15.06.2024, 21:00
Оқылды: 113

Теректі ауданы: «Жас ұлан» лагеріндегі жарқын сәт

Жаз да келді! Жазбен бірге демалыстың көкесі басталып, теректілік балалар асыр салуда. Қуанышымызға орай Теректіде демалыстың неше түрі ұйымдастырылған. Балалар қала аралап сенделмейді, өзгелерге таңырқап қарамайды. Туған топырақта қызықты күндерін өткізіп, қалағанынша демала алады. Жаңа оқу жылына күш беретін аудандағы демалыс орындары қызмет көрсетуін бастап кетті.

20240615125130_IMG_7563

Нақтырақ айтсақ, бүгін Шалқар ауылында аудандық «Жас ұлан» жазғы лагерінің салтанатты ашылу жиыны өтті. Аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров салтанатты іс-шарадан ерте барып, лагерьдің жұмыс барысын көрді. Балалар шығармашылық үйінің директоры Асима Құтқожиева демалыс орталығының жұмысына кеңірек тоқталып, қызмет көрсететін бөлмелер туралы баяндады.

20240615121026_IMG_7535

- Бес мезгіл тамақ, сапалы жатын орындары, қауіпсіздік шаралары жіті бақылауымызда. Ең бастысы балалар тынығып, күндерін көңілді өткізеді. Тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылып, демалушылар өкінбейтіндей әрекет етеміз,- деді Асима Абылайқызы.

20240615125158_IMG_7567

Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Баубекұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиев, Шалқар ауылының әкімі Шынтемір Тілешжанов, аудан депутаты Руслан Сәменұлы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Нұрсұлтан Қадырғалиев қатысты.

Мемлекеттік Гимнді көк Туымызға қарап шырқаған демалушылар мен басшылар ұлттық рухты сезінді. Кейін Қалаубек Теміров құттықтау сөз сөйлеп, жазғы демалыстың сәтті өттуін тіледі. Лагерь демалушысы, Подстепный қазақ мектебінің оқушысы Дильназ Бекмырза биден шашу шашты. Шалқар ауылының жас әншісі Марғұлан Елемес «Мен қазақпын» әнін шырқаса, аға тәлімгер Аида Есенаманқызы «Бір үйдің баласындай» әнін балалармен қосыла әуелете жөнелді. Жұлдыз қыздар ортадан табылып, қатарластарына тілектерін салмақты сөздер арқылы жеткізді.

20240615130907_IMG_7592

Жасұландық Диас Жакеев «Адай» күйін орындап, қошеметке бөленді. Ашылу салтанаты лагерь биі «Аривамен» түйінделіп, балалардың көтеріңкі көңіл күйін көріп, көңіл жылып қайтты.

Ақтілек Әлібекұлы,

Теректі ауданы

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале