30.06.2022, 10:30
Оқылды: 116

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының  жеңімпаздары анықталдыБайқау қорытындысында мемлекеттік тілде жарияланған «Үздік мақала» аталымындаӘлия Серікқызы Шарапиева, (Ақжайық аудандық «Жайық таңы» қоғамдық-саяси газетінің редакторы); ресми тілде жарияланған «Үздік мақала» аталымында – Светлана Горькиевна Аманова, («Приуралье» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі); «Үздік сайт мақаласы» аталымындаСамал Жамет, («Теректі  жаңалығы»  газетінің  тілшісі) жеңімпаз атанды. Ал ынталандыру сыйлығы «Бөрлі жаршысы-Бурлинские вести» аудандық қоғамдық-саяси  газетінің  тілшісі – Сәнімгүл Меңдібайға берілді.
IMG_1535

Тұнығын  лайламайық ана тілдің

Ана  тілі  –  ұлтымыздың,  елдігіміздің  қамалы.  Тіл халықтың  ажары, базары,  бағы  екені  де  даусыз.  Сан  ғасырларға тамыры бойлаған ұлттық мәдениетіміздің шырыны  да,  салт  пен  санамыздың сәні  де,  дәстүрімізбен  ұлттық  табиғатымыздың  мәйегі  де  –  тіл. Бірақ  қазіргі  таңда  өзгелер емес,  мына  өзіміз  ана  тілдің  көркемдігін  қарабайырлатып,  тұнығын лайлап жатқандаймыз. Оған себеп көп. Осындай келеңсіздіктер бір жағынан сленг, жаргон сөздерді күнделікті қолданыста жиі  пайдаланудан туындап жатса, енді бір себебі – мамандардың өзге, көбінесе орыс тіліндегі  тіркестерді  сөзбе-сөз  аударуынан.

Соңғы кезде ғалымдардың «Қазақ тілі аударма тіліне айналып бара жатыр» деп дабыл қағуы да бәзбіреулердің алдымен мәтінді орыс тілінде жазып, артынан электронды Google-аудармашымен тікелей аудара салатындығынан, шұрайлы тілімізден балама іздеп, жан қиналтқысы  келмейтіндігінен.

Бұрында орыс досының көп көмегін көрген бір қазақ жігіті оған ризашылығын білдірейін деп алдына барса керек. Сол досымен араласып жүргенде үйренген бір-екі ауыз орысшасымен алғысын айтқысы келген ол: «Друг, я на твоей спине солнце вижу», – депті ғой. Сондағысы – «Сенің арқаңда күн көріп жүрмін» деген ойын жеткізгісі келгені. Күлкілі ме? Иә. Ал қазір осындай күлкілі жағдай орыс тіліне емес, қазақ тіліне қатысты орын алуда. Орысша тілегін айтуға қиналатын адамдар кемде-кем, қайта аударманың салдарынан мемлекеттік тіл – қазақ тілін алашұбарлатып, өзге тілдің ерекшеліктеріне бағындыру белең алып бара жатыр. Оған дәлелді көп алыстан іздемей-ақ әлеуметтік желіні бір  ақтарсаң  жеткілікті.

Күні кеше интернет кеңістігінде ресми ақпарат тарататын арнаның Telegram каналында жариялаған хабарын көзім шалды. Оқырмандар да хабардар болсын, толық нұсқаны келтіре кетейік:  «Алматы қаласында жап­пай тәртіпсіздіктер барысында содырлардың қолынан Республика алаңында қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асырған Әуезов аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы ауыр жарақат алды. Оны ереуілшілер аяусыз ұрып-соғып, оның мойнына металл арматурамен соққы беріп, мойын омыртқасын зақымдаған, сондай-ақ алған жарақаттар­дың нәтижесінде екі бүйрегі де істен шықты, оның өмірін күн сайын «жасанды бүйрек» гемодиализбен қамтамасыз етілуде. Аталған полиция қызметкері дәрігерлердің бақылауында және оған білікті медициналық көмек көрсетілуде», – делінген. Бір қарағанда, қазақтың сөздерімен жазылған, бірақ сөз тіркестері орыс тілінің заңдылықтарына бағынып тұр, яғни қазақ сөздерімен орысша сөйлеген мәтінді оқып отырсыздар. Осы мәтінді интернеттегі аудармашыға салып көргенбіз, орыс тілінде стилистикасы сауатты мәтін атып шыға келді.

«В ходе массовых беспорядков в Алматы от рук боевиков тяжело ранен участковый инспектор Ауэзовского районного управления полиции, осуществлявший охрану общественного порядка на площади Республики. Его жестоко избили забастовщики, нанеся ему удары металлической арматурой по шее, повредив шейный отдел позвоночника, а также в результате полученных травм у него вышли из строя обе почки, жизнь которого ежедневно обеспечивается гемодиализом «искусственной почки». Данный сотрудник полиции находится под наблюдением врачей и ему оказывается квалифицированная медицин­ская помощь» – міне, ақпарат мәтінінің алдымен орыс тілінде жазылып, содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылатынының нақты көрінісі.

Алғашқы мәтінде қарайтылып көрсетілген тұстарға тоқталсақ. «Қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асырған» деп сөз көбейтпей-ақ, «қоғамдық тәртіпті сақтаған» десе, ұғынықты емес пе? Ал «оның мойнына металл арматурамен соққы беріп» дегеннің орнына «мойнынан металл арматурамен соғып» десеңіз, тіл заңдылығына сәйкес  келеді. «Сондай-ақ»  – пунктуациялық қате, бұл жердегі  «-ақ» – күшейткіш демеулік шылау, сөзге тиремен емес, дефиспен жалғануы керек. «Жарақаттың нәтижесінде» дей ме? «Жарақаттың салдарынан» ғой. «Істен шықты» – «қатардан шықты» деп жазбағанына шүкір, «вышел из строя» деген тіркестің тікелей аудармасы. «Оның өмірін күн сайын «жасанды бүйрек» гемодиализбен қамтамасыз етілуде» дегенді оқығанда кәдімгідей тітіркенеді екенсің. «Оның өмірін тек «жасанды бүйрек» – гемодиализбен ғана аман сақтап отыр» деп аударса, сауаттырақ  көрінері  анық.

Осындай мысалдар көп-ақ интернет кеңістігінде. Көмек қолын созайық – протянем руку помощи, дұрысы – қол ұшын созайық. Ақпаратпен бөлісті – поделился информацией, дұрысы – ақпаратты бөлісті. Ағымдағы, үстіміздегі жыл – текущий год, дұрысы – биыл, осы жылы. Кешірім сұраймын – прошу прощения – кешіріңіз, ғафу етіңіз, коронавирус таралуы жағдайында – в случае распространения коронавируса – коронавирус тарап жатса, т.б.

«Туған күніңмен!» деп біреуді құттықтағанда, орыстардың «С днем рождениясынан» тікелей аударылған тіркес екенін тіпті де аңғармаймыз. Міне, калька тілдің шұрайын бұзатынының, таза сақталуына қатер екенінің айғағы. Осы тұста қазақтілді аудиторияны қақ жарған  «туған» және «туылғанның» мәселесі де жылт етіп шыға  келеді. Ал осының қайсысы дұрыс, қайсысы қате? Қатесі – туылған күн. «Несі қате?» деп сұрар «туылған күннің» жақтастары. Туу сөзі – өлу, бару, келу, жату сынды тек өздік етісте тұратын етістік, яғни еріксіз әрекетті білдіретін ырықсыз етістің -ыл, -іл жұрнақтары жалғанбайды. «Туылу» дейтіндер «барылу», «жатылу», «келілу» деп айта алар ма екен? Бұл қате баяғы сол орыстардың «родить», «родиться» деген сөздерінен пайда болған. Дұрысы: бала анадан туады, ана баланы табады. Түсініктірек болу үшін тағы бірнеше мысал келтіре кетсем, ән әншімен айтылмайды, әнді әнші айтады, өлең ақынмен шығарылмайды, өлеңді ақын шығарады. Әлденені өзіңмен жасамайсың ғой, оны өзің жасайсың. Сол сияқты бала анамен туылмайтынын да түсіну керек.

Бізге сенбесеңіз, «Айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан» деп тілеген халық даналығына, «Осындай боп білмеймін кімнен тудым, Бәлки, қайсақ, бәлки бір ғұннан тудым. Деп шатыпты біреулер «күннен тудым», Жоқ, сірә, мен қара құл, күңнен тудым», – деп жырлаған Жұбанға сеніңіз. Әйтпесе Мұқағали ақын «Бүгін менің ТУЫЛҒАН күнім, ой пәлі-ай» деп өлең жазбай ма?!

Қазақ тілінің байлығына, құдіретіне бас имеу мүмкін емес. Айтылар ойдың әсерін, мазмұн тереңдігін айқын көрсететін тұрақты сөз тіркестерінің өзі неге тұрады?! Мектепте қазақ тілінен беретін Зәуреш апайымыз оқушы біздерге анайылау болса да, «Төбе шашым тік тұрды» дегеннің орнына «Қолтық жүнім тік тұрды» деп айта алмаймыз ғой» деп, осылай тұрақты тіркестің құрамындағы сөздердің ешқайсысын алып тастауға, не басқа сөзге алмастыруға болмайтынын түсіндіретін. Осындай етіп ұғындыратын мұғалімдері болмады ма, болса да, сабақта қалғып-мүлгіп отырды ма – кейбіреулердің әлеуметтік желіде жазған посттарынан тұрақты сөз тіркестерін бұрмалауды көріп жатамыз. Басқа біреу айтса, шанбас едік, құбыжық тіркестерді осындай жарияланымдардан өзіміз көріп, оқып отырмыз ғой.

Мысалы, күй шеберін мадақтаған бір постта автор «аспаптың құлағында ойнайтын» деп мадақтап жіберіпті. Қазақтар тек «аттың құлағында ойнайды» деп айтады, басқа ештеңенің құлағында ойнатпаған да.

Соңғы кезде «жілігін шағып, майын ағызған (тамызған)», «көз майын ағызған» деген тіркестерді әлеуметтік желіден жиі байқаймыз. Көркем әдебиеттен хабары бар, сөздік қорының бай екенін көрсеткісі келген біреулердің шығарған жаңа тіркесі-дағы. Шебер адамға қатысты айтылатын «жілігін шағып, майын ішкен» тіркесін жаңғыртқан сықпыты шығар. Ал көз майы ақпайды, тамбайды, таусылады. Қате жазған адамдар айтылған әңгімеге қатысты «майын тамызып айтты» теңеуімен араластырып алған-ау, сірә.

Жуырда кездестірген тағы бір ақылға қонымсыз жазба – «кеш үйірілді, ымырт түсті». Кеш үйірілмейді, үйірілетін ымырт, керісінше ымырт түспейді, түсетін кеш. Тағы бірнеше мысал: қолды қылды – дұрысы: қолды болды, көкірегіне нан пісіп – дұрысы: кеудесіне нан пісіп, жеңін сыбанып – жеңін түру мен білегін сыбануды біріктіріп жіберген білгірлердің әлегі.

Тілде өзіміз қолдан жасап алған қойыртпақтың бірі – зат есімнен сын есім тудырып, одан кері қарай зат есім қып алатынымыз. Газеттің қоржынына түскен хаттарды оқығанда, осындайлар көп кезігеді. Мысалға «игі» сөзін алайық. Қарап отырсақ, жақсылықты білдіретін сын есім, соған -лік жұрнағын жалғасақ, «игілік» деген зат есім  шыға келеді. Ал біздің авторларымыздың бастапқы түбір сөзге қарамастан, осы игілікке тағы жұрнақ жалғап, «игілікті» деп жаңа сөз тудыра салатынын қайтерсің?! Мұндай тұрпайы мысалдар молынан: ізет – ізетті – ізеттілік, ақыл – ақылды – ақылдылық, өнер – өнерпаз – өнерпаздық (тіпті «өнерпаздылық» деген сөзді кездестіріп, жағамызды ұстағанымыз бар). Үсті-үстіне жұрнақ жалғағаннан, тіл байып кетпейді, қайта жұтай түсетінін қаперден шығармасақ  игі.

Тілімізді таза сақтау – ең алдымен, өзіміз үшін, ұлт үшін қажет. Біз үшін де маңыздысы – ұлттық ерекшелігімізді жоғалтпау, тарихымыздың, мәдениетіміздің, ана тіліміздің қаймағын бұзбай сақтау. Аударма жасаймыз, бай сөздік қормен мақтанамыз деп тіліміздің тұнығын лайламайық.

Әлия Шарапиева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале