16.08.2021, 9:32
Оқылды: 643

Құрылысы мардымсыз мердігерлер сынға ілікті

Жаз мезгілінде қай өңірде болмасын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, қызу тіршілік нышаны байқалады. Ауданымызда да білім беру нысандары мен тұрғын үйлердің, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кірпіш көтерген техника мен сылақшының қимылы байқалғанымен кейбір құрылыс нысандарының жұмысы баяу. Бұл ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиевтің де назарына ілікті.

20210813084906_IMG_9386

            Өткен апта соңында ауданға келген өңір басшысының орындасары Сарықұдық, Жалпақтал, Жұлдыз, Қоныс, Казталов ауылдары мен елді мекендеріндегі құрылыс нысандары мен жол жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Ол алдымен 2019 жылы іргетасы қаланған Сарықұдық ауылындағы 60 орындық білім ордасының құрылыс жұмыстарын көрді. Аталған мектеп құрылысының қазіргі таңда іргетас құйылып, қабырғаларын қалау жұмыстары толықтай аяқталған. Ішкі жұмыстарының да 80 пайызға жуығы атқарылған. Ғимарат аумағын абаттандыру ісі мен спорт залдың құрылысы да басталған. Дегенмен облыс әкімінің орынбасары құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуші мердігер – «RealInvestStroi» ЖШС мемтехникалық қадағалаушы – «ЖанаКонсалтинг» ЖШС өкілдеріне құрылыс жұмыстарының сапасы жөнінде ескертпелерін атап өтті. 1300 шаршы метр аумақты қамтитын нысан құрылысы 2019 жылы басталғанымен, қаражат мәселелеріне байланысты өтпелі нысан болып 2020 жылдың қазан айында «Жұмыспен қамту жол каратсы» бағдарламасы аясында толық қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарына қатысты сын Жалпақтал ауылындағы екі қабатты тұрғын үйдің құрылысы мен мердігер «Жайық Сити» ЖШС жүргізіп жатқан Байқоңыр көшесіндегі №1,2 және 3 жер телімдеріне орналасқан 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің аумағын абаттандыру жұмыстарына да айтылды. Өңір басшысының орынбасары Темірхан Жалғасұлы мен БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев абаттандыру жұмыстарына өзгерістер енгізу қажет екендігін, тұрғын үйлерде тұратын отбасылардың әлеуметтік жағдайы ескерілу керектігін атап өтті.

            Мұнан соң аймақ басшысы орынбасарының жұмыс сапары Жұлдыз ауылында жалғасын тапты. Құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан мектептің құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында басталғанымен әлі күнге дейін іргетасын қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2,25 гектар жер телімінде салынып жатқан, 1 536,28 шаршы метр аумақты қамтитын ғимараттың құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер «Алау-құрылыс» ЖШС. Мердігердің жұмысына ауыл тұрғындарының да көңілі толмай отыр. Оны жергілікті қоғамдық кеңес мүшесі, қоғамдық бақылаушы Өтеп Төлеу ағамыз жеткізді.

            -Біз балаларымыздың сапалы білім алғанын қалаймыз. Мектеп салынады деп жар салып, ақ түйенің қарны жарылғанымен, қуанышымыз көпке бармады. Себебі құрылыс жұмыстары өте жай жүргізілуде. Соңғы төрт айда ешқандай жұмыс байқалмады. Оған қоса құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар да айлықтарын алмағанына біраз уақыт болды. Ал мектеп 2021 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілу керек. Қазіргі бағытымен биыл аяқталмайтындығы анық. Бұған құзырлы органдардың берер жауабы қандай?, - деген сауалын жеткізді. Тұрғындардың сауалына БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің берген жауабы мынадай:

            -2019 жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде атыраулық компания «Алау-құрылыс» ЖШС өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта мердігерге 30 млн теңге қаржы берілді. Жылдың аяғына дейін жұмыс жүргізіліп, мектеп пайдалануға берілу керек еді. Дегенмен құрылыс жұмыстары толыққанды жүргізілмей, мердігер өз міндетін орындамай отыр. Мектеп құрылысына қатысты тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Білім ордасы келер жылы пайдалануға беріледі деген сенімдеміз.

20210813124021_IMG_9461

            Казталов ауданында нысандардың құрылысымен қатар жол жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Соның бірі Казталов ауылдық округіне қарасты Қоныс елді мекенінің жол жөндеу жұмыстары. Аймақ басшысының орынбасары Қоныс ауылына да табан тіреп, жол сапасын назарға алды.

            Аудан орталығындағы құрылысы тұралап тұрған дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 12 пәтерлік екі қабатты екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары және жуырда аудан тұрғыны Нұрлан Құсайынов сынға алған Алма Оразбаева атындағы жалпы білім беретін мектебінің құрылыс жұмыстары да Теміржан Жалғасұлының назарына ілікті. Мерзімі 12 айға жоспарланған аудан орталығындағы екі қабатты қос тұрғын үйдің құрылысы баяу жүргізілуде. Бұған жауапты мердігер «Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС-нің қымсынатын түрі жоқ. 24 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы қашан аяқталатыны белгісіз. Дегенмен мердігерге қатысты тиісті шара қолға алынатыны анық.

20210813123058_IMG_9450

Ал Алма Оразбаева мектебінің құрылыс алаңында тіршілік нышаны байқалғанымен жұмысы баяу. Жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС-нің жұмысы да сынға алынды. Сондай-ақ Нұрлан Құсайыновтың жазбасы да назарға алынып, облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев орын алған олқылықтарды қалпына келтіру керектігін тілге тиек етіп, жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктеді. Сонымен қатар өңір басшысының орынбасары аталған құрылыс алаңында ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындардың пікірі назарға алынып, тілге тиек еткен нысандардың құрылысна қатысты нақты шешімдер қабылданатындығын жеткізді. Бұдан бөлек аймақ басшысының орынбасары өткен жылы пайдалануға берілген Казталов ауылындағы Шарафутдинов көшесі бойындағы 12 пәтерлік тұрғын үй, Жалпақтал ауылындағы Байқоңыр көшесіндегі 12 пәтерлік екі тұрғын үйдің де сапасына назар аударып, жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екенін және құрылыс жұмыстары жауапкершілікті талап ететіндігін айтты.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале