19.10.2023, 10:00
Оқылды: 58

Қоян қысы: қапысыз қамданыс қажет

Күрең күздің де бел ортасынан астық, алда қаһарлы қыстың хабаршысы саналатын  қарашаның төбесі қылтияды. Оның артынан қазақы жыл санауда төртінші тұрған қоян қысы кірмек. Шығыс жылнамасына қатысты деректерде сол қалқан құлақ он екі түрге бөлінсе, биыл жылдың еншісіндегі өте сирек кездесетін қара су қояны. Көнекөздер болжамынша мұндай қыс қарсыз һәм қара суық болып келеді-мыс. Әрі шығар кездегі тепкісі де тегеурінді деседі. Жалпы қоян қысына қатысты хикаяттар жетіп-артылады. Күнелтісін малмен айырып отырған ауыл қазағының ерте мазасыздануы сондықтан болса керек. Оның үстіне кей аймақтардағы жазғы қуаңшылық, одан қалса, ен даланы еркін жайлаған киіктен келген кесел бұл үрейді үрлей түскендей... 

ортасына

Қаратөбе ауданының Сулыкөл ауылындағы «Жәйлеш» шаруа қожалығының тракторшысы Алтынбек Рахметов

Сонымен, шаруашылықтардың һәм шаруа қожалықтарының аязды да боранды шаққа қамданысы қалай, жем-шөп қоры жеткілікті ме, «кәрі құда» ұзақ жатып алса, қосымша қор жасақталған ба? Көкейдегі осы тектес өзге де сауалдарға жауап алмақ ниетпен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы кеңсесіне бас сұқтық. Алынған мәлімет бойынша, қолда қалатын 1 млн 121,4 мың шартты мал басына 2 млн 126,1 мың тонна шөп, 242,1 мың тонна жем қажет. Мұның сыртында 8,5 мың тонна сүрлем мен 6,6 мың тонна пішен дайындау міндеті тұр. Төрт түлікті тарқата айтсақ, 2280 орында 847,3 мың ірі қара, 1371,7 мыңдай қойешкі, 303,7 мың жылқы және 2,6 мың түйе қыстайды. Қазіргі күнге дейін орақ ізі түскен 4 млн 293,2 мың га шабындықтан 1 млн 751,3 мың тонна пішен (орташа түсім 4,1 ц/га) дайындалып, жоспар 82,4%-ға орындалған. Былтыр осы мерзімде 2 млн 277,3 мың тонна (117,4%) мая-мая шөп үйілсе, шаруаға жайлы болған қыс соңында 570,2 мың тонна мал азығы үнемделіпті.

Иә, басқарма басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің сөзінше, биылғы жағдай әр жерде әрқалай. Әлгінде айтқан қалдық шөпті қоса есептегенде ғана көрсеткіш 2 млн 323,5 мың тоннаға (109,3%) жеткен. Бөкей ордасы (2,0 ц/га), Жәнібек (2,8 ц/га) және Жаңақала (4 ц/га) аудандарында өнімділік облыстың орта көрсеткішінен де төмен. Жалпы бір орама табиғи шөптің өңірдегі бағасы - 3000-8000 теңге аралығында құбылып тұр. Бір қуанарлығы, аталған үш ауданнан басқаларында ішкі қажеттілік біркелкі қамтамасыз етіліпті. Десек те, іс басында жүргендер қуаңшылыққа қоса, өзі болар-болмас шабындық пен жайылымды отар киік отап кеткеніне қынжылуда. Ендеше, бір басқарманың ғана емес, аймақ басшылығының бақылауында тұрған оңтүстік бағыттағы бірқатар ауданның жағдайын баяндай кеткен артық болмас.

Жәнібек: ауылдық округтердегі 1 орама (250 кг) шөптің құны 5000 теңге болса, аудан орталығы тұрғындарына жет­кізіп беру – 6000. Мұнда кішкентай төк 500-600 теңгеден сатылуда. Айта кетелік, Жәнібекке мал азығы Тау мен Борсыдан тасымалданса, Күйгенкөл ауылдық округіне Тау мен Ақобадан жеткізілуде. Бұл жерлердегі төк бағасы – 600 теңге.

Жем мәселесі де шешімін тапқан. Жергілікті кәсіпкерлер қазірдің өзінде Ресей Федерациясының Палласовка, Новоузенск және Питерка аудандарынан 850 тоннадай жем әкелсе, сұрағандарға тоннасын 65-75 мың теңгеден өткізуде.

Бөкей ордасы: Нарын өңірінде шөп шабу әлі тоқтаған жоқ, қожалықтар қырлық пен құмнан ораққа іліккен жерді тырмалап жатыр. Тапсырысқа сай бір орама (250 кг) – 7000, бір тюк 700 теңгеден тасымалдануда. О бастан топырағы сортаң, шабындығы сұйық Саралжын ауылдық округіндегі ағайынға іргелес Ұялы округі мен Казталов ауданынан көмек берілуде. Ұялыда мал азығы негізінен құмнан дайындалып жатса, ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жәнібектіктер өздерінен артылғанын қоңсы қонған бисендіктерге ауыстыруда. Енді жем жайына келсек, Саралжын мен Ұялы ауылдарында 1 қабы (25-28 кг) – 2200 теңгені құраса, аудан орталығында 2700-3200 теңге шамасында. Әзіргі мәлімет бойынша аудан халқына 220 тонна жем сатылған.

дала

Жаңақала: көктемдегі су тасқыны кезінде 22180 га көлтабандарға тіршілік нәрі жетіп, бұл жерлердегі орташа түсім 10 ц/га құрапты. Соның нәтижесінде 22,2 мың тонна шөп дайындалған. Ауданда бір орамашөп құны (250 келі) тасымалдау шығынымен 6000-7000 теңге болса, шабындық алқап басынан өз күшімен алушыларға 5000 теңгеден берілуде. Қуаңшылық зардабы көбірек тиген Мәстексай мен Жаңақазан ауылдарының тұрғындарына да мүмкіндігінше көмек беріліп жатқанын естідік. Мұның сыртында үш шаруа қожалығы Тасқала мен Бәйтерек аудандары аумағынан шөп шауып, оны межелі жерлерге тасымалдауда екен. Айтқандай, аудан орталығында төрт жерде жем сату ұйымдастырылып отырса, бір шаруа қожалығы биыл келісті қойма салған. Жем бағасы (25-28 келі) – 1500 теңге, қазіргі күнге дейін барлық сатылғаны – 1,7 мың тонна.

Қош, сонымен қылышын сүйреткен қыс – қыр астында.

Біз жоғарыда Табиғат-ана берген ырыздық-несібе туралы сөз сабақтадық, ал екпе шөптің жағдайы нешік? Қолда бар сандық дерекке сүйенсек, биыл облысымызда барлығы 6,24 мың га алқаптың егіні жарамсыздықтан есептен шығарылса, оның 1,3 мыңы қыс «көтерме­ген» күздік егіс. Бұл ретте киіктің тигізген кеселі және бар. Қысқасы, осы жылғы малазықтық дақылдар көлемі 188,8 мың гектарды құраса, соның ішінде 167,5 мың га көпжылдық шөптен 87,1 мың тонна, 19,6 мың га біржылдық шөптен 19,6 мың тонна және 1,7 мың га сүрлемдік жүгеріден 7,9 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ егін шаруашылығы мен мал азығын дайындауға өтінім берген 1245 шаруашылық иелері 9739,5 тонна арзандатылған жанар-жағармайға қол жеткізіпті.

Түйінсөз: қапысыз қамданыс қана қоян қысының қиындықтарын еңсеруге һәм сындарлы шақта сүрінбеуге жол ашары хақ. Шаруа адамының бүгінгі қам-қарекеті де соған бағытталғандай, іске сәт дейміз біз оларға.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале