15.06.2024, 18:30
Оқылды: 84

Сырымда студенттік құрылыс жасақтары жұмысқа кірісті 

Сырым ауданында студенттік құрылыс жасағы жұмысын бастады. Қазіргі таңда Жымпиты, Бұлдырты, Өлеңті және Көздіғара ауылдарында үйі тасқынннан зардап шеккен тұрғындар үшін 114 жаңа баспана бой көтеруде. Құрылыс жасағындағы 50 студент жаз бойы қоныстойды жақындатуға үлес қоспақ. 

IMG-20240615-WA0056

Ауылдағы жұмыссыз жастар үшін игілікті жобаны ұсынған – “Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы.

Бүгін Жымпитыда еңбек сарбаздарын салтанатты қатарға қабылдау шарасы өтті. Шараға Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, «Ауыл» партиясы Төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов қатысты.

IMG-20240615-WA0059

- “Ауыл” партиясының жаңа жобасының Сырым ауданында бастау алғанына қуаныштымыз. Бұл жоба жастарды еңбекке баулып, халықтың мұң-мұқтажын іштен сезініп, Отанға деген сүйіспеншіліктерінің арта түсуіне оңынан әсер етеді деп сенемін. Баспанасыз қалған азаматтар жылы ұяларымен тезірек қауышуына тілектеспіз. Халқымыздың әр азаматы қолынан келгенше осы жолда қызмет етсін! - деді аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Құрылыс жасағының қарарын командир Мейрамбек Батыргереев тапсырды. Белсенді студент Әсет Мырзағалиев қатарластарын жауапты жұмыс атқаруға шақырды.

IMG-20240615-WA0054

Айта кетейік, “Ауыл” партиясының жанындағы жастар қанаты төтенше жағдай уағында халықпен бірге болды.

- Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап өңірлік партия филиалының ұжымы және «Ауыл жастары» қанатының 70 - тен астам еріктілері бөгет жұмыстарын жүргізуге, апат салдарын жоюға барынша атсалысты. Партия тарапынан еріктілер құрамы жасақталып, кең көлемде гуманитарлық көмек ұйымдастырылды. Біздің жастарымыздың бастамасымен өңірімізге екі жүк көлігімен 25 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізіліп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға таратылды, - дейді жастар қанатының төрағасы Дәурен Рахымбек.

IMG-20240615-WA0061

Жас құрылысшылар салтанатты жиыннан кейін тіке құрылыс нысандарына аттанып, жұмыс күнін бастап та кетті. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы “Ауыл” партиясының өкілдерімен бірге салтанатты кірпіш қалауға қатысты.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Сурет авторы: Айман Өтеғалиева 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале