8.11.2023, 16:45
Оқылды: 0

30 жылда жолдағы апаттан 83 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наурыз Сайлаубай жүргізуші куәлігін беретін орталықтар қызметінде кемшіліктер көп екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

ЖП ЖОЛ (4)

«Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 30 жыл ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан 83 мыңнан астам қазақстандық қаза тапқан. Соңғы үш жылда Қазақстан жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының жыл сайын 6 пайызға өсіп отырғанына көз жеткіздік. Ал мұндай апаттардың 87 пайызға жуығы жүргізушілердің кінәсінен болады. Оған жүргізушілерді даярлау деңгейінің төмендігі, қарапайым жол қозғалысы ережелерін білмеу және жүргізуші куәлігін алу орындарындағы сыбайлас жемқорлық себеп. Көлік жүргізушілеріне арналған Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жемқорлыққа көп жол берілетіні көпшілікке белгілі. Байқап қарасаңыздар, осы орталықтарда жүргізу куәлігін алуға кезекке тұрғандардың қатары көбейіп жатыр. Бұл жағдайды орталық қызметкерлері әдейі қолдан жасап жатқан жоқ па? Бірнеше рет емтихан тапсыра алмағандар амал жоқтан мәселені жеңіл шешудің жолдарын іздейді. Заңды айналып өтуге тырысады. Әлбетте мұның салдары сыбайлас жемқорлыққа алып келеді. Көлік жүргізу куәлігін алу қиындап кеткені де халық арасында наразылық туғызып отыр», - деді Н.Сайлаубай Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Оның пайымынша, биыл Ішкі істер министрінің 20 шілдедегі бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру қағидаларына өзгерістер енгізілгенімен, сыбайлас жемқорлық дерегін азайту мәселесі әлі шешім таппаған.

«Жаңа ереже керісінше жүргізуші куәлігін заңсыз сатып алуға итермелеп жатқан жоқ па? Мәселен, қазан айында ғана Көкшетауда мамандандырылған орталық қызметкерлері жүргізуші куәлігін заңсыз бергені туралы дерек анықталды. Шығыс Қазақстан облысында денсаулығына байланысты көлік құралдарын жүргізуге тыйым салынған 6 адамның жүргізуші куәлігін заңсыз алғаны анықталды. Талапты күшейтіп, емтихан тапсыруды қиындата түскенмен, бұл жүргізуші куәлігінің сатылуына тоқтам болудың орнына, әлі де сол «бармақ басты, көз қысты» «қызметтің» қымбаттауына себеп болып отыр. Яғни, көлеңкелі нарықты қыздырып отыр. Ел аузында жүрген әңгімеге сенсек, қазір Астанада жүргізуші куәлігінің бағасы 280 мың теңгенің айналасында. Осыдан 4-5 жыл бұрын 60-80 мың теңгенің аралығында болған. Бұл дегеніміз «Көлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жағдайды реттеуге қабілетінің жетпей жатқанын көрсетпей ме?» деген сұрақ туындайды. Олай болса, неге осы мәселені шешу үшін өзге компанияларды жұмылдырмасқа? Бәлкім емтихан тапсыру және жүргізу куәлігін беру тетігін өзгерту керек болар? Неге осыған ашық талдау жасалмайды?», - деді депутат.

Осы ретте ол теориялық емтиханды, яғни тест сұрақтары мен жауаптарының сәйкестігін тексеріп, ал практикалық емтиханның әділ жүргізілуін қадағалауға алуды сұрады. Сонымен қатар үміткер емтиханның шешімімен келіспеген жағдайда, аппеляциялық шағым беру немесе өз нұсқасын дәлелдеуіне мүмкіндік беру жолдарын қарастыру керек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале