17.04.2020, 15:57
Оқылды: 218

Мемлекет қолдауы жігерімізді жаныды

Қатерлі дерт дүние жүзіне тарала бастаған кезде-ақ елімізде сақтық шаралары қолға алынды. Соған сәйкес облыстық жұқпалы аурулар  ауруханасында ақпан айында дайындық жұмысы басталды. Әрине, аурухана бұған дейін де түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ем-дом жүргізіп келеді. Сондықтан бұл қатерлі індеттің алдын алуға бағытталған шаралар біздің қызметкерлерге қиындық тудырған жоқ.

54CCFDAB-6CDF-434B-AC4A-26799B08600A

Десек те, бас мейірбике Ләйла Нұрмұханованың ұйымдастыруымен қорғаныш құралдарын пайдалану, арнайы костюмді киіп-шешу бойынша жаттығып, кәсіби білігімізді шыңдадық. Мен ауруханада наурыздың 29-ы мен сәуірдің 11-і аралығында қызмет еткен алғашқы қауіптілігі аса жоғары топтың құрамында болдым. Оның қатарындағы 19 қызметкердің арасында екі дәрігер, бір аға мейірбике мен төрт мейірбике, бір эпидемиолог болды. Сол аралықта бізді барлық жағдайы жасалған жатақханаға орналастырды. Үйдегі бала-келінім мен немереммен хабарласып тұрдым. Қазір үйде он төрт күндік карантиндеміз. Бізден соң келесі топ қызметке кірісті.

Біз коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен тікелей байланыста  жұмыс істедік. Бұл жерде айта кететін жайт, қатерлі індет ешкімді алаламайды. Кімге болсын жұғуы мүмкін. Бірақ қорқып, байбалам салудың қажеті жоқ. Ең бастысы санитарлық талаптарды сақтап, барынша үйден шықпаған жөн.  

Мемлекет басшысының шешімімен эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайын үстеме ақы төленуде. Бұл сын сағатта бізге, менің әріптестеріме, көрсетілген қолдау, құрмет деп білемін. Сол үшін ризашылығым зор. Алайда бізге мұндай көмек болады деп ойлаған да, күткен де жоқпыз. Өйткені медқызметкер науқастарды емдеп, адал қызмет етуді өзінің міндеті санайды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдау біздің жауапкершілігімізді арттырып, ерік-жігерімізді жани түседі.

 Балсұлу Сипанова

облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының

жансақтау бөлімінің мейірбикесі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале