнің 21 мемлекетінен 700 инновациялық жобалармен қатысқан XXI Мәскеу халықаралық өнертапқыштар мен инновациялық технологиялар «Архимед – 2018» көрмесінде бас жүлдеге (гран-при) ие болып, 3 алтын және 2 күміс медальмен марапатталды. Әрине, бұл – профессор-оқытушы құрамы мен студенттердің ғылыми ізденістеріне берілген жоғары баға.

Жастарға цифрлық технология, роботтық техника – түсінікті ұғым. Республикалық жоғары техникалық колледжі осы саладағы белді мекемелердің бірі болып саналады. Колледж оқытушысы К. Әубәкірова Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазақстандық  білім беру және спорттық роботтық техника «Казроботикс» федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалына жетекшілік  жасайды. Роботтық техникадан WRO – 2016 республикалық олимпиададан 1, 2-орын, «KazRoboSport – 2016» республика чемпионы, «RoboLand-2017» ІІІ халықаралық роботтық техника фестивалінде шығармашылық категория бойынша 1-орынға қол жеткізді. 2017 жылы Ташкент қаласында Орта Азиялық «CARC» роботтық техника чемпионатында командалық есепте 2-орын, Ақтөбе қаласында «KazRoboSport – 2017» халықаралық фестивалінде С. Бекзада және А. Нұрғиса «Күрделі  жол сызық бойымен жарыс» категориясынан 1-орын алды. Сочи қаласында әлемнің 47 мемлекетінен  360 студент қатысқан халықаралық роботтық техника жарысында Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия және Европа елдерінен кейін 12-орынды иеленді. Ал Катар, Индия, Египет елдеріндегі қол жеткізген табыстарын ұжымның басты  жетістіктері деп айта аламыз.

А. Төлегенов, Д. Ғабдырахимов, Ю. Павлеченко сияқты түлектеріміз Ресейдің ядролық физика орталығындағы Дубна мемлекеттік университетінде грант негізінде информатика, инженерлік, роботтық техника салалары бойынша білім алуда. 2018 жылы «Үздік ғылыми жоба» республикалық байқауында А. Утепов пен М. Асқаров бас жүлде иеленсе, О. Есболов  І орынға қол жеткізді. Ал студент А. Айтқалиева «Үздік студент – 2018» атанып, ғарышкер Т. Әубәкіровтың қолынан диплом алды. Талапты жас «Ғылым мен Білім – 2018» ІІ орын, 2019 жылы  «Ғылым және жастар: жаңа идеялар мен шешімдер» туралы IV халықаралық студенттер мен магистранттар конференциясында  I орынды иеленді.

Студент Е. Иманмәліков «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық «Идеялар  жәрмеңкесі» атты жобаның жалпы құны 3 000 000 теңге болатын грант ұтып алса, Н. Сақтағанов Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Елбасы қоры стипендиясының иегері атанды. Бірнеше ғалымдар «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орнының үздігі» аталымын жеңіп алды.

2019 жылдың 5 сәуірінде «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің демеушілігімен жалпы қоры – 1 млн. теңге тұратын  «STARTUP KAZIITU – 2019» инновациялық жобалар қорытындысы бойынша мектеп оқушылары, студенттер сыйақылар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осындай игі іс-шарамен Ұлттық инженерлік ғылым академиясының жастар қанаты өз жұмысын бастап кетті. Сонымен бірге университет  жас ғалымдары Алматы қаласында өткізілген ENACTUS KAZAKHSAN студенттік кәсіпкерлік ұлттық кубогына қатысып, жүлделі оралды.

Тек қана 2018-2019 оқу жылында 157 студентіміз халықаралық, республикалық ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадалар мен ғылыми конференцияларға қатысты.

Халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық, халықаралық бизнес және коммуникациялар колледждерінің арасындағы академиялық ұтқырлық бағдарламасына сәйкес, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешеніне «Менеджмент», «Радиоэлектроника және байланыс» мамандықтары бойынша 14 студент келсе, Алматы қаласына ақпараттық жүйелер, аударма ісі мамандығы бойынша 13 студентіміз өз білімдерін шыңдап қайтты. Себебі болашақта телекоммуникация, роботтық техника, биотехнология және басқалары баршаға қолжетімді құралға  айналатыны сөзсіз. Бұл бағыттағы ізденіс жұмыстарымыз жалғаса бермек.

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешені құрамындағы «Транс» және «ЭкоЖерЖоба» ғылыми-зерттеу мекемелері менеджмент ИСО – 9001 халықаралық стандартының иегерлері. Қарашығанақ кәсіпорны игеруші «ҚПО б. в.» компаниясының тапсырысы бойынша 50-ден астам жобаларды орындап шықты. Олардың ішінде «МТУ-400 қондырғысындағы газ алауын тазалауға арналған кешенді қондырғылар», «Қоршаған ортаға өндіріс қалдықтарымен ластанудың сапалық және сандық құрамына сараптама жасау», құрылыс алаңдары мен құбыр жолдарын жобалау және тағы да  басқаларын айтуға болады.

Кешеннің түлектері өндірістің барлық саласында табысты еңбек етуде. Мониторинг қызметінің мәліметтері бойынша оқу орнын бітірушілердің жұмысқа орналасуы 75-80%, ал техникалық мамандықтар бойынша 90%-ға жуық. Ол туралы ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының 2018 жылғы жүргізген бағалау нәтижелері негіз бола алады. Сараптама қорытындысы бойынша университетіміз республикадағы жоғары оқу орындары арасынан оқу бағдарламалары: құрылыс материалдарын өндіру – 2, экология – 5, бағалау – 7, автоматтандыру жүйесі – 8, радиотехника, электроника және телекоммуникация  жүйесі – 9, аударма ісі – 14, экономика мамандығы бойынша 19 орынға ие болды.

Ал 2019 жылғы сараптама бойынша университет 20 үздік жоғарғы оқу орындарының құрамына еніп, 13-орынды иеленді, соның ішінде құқықтану факультеті еліміздегі жоғарғы оқу орындарының арасында 5-орынды  иеленіп, заңгерлік бағытта маман кадрларды дайындауда үздік деп танылды. Бүгінгі таңда аталмыш заң факультетінде 42 оқытушы білім береді. Кафедрада 7 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты, 9 магистрі, 6 аға оқытушысы қызмет жасайды.

Өңірдің ірі кәсіпорындары («Орал трансформатор» зауыты, «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы», «Батыс Қазақстан машина жасау» компаниясы АҚ, «Қазақтелеком» ҰАҚ және т. б.) заманауи  материалдық-техникалық базаларын ұсынып келеді, ол жерде университеттің кафедралары мен оқу орталықтарының филиалдары жұмыс істейді.

Кәсіпорындардың жетекші мамандарымен бірлесе бітірушінің құзыреттілік моделі жасалды және  мамандықтардың жаңа өзекті білім беру бағдарламалары әзірленуде, жыл сайын элективті пәндер каталогтары келісілді. Бұл жұмыста білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша еуропалық елдердің (Германия, Польша) тәжірибесі қолданылады. Академиялық ұтқырлық аясында Ресейдің Мәскеу облысындағы «Дубна» табиғат, қоғам және адам халықаралық университетінің магистратура бөлімін бітірген сегіз маман университетке жұмысқа орналасты. Бүгінгі таңда біздің жолдамамен 53 жас бакалавриат және магистерлер білім алуда. Альметьев мемлекеттік мұнай институтында 25 студент, Поволжье телекоммуникациялық жүйелер және информатика  мемлекеттік  университетінде 20 студент бакалавриат бағдарламасына сәйкес білімін жетілдіруде.

Жалпы білім мен ғылым саласында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті  70-тен  астам, соның ішінде Ресей Федерациясы, Норвегия, Румыния және Австрия елдерінің жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарымен ғылыми байланыс орнатты. Соңғы жылдары әріптестік байланыста Варна қаласындағы Ч. Храбра атындағы университетімен (Болгария), Жоғары экономика мектебімен (Польша), Sungkonghoe university` (Оңтүстік Корея), Білім орталығымен (Дюссельдорф, Германия), Белорусь ұлттық ғылым академиясының генетика және биотехнология институттарымен   толықты.

Ғылымды өндіріспен ұштастыру – ғалымдардың  басты міндеті.

Осы тұрғыда, білім-ғылым кешенінде баламалы қуат, табиғи ортаны қорғау технологиялары, құрал-жабдық жасау, биотехнология секілді инновациялық жобалар іске асырылуда. Бұл бүгінгі таңдағы сапалы білім берудің мазмұнын жаңартуға көмектесуде. Студенттеріміз білім мен ғылымды, мәдени-спорттық шаралармен қатар алып жүр. «ҚазИИТУ» құрамасы  Астана, Атырау, Орал қалаларының және облыс әкімдерінің, сонымен бірге Көңілді тапқырлар алаңы «КТА» Жайық, Башқұртстан (Уфа қ.), Татарстан (Қазан қ.) лигаларының   бас жүлделеріне  ие болды.

Жас ғалымдарымыз бен мамандарымыздың әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында 5 қабатты 36 пәтерлі «Жас ғалымдар кампусы» қолдануға берілді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай түрлі саладағы 60-тан  астам  мамандық жойылып, 180 жаңа мамандық пайда болады деп күтілуде.             Осыған орай интеллектуалды ұлттың негізі – инновациялық, е-commerce және smart технологияларын меңгерген заманауи мамандар даярлау, ұлттық және тарихи сананы бойына сіңірген жастар тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз болып қала бермек. Сонда ғана біз әлемдік  бәсекеге қабілетті ел бола аламыз.

Ә.Баяхов,

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ректоры

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале