Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесі Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне ресми түрде табысталды.
«Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты салтанатты шараға қатысып қайтқан Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев «Күй атасы Құрманғазы» атты бір айлық көрме жұмысын бастағанын айтты. Бұл салтанатты шара - Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлескен жобасы.
- Батыс күйшілік өнері дегенде есімі алғаш болып аталатын Құрманғазының қолына ұстаған қара домбырасының көшірмесі мен күйші-композитордың шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы музейге салтанатпен табысталды. Күйші бабаның Ресейдің Астрахан облысы Алтынжар ауылындағы «Құрманғазы атындағы мәдени орталық» қорында сақталып келген домбырасының көшірмесін батысқазақстандық домбыра шебері Едіге Нәбиев жасады. Шебер домбыраның дәл өлшемдерін алып, көшірмесін жасауға бір жыл уақытын жұмсады, - дейді Мирболат Бижанұлы.
Көрмеге Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Дина Нұрпейісованың қамзолы, ХІХ ғасырға тиесілі шекпен мен зергерлік бұйымдар қойылған. Сондай-ақ Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Құрманғазының мылтығы және шәкірті Дина Нұрпейісованың белбеуі де Алматыдағы осы көрмеге жеткізілді.
-Көрменің мақсаты – Құрманғазы шығармашылығын, домбырасын, шәкірттерінің мұрасын, халыққа қалдырған күй мұрасын жинақтай отыра насихаттау, дәріптеу, жаңғырту, ұрпақ санасында сақтауға барынша үлесімізді қосу. Шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова, Құрманғазы бабамыз өзі жатқан Астрахан облысынан, Атырау облысынан делегациялар қатысты. Бауыржан Байбек құнды жәдігерлерді қабылдап алып, ұлттық мәдениетті ұлықтауда шараның маңызына мән берді. Күйші домбырасын жасаған домбыра шебері әрі күйші Едіге Нәбиев Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжановтың «Қоштасу» күйін орындап, тарихын таныстырды,-дейді музей басшысы Мирболат Ерсаев.
Құрманғазының домбырасы табысталған Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде қазір Махамбет, Біржан сал, Сүгір, Есбай, Қазанғап, Абай, Ақан сері, Жамбыл сынды ұлы тұлғалардың домбыралары сақталуда.
Нұрлыбек Рахманов
zhaikpress.kz