25.01.2021, 15:16
Оқылды: 109

Қолдау болса, мүмкіндік те зор

Денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектелген жандар да бүгінгі қоғамда еңбек етіп, кәсіп ашып, оқу-білімнен қол үзген емес. Олардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар негізінде іске асуда.

2BCF0FB6-F7A1-4875-AE75-E6C6CB9AB58A

Тағдырдың пешенеге жазуы ма, бірі туа сала, бірі оқыста мүгедек атанған, мүмкіндігі шектелген жандардың басты құралы өздеріне деген сенім, мықты ерік-жігер десек, артық айтқандық емес. Орал қаласындағы «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Батпақұлова да әр адамның өмірі өз қолында екенін айтады. «Елімізде олар оқимын десе де, жұмыс істегісі келсе де жағдай жасалған. Яғни мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек өздері мақсат қойып, алға ұмтылулары керек. Алайда біздің қоғамда «маған көмек бер» деп жан-жақтан көмек күтіп отыратын мүгедектер, солардың арқасында өмір сүретін отбасылар да бар екені қынжылтады. Отбасындағы мүмкіндігі шектеулі жанды қоғаммен байланыстырмай, үйден шығармай ұстайтындар да кездеседі. Әрине, бұл дұрыс емес. Адам белсенді, өз-өзіне деген сенім болуы қажет. Қазір қоғамда мүмкіндігі шектеулі жанның сырт-қы кескін-келбетіне қарамайды, керісінше олардың жұмыс сапасына мән береді», – дейді Гүлмира Батпақұлова. Бірлестік төрайымы мүгедектерге берілген мүмкіндіктермен қоса, оларға қолжетімсіз қызметтер де бар екенін айтты. Мәселен, қазір жаңадан салынған кейбір бизнес нысандары мен дәріханаларға, шаштараз бен моншаларға, дүкендерге  кіріп-шығуда қиындық бар.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызмет көрсетеді. Оның жұмыс істеуіне мемлекет тарапынан мол қаражат бөлінеді. Алайда менің ойымша, инватакси қажет емес. Себебі ол мүгедектерді шектейді, яғни дискриминацияға жол береді. Мәселен, бұл көлік мүгедек қоғамдарына, мүгедектермен жұмыс істейтін мекемелер мен орталықтарға керек. Оны жылына бірнеше рет пайдаланады. Яғни мүгедек онымен бір ғана мекенжайға барып, кері үйіне келеді. Қаланың басқа жерлеріне бара алмайды. Бұл – шектеу деген сөз.

Сондықтан осындай жағдай болмас үшін, сосын мүгедектерді өзгелерден бөлмеу үшін инва-таксидің орнына әлеуметтік-қоғамдық аутобус шығарса деймін. Олар қолжетімді, мініп-түсуге ыңғайлы,  ықшамаудандарға қатынаса, инватаксиге қарағанда көбірек пайдалы болар еді.

Жүргізушілердің көбі мүмкіндігі шектеулі жандарға қалай көмек көрсету керек екенін білмейді, сондықтан оларды оқыту керек, – дейді Гүлмира Батпақұлова.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру жане әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Миргүл Құрманбаеваның сөзінше, соңғы жылдары мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болды. Олардың әлеуметтену деңгейін арттыру мақсатында техникалық көмекші құралдармен, яғни протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифло құралдар, санаторий-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекші мен ымдау тілі маманы көрсететін қызметтермен қамтамасыз етілген.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық оңалту құралдарының тізімі (ОТҚ) соңғы үш жылда 32-ден 55 атауға дейін кеңейтіліпті. Бүгінде 8584 мүгедек арнайы техникалық көмекші құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен 1909,0 млн. теңгеге қамтамасыз етілген. 2015 жылмен салыстырғанда, қамтамасыз етілген мүгедектердің саны 64%-ды құрайды.

– Мүгедектердің құқықтарын әлеуметтік қорғау жүйесінің басты принципі – оларды  қоғамға етене араластыруға жағдай жасау. Сол арқылы оларды тыныс-тіршіліктің барлық саласына қосу болып табылады. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарында қолжетімді орта құру қажет. Оның басты тетігі – мүгедектер үшін бірінші кезекте маңызды нысанды паспорттау және оларды бейімдеу. 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы құрылымдар 1124 нысанда бейімдеу жұмыстарын жүргізді. Бұл қызмет 2016 жылмен салыстырғанда 75%-ға артты. Қазір Орал қаласының марш-руттарында жеңіл арбалармен жүретін мүгедектердің мініп-түсуіне бейімделген едендері аласа 60 аутобус қызмет көрсетуде. Бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда бейімделген аутобустардың саны 27 %-ға өсті, – дейді Миргүл Әбуханқызы. Оның сөзінше, мүгедектігі бар жұмыс істейтін және оқитын адамдарға 38 инватакси қызмет көрсетуде. Соңғы бес жылда олардың саны 13%-ға артқан екен. Осы орайда aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылғанын айта кеткен жөн. Аталмыш цифрлық жобада оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы, оларды алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқарту көрсетілген.

Елімізде жұмыс орындарында мүгедектер үшін 2-4 пайыз мөлшерінде квота қарастырылады. Бос жұмыс орындары әр меке-медегі қызметкерлердің санына байланысты анықталады.

Яғни 50-ден жүзге дейін қызметкері бар жұмыс орны екі пайыз, 101-ден  250-ге шейін үш, 250-ден астам қызметкері бар кәсіпорындар 4 пайыз квота белгілей алады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын-да мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басым құқық берілген. БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Анар Амантаеваның сөзінше, 1 желтоқсанда жұмыспен қамту құрылымдары арқылы 610 еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азамат жұ-мыспен қамту шараларына тартылыпты. Соның ішінде 478 адам тұрақты және уақытша жұмысқа тұрған. Облыста мүгедектерге арналған жұмыс орнын құру үшін субсидиялау тәжірибесі  қолға алынғанын айту керек.

Осы бағытта Теректі ауданында бір жұмыс орны құрылған екен.

Яғни жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі жанға жұмыс орнын жасақтап, қажет құралдарын алып береді. Оған кеткен  шығынды үкімет қайтарып береді.

Мүмкіндігі шектеулі  жандардың мүмкіндіктері жөнінде айтқанда, білім саласына да тоқталып өткен жөн. Мәселен, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» сәйкес интернат-тық ұйымдарда тәрбиеленуші ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, мүгедектерге және бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға мемлекеттік қолдау бар. Яғни білім беру ұйымының интернатында тұратын орын, жабдықтар мен киім-кешек, тамақ, оқулықтар мен медициналық көмек беріледі. І, ІІ топтардағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар арасынан шыққан азаматтарға кәсіптік білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім ошақтарына оқуға түсу кезінде 1 пайыз мөлшерінде квота бөлінеді. Бүгінде облыста 4013 бала инклюзивті біліммен қамтылған, яғни барлық ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар санының 68,1%-ын құрады. Оның 11,4%-ы мүгедек балалар.

Әлеуметтік саланың ахуалы кімнің болса да, әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ғана емес, барлық азаматтың игілігін көздейді. Десек те, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану да ынта-ықыласты қажет етеді.

Өткен жылы аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) көрсетілген әлеуметтік қолдау:

• Атаулы әлеуметтік  көмек (АӘК) – 5 167 отбасына, оның ішінде 24 735 адамға, 1 260 көпбалалы отбасыға 5 658 балаға 1 809,0 млн. теңге;

• Кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер – АӘК алушы отбасылардағы 1- ден 6 жасқа дейінгі 5 068 балаға 355,1 млн. теңге;

• Тұрғын  үй  көмегі – 2 044 отбасына 49,1 млн. теңге;

• Үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек – 452 отбасына 36,0 млн. теңге;

• Жергілікті өкілетті құрылымдардың шешімі бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде 27 048 отбасына 1 099,7 млн. теңге берілді.

• Төтенше жағдай кезінде (2020 жылдың наурыз-мамыр, шілде-тамыз айлары) облыста санаттар бойынша көмек алушы 41 982 адамға  945,9 млн. теңгеге төлемдер жасалды.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале